Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының шалғайдағы Шәкен өңіріне еңбегімен, мейман достығымен, қайырымды қасиетімен танылған, әулетте ағайынның басын қосып, қамқорлық танытып, ынтымақ пен ауызбірліктің ұйытқысы болып жүретін бірегей жан - ол Саймахан Көбесов! Жасының үлкендігімен ғана емес, ақыл-парасатының кемелдігімен, іс-әрекетінің ірілігімен, пейілі мен мінезінің кеңдігімен көптің көңілінен шығып, сый-құрметке ие. Біздерге үлгі, сабақ болсын деп, жас кезімізден құлағымызға құйып, айтып отыратындығы.
«Адам туған топырағына тартып туады» деген бар. Сондықтан, ең алдымен өскен ауыл-аймағым жөнінде айта кетсек. Саймахан атаның кіндік қаны тамған, дүние есігін ашқан туған жері – бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы Қаракөл қой совхозына (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) қарасты малы мен жаны қатар өскен, берекесі маңдай термен артқан Шәкен елді мекені. Тарихы терең әрі тағылымды жер. Бір жағында – айбынды Аралмен астасса, екінші жағында Қазыналы Қазалымен шектескен малы мыңдаған, шаруашылығы шалқыған, берекесі келіскен ауыл. Кезіңде совхоздар жабылып, жаппай жекешелендіру болып, фермалар тарқап, елде жұмыссыздық белең алып, халық ауылдан үдере көшкенде қара шаңырақты, қасиетті туған өлкені сақтап қалған, ауылыңда кім бар деген кезде маңдайды тіреп келетін шаңырақ ол – осы атаның шаңырағы еді.
«Туған жерге туыңды тік» дегендей, әкем 1959 жылы 10 класты бітірген соң жастайынан еңбекке араласа жүріп, Қазалы қаласындағы совхоз техникумынан 1967 жылы “Вет техник” мамандығын алып, сол салада 1987 жылдың март айына дейін жұмыс жасаған. Неге? Себебі, 1982 жылы сол көзіңе, 5 жылдан соң 1987 жылы оң көзіңе операция жасалып, 2 топ мүгедектігіне шығарған. Ол кездері аяқ жолын көретін еді. Қазіргі таңда, 10 жыл болды екі көзі де су қараңғы көрмейді, өмірлік 1 топ мүгедегі. Мұны мен не үшін жазып отырмын есептеп отырсам нағыз жалындап тұрған 45 жасыңда қос шамшырағынан айрылып, зағип боп қалған екен. Сол кездегі совхоз директор Жалғасбаев Шынтас, мал дәрігері марқұм Тұрғанбаев Елдесбай, совхоздың бас зоотехнигі Бисембаев Берік кейіннен совхоз директоры болған, 2 ферманың управляющиі Қосболов Әбимолда, вет техник Қайруллаев Мнажадин деген көз көрген ағалар қызметтес болған. Мал дәрігері мен вет техниктің жұмыстарының қиындықтарын айта кетпесе болмас. Қойды емдеу, егу, төлдету, басын көбейту науқаны сияқты бірыңғай мал шаруашылығы деген үлкен саясатпен жұмыс жасаған. Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөзі рас. Шәкен ауылында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көрігін қыздырды. Қаракөлден, жүннен міндеттеме орындайтын болған. Қаракөлдің I сорты Элита деп аталған екен. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы Қаракөл қой совхозына қарасты Қарақұм беткейінде 3 ферма болса, біздің Шәкен учаскесі 2 ферма аталып, қой шаруашылығымен айналысқан. 2 фермада 25-27 отар қой, 1 отарда 650 қой болған. Күзде қойларды қозысынан айырып, қойларын бір отар, қозысын бір отар ғып бөлетін болған. Еңбек еткен жылдары өзіме емес үкіметке болсын деген қағиданы берік ұстап, ел қазынасының артып, мал шаруашылығының өркендеуіне мол үлес қосты. Сан жылғы тынымсыз еңбек, төккен тер тегін кетпеді. Еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында елеулі нәтижеге жетіп, озаттар қатарынан көрініп, көптеген марапаттарға ие болды. Еңбектің наны тәтті деп, барша өзінен кейінгі жас буынға еңбекті үлгі ғып жүрген адам. 2014 жылы зайыбы өмірден өтсе де тағдырға еш мойымай, қасқайып әке орнына әке, ана орнына ана болып, әулеттің туын жықпай, балалары мен немерелерінің тәрбиесіне ұйытқы боп отырған ардақты жан.
Халқымыз «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» дейді. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, шындықты тура айтатындығы, ізетті ұстанымы жылдан-жылға тұлғасын асқарландырып, қадірлі аға, абыройлы ақсақал деңгейіне көтерді.
Расында, еңбек адамы, ауыл-аймаққа қадірлі тұлға – қашанда елдің құты.