Kyzylorda-news.kz Сырдария  ауданына қарасты Қалжан ахун ауылының халқы жақында игілікті істі қолға алған болатын. Анығын айтқанда, береке-бірлігі жарасқан аядай ғана ауыл тұрғындары мешіт жанынан асхана салуға ықпал етуде. Әрбір түтінін түтеткен шаңырақ орталай қаржы жинап, ауызбіршілік үлгісін көрсетуде. Әрине, «Имандылық – ізгілік негізі» екені даусыз. Жақсылық пен жарасымдылыққа негізделген бұл бастама – ел игілігі жолындағы сауапты іске айналмақ.

Бүгінде мешіт жанынан ашылатын асхананың іргетасы қаланған. Жергілікті тұрғындар асар әдісін жандандырып, бір арнаға ұйыса білген. Асхананың жалпы ауданы 6х25 метрді құрайды. Бүгінде құрылыс заттары рет-ретімен әкелінуде. Аталған жұмыстардың басы-қасынан ауыл ақсақалдары табылуда. Жастарға бас-көз болған қазыналы қарттар алдағы уақытта үлкендікішілі ас-құдайыны өткізуге арналған асхананың құрылысы сапалы салынуын мұқият қадағалайтын болады.

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деген екен. Шын мәнінде, асхана салуды ең алдымен бақилыққа аттаған әріптесіміз Кенжебек Смағұл бастаған болатын. Қашанда айналасына жақсылық жасауды үндейтін ел ағасының ісін жалғастырып жатқанымызға дән ризамыз. Жергілікті кәсіпкер Дархан Шағыров асхананы өретін ракушкасын, ауыл тұрғыны Рашид Бакуов бөренесін өз қаража­ты есебінен алып берді. Соны­мен қатар ауыл тұрғындары қолдан келгенше көмек қолын созуда. Осы іске жұдырықтай жұмыла кіріскен көпшілікке айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Қалжан ахун» мешітінің имамы Марат Әби.

Фото. turkystan.kz

Тағы да оқыңыз: