Kyzylorda-news.kz 9 мыңға жуық халық қоныстанған Қызылжарма ауылдық округінде қазіргі таңда 6 мыңнан астам тұрғын экономикалық белсенді халық санатында. Ал ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 0,3 процентті құрайды. Бұл 95 жылдық тарихы бар ауылдық округтің бүгінгі көрінісі.

Жалпы Қызылжарма ауылдық округінің тарихы әріден басталады. 1929 жылы құрылған ауылдың орталығы – бұрынғы Комсомол, қазіргі Қызылжарма ауылы. Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, Сырдария өзені сағасынан ауылға қарай қолдан канал қазылып, су жеткізілген. Канал қазғанда шыққан топырақ кып-қызыл болып үйіліп жатады екен. Осыған қарап, ауыл адамдары кетпенмен қазылған жарманы «Қызылжарма» деп атапты, оның бойында орналасқан ауылдық кеңес те осы атауды иемденген.

Ауылдық округтің өткен тарихынеа үңілсек түрлі өндіріс ошақтары жұмыс істеп, онымен тек ауыл емес қала халқын да қамтамасыз етуге мүмкіндік алған. Мәселен, 1950 жылға дейін ауылдық кеңес аймағында «Қарауылтөбе, «Тереңсай», «Колос», «Кооператор» колхозы болған. 1961 жылы наурыз айында Комсомол совхозы құрылған. Совхоз қала халқын сүтпен, көкөніспен қамтамасыз етіп тұрған. 1964 жылы ауылдық кеңестен құс фабрикасы ашылып, ұзақ жылдар облыс халқын құс еті мен жұмыртқамен қамтамасыз етіп келген. Өкінішке қарай, құс фермасы 2007 жылы тамыз айында жұмысын тоқтатқан. Ал 1971 жылы Қазалы ауданынан Қызылжармаға ауылшаруашылық техникумы көшіп келіп, 1977 жылы совхоз-техникум болып құрылған. 1992 жылы «Агрофирманың» құрылуына байланысты, техникум шаруашылықтан бөлінген. Ал 1997 жылы қаладағы бірнеше техникум біріктірілген. Солардың қатарында Қызылжармадағы совхоз-техникум да бар. Ал ауылдағы шаруашылық 1992-1997 жылдары Қызылжарма ұжымдық кәсіпорны болған. 1997-2003 жылдары «Қызылжарма Сервис» ЖШС болып құрылып, 2003 жылы банкрот болады. 1992 жылдың 4 мамырындағы халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесі Комсомол, Геолог, Александровск елді мекендері, қаланың әкімшілік-аумақтық құрамына енгізілген. 2005 жылы қаңтар айында ауылдық округ аумағынан Геолог, Александровск елді мекендерінен, Талсуат ауылдық округі құрылып, жоғарыда аталған елді мекендер соның құрамында болған.

«Туған жер – Мысыр шаһары» демей ме,  дана халқымыз. Сол бір аталы сөзді өмірлеріне үлгі қылған текті жандар бұл елді мекенде де көптеп кездеседі. Ол да қасиетті топырақтың киесі болар. Елдің тарихын хатқа түсіріп жүрген зейнеткер Сәрсенкүл апайда көп мағлұмат бар екен. Сол кісіден біраз жайды ұғындық.

–  Қызылжарма ауылдық кеңесін 20 жылдай басқарған «Еңбек Қызыл ту» орденді Қалмақ Сексенбаевпен, 1975-1980 жылдары Комсомол совхозын басқарған Совет одағының батыры Нағи Ілиясовпен, 1980-1985 жылдары Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген агроном, экономика ғылы¬мының кандидаты, «Еңбек Қызыл ту» орденді Әшім Ибраевпен, 1985-1990 жылдары совхоз-техникумды басқарған, екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» орденін алған Жақсылық Зимановпен қалай мақтанса да жарасымды. Себебі олар еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар, – дейді осы ауылға еңбегі сіңген зейнеткер Сәрсенкүл  Смайлова.

Бұған қоса атақты сауыншы, 6-шы шақырылған Қазақ ССР-ының жоғары кеңесі депутаты Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауылшаруашылығы қызметкері, «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Баян Піржанованы, егінші, батыр ана, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Қатшагүл Аралбаеваны, озат құс өсіруші «Еңбек Қызыл ту» ор¬денінің иегері Несібелі Ибраеваны тек қызылжармалықтар ғана емес, тұтас ел құрметтейді екен.

Ауылдағы алғашқы мектептің негізі 1928 жылы қаланған. Колхоз бастығы Баймағамбет Нысанбаевтың басшылығымен 1961-1962 оқу жылында 8 кластық бастауыш мектеп болып ашылған. Араға 3 жыл салып, 1965 жылы он жыл¬дық болған. Мектеп директоры Жұмакүл Сейдахметова¬ның айтуынша, 1997 жылы ауылдағы ауылшаруашылық техникумының қалаға көшуіне байланысты №144 орта мектеп осы ғимаратқа көшірілді. 2009 жылы ауылдан 1200 орындық жаңа типтегі мектеп  пайдалануға берілген. Бүгінде сол білім ұясында 2853  бала оқып білім алуда. 2022-2023 оқу жылында білім ошағын 67 түлек бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. 6 оқушы «Алтын белгі» және 4 оқушы «Үздік аттестат» алды.

– 1500 бала оқуға негізделген мектепте бала саны көп болатын. Соған байла¬нысты биыл жаңадан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы басталмақ. Білім ордасы пайдалануға берілген соң оқушы саны талапқа сай болмақ, – дейді мектеп басшысы.

Қызылжарма ауылының руханият саласы да қарқынды. 2013 жылы ауыл орталығынан типтік жобада ауылдық мәдениет үйі бой көтерген. Өнерлілер қанат жайған ауылда «Қуаныш» әжелер ансамблі, «Қожабековтердің» отбасылық ансамблі талантымен тамсандырып жүр. Олар қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлде¬герлері. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды өнерге баулу мақсатында ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған құра-мында 97 өнерпазы бар 13 үйірме жұмыс жасауда. Оның ішінде домбыра, қолөнер, сурет салу, би,  көркемсөз оқу, «КТК Қызылжарма қырандары», «Сымбат-Қобыз», «Ертегілер еліне саяхат» және «Ошаған» әзіл сықақ отауы, «Нұрару», «Балқаймақ»  үйірмелері жұмыс істейді. Қуаныш Ахметқызының ұйымдастыруымен жергілікті өнерпаз аналардан құрылған «Қуаныш» әжелер ансамблі халықтың көз¬айымына айналып келеді. Ансамбль 2014 жылы өткізілген «Дәстүрімнің бал қаймағы әжелер» атты қалалық байқауға қатысып, жүлделі ІІ орынды еншіледі. Ал «Асыл ана-келінге пана» атты қалалық ене мен келін арасындағы байқауға Бидаш Ермағанбетова келіні Айым Бекболатқызымен қатысып, жүлделі І орынды иемденді.  С. Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты қалалық әжелер байқауына қатысқан ансамбль мүшелері Сәнтай Нұрмаханова жүлделі І орынды, Гүлжан Иманғалиева алғыс хатпен марапатталды. Облыстық байқаудан Бидаш Ермағамбетова жүлделі ІІІ орын, Ұлбике Еділова алғыс хат алды.  Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ізет, иба-парасат» атты ене мен келін арасындағы қалалық байқауға Гүлжан Тәшенова келіні Айжан Исламбекпен қатысып, жүлделі ІІ орынға қол жеткізді.  Алматы қаласында өткен «Өнерлі елдің өресі биік» атты ҮІІІ  республикалық 50-90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған өнер байқауында «Қуаныш» әжелер ансамблі  «Хормен ән айту» жанры бойынша  І орынды иемденсе,  «Ән салу» жанры бойынша Гүлжан Тәшенова   ІІ орын, Бибіқадиша Рахымжанова ІІІ орынды еншіледі. «Дәстүрлі ән» жанры бойынша  Гүлжан Иманғалиева  І орын, Бидаш Ермағанбетова  ІІ орынға лайық деп танылды. Ақ жаулықты әжелер  «Ұлағатты әже» облыстық өнер фестивалінің қалалық іріктеу турынан бас жүлде иемденді және облыстық байқауға жолдама алды. Облыстық «Ұлағатты әже» атты әжелер ансамбльдері арасындағы байқауда алғыс хатқа ие болды.

Сонымен қатар ауылда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №17 мобильді кітапханада барлығы – 13 926 кітап қоры бар. Күнделікті ауыл тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

– Күнделікті жұмыс барысы кітаптарды реттеу, жүйе бойынша орналастыру, кітап қорын тексеру сияқты тірліктен басталады. Барлығы өзінің тәртібі бойынша тұруы қажет. Мәселен, мына сөредегі кітапты әр сала бойынша қойып жатырмын. Бұрын әріптік жүйе болса, қазір салаға қатысты орналастырылады. Одан бөлек мына жерде кітап қорын түгелдеймін. Қандай дүние қажеттігін анықтап, тиісті орынға сұраныс жіберемін. Әзірге ел сұранысындағы керекті кітаптан тапшылық жоқ. Ауыл оқырмандарының іздегені табылуда, – деді Мира Оразбекова бізбен әңгімесінде.

Ал денсаулық саласында 2014 жылы Қызылжарма ауылдық округінде жалпы құны 78,0 миллион теңгені құрайтын жаңа амбулатория  пайдалануға берілген. Қазіргі таңда бір мезгілде 120 келушіге қызмет көрсететін орталықта алғашқы көмек көрсету, үйге шақыру, жүктілікті есепке алу және әйелдердің қалыпты босануын қадағалау секілді жұмыстарды қамтамасыз етеді. Ауылда ана мен бала денсаулығы басты назарға қойылған. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда бала туу саны да артқан.

Қызылжарма ауылдық округінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың есебі бойынша ауылда 494 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Жалпы 494 кәсіпкерлік субъектінің 1 ЖШС, 475 жеке кәсіпкер, 16 шаруақожалығы және 2 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар. Оның ішінде мемлекеттік бағдарлама бойынша 2023 жыл көлемінде «Іскер» бағдарламасы бойынша жоба құны 73,8 миллион теңгені құрайтын 12 жоба қаржыландырылған. Аталған жобалардың ішінде 1 қызмет көрсету саласы болса(қоғамдық монша), қалғандары мал шаруашылығы бағытында қолдау алған.

Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы  ЖШС-нің арқылы өз қаражаты есебінен 2,0  миллион  теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылып, өз кәсіптерін жалғастыруда.

Аграрлық  несие корпорация арқылы 2,5 проценттік несие бойынша 38,6 миллион теңгені құрайтын 8  жоба қаржыландырылған. Өзгеде бағдарламалар аясында 19,0  миллион  теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылған.

«Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы бүгінгі күні 81,8 миллион теңгені құрайтын 6 жоба бойынша қаражаттар алынған. Бұған қоса, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында субсидиялау бағыты бойынша құны 34,0 миллион теңгені құрайтын 8 жоба қолдау алса, грант беру бағыты (400 АЕК) бойынша құны 35,9 миллион теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылған. Бүгінде ауылдық округ бойынша барлығы 285,1 миллион теңгені құрайтын 63 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар, «Бизнес-Бастау» оқу курсы аясында Қызылжарма ауылдық округінен   124 адам оқытылып, сертификаттарын алды.

Мемлекеттік бағдарлама аясынан тыс кәсіпкерлік саланы өркендетіп жүрген ауыл азаматтары да бар. Мәселен, жеке кәсіпкер Жеңісбек Бердешов өз қаражаты есебінен жоба құны 25 миллион теңгені құрайтын «Green house» жылыжай кешенін іске қосып, кәсібін жалғастыруда. Бүгінгі күні 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжайдан маусымында күніне 140 кг дейін өнім алып, қала, ауыл тұрғындарының қажетін өтеуге мүмкіндік тууда. Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында ауылда бірқатар шаралар қолға алынған. Былтыр ауылдағы тұрмыс деңгейі аз қамтылған 895 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жалпы соммасы 258 миллион 774 мың 424 теңге қаржылай қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, ауылда қайырымдылық шаралары да тұрақты жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері қайырымдылық, қамқорлық акциялары аясында  әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы және жалғыз басты 250-ге жуық отбасыға азық –түліктей көмек көрсетілген.

Қызылжарма ауылдық округінің инфрақұрылым жүйесі де жүйеленіп келеді. Жыл сайын ауылдағы жөндеуді, қайта жаңғыртуды қажет етеін өзекті мәселелер оң шешім тауып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдың 5 көшесіне (Р.Батырбаев, Қ.Сексенбаев, №61 көше, А.Меңлібаева, А.Алимов) жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаржы қаралып, қазіргі уақытта жая жүргіншілер жолы пайдалануға берілген. Қалалық құрылыс бөлімі арқылы ауылдық округтің шет аймақтары болып саналатын Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 тұрғын ауданындағы 35 көшеге тас төсеу жұмыстарына 2022-2023 жылдарға 1 миллиард 642 миллион теңге қаржы қаралып, қазіргі уақытта 35 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы Аль-Фараби көшесінен Қарауылтөбеге баратын 1,6 шақырым жолға, «Қызылорда жолдары» мекемесімен асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Былтыр ауылда облыстық бюджеттен «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 көшеге орташа жол жөндеу /асфальт төсеу/ жұмыстарына 591 млн 745 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі уақытта 23 көшенің жол жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға берілген. Оның іщінде  23 көшеге (Абай, Сыздықов, Аубакиров, Сайлыбаев, Сексенбаев, Қарабалаев, Аманкелді, Досхожин, Ауезов, Ұлытау, Бисенбаев, Меңлібаева, Алимов, Толстой, Наурызбаев, 2/7, Есахаев, №8А, Жахаев, №10, №11, Ө.Махамбетов, Алимов тұйығы) асфальт төселген.Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы 24 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстарына облыстық бюджеттен 282 миллион теңгеге қаржы қаралып, бүгінгі күні 24 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстары толығымен аяқталып,  ел игілігіне пайдалануға берілген. Оның ішінде 24 көшеге (Әбенов, Р.Батырбаев, Алимов, Абай, Қарабалаев, Ө.Махамбетов, №40, №43, №45, №10, №11, Қарауылтөбе жолы, Ынтымақ, Қаратау, Есахаев, Бисенбаев, Н.Ильясов, №61, №7А, Нұргелдиев, Досхожин, Сексенбаев, Досхожин тұйығы, №6) түнгі жарық шамдары орнатылған. Бұған қоса ағымдағы жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 9,0 миллион теңгеге ауылдық округтегі Сексенбаев пен Батырбаев көшесі қиылысына бағдаршам орнатылып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 4,0 миллион теңгеге Абай тұйығы көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек қалалық құрылыс бөлімі арқылы Қызылжарма ауылдық округіндегі 22 көшеге жоба құны 680 миллион теңгеге талапқа сай электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыруға «Сәт-Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жауапты.

Қызылжарма ауылдық округінде жеке кәсіпкер Сексенбаев Сұлтанбек өз қаражаты есебінен жалпы құны 230 миллион теңгені құрайтын спорт кешенін салу жұмыстары аяқталып,  қазіргі уақытта ауылдың 300-ге тарта балалары түрлі спорт түрлерімен шұғылдануда. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Қызылжарма ауылдық округінде жаңа білім ошағы да бой көтермек. Жоба құны 5,0 миллиардқа жуық қаржыға 600 орындық мектеп құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп құрылысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда ауылдың өркендеуі жүйелі атқарылған жұмыстардың нәтижесімен көрініс табатыны анық. Бүгінде Қызылжарма ауылдық округі қарқынды дамып келе жатқан ауылдардың қатарында. Мұнда сонымен қатар, ауылдық округі әкімінің аппараты ғимаратында азаматтарға электронды нысанда мемлекеттік қызмет көрсету үшін «өзіне қызмет көрсету» арнайы бұрышы орналастырылған. «Өзіне қызмет көрсету» арнайы бұрышында тұрғындарға қажетті жағдайлар жасалынған, яғни, компьютер интернет желісіне қосылып, қажетті құрылғылармен (принтер, сканер, видеокамера, картридер) қамтамасыз етілген.

Алақандай ауылда атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік. Ауыл  көшелеріне жаңа асфальт төселіп, жарқырап жатыр. Қараңғы көшелерді жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. «Көгілдір отынның» игілігін ауыл тұрғындары көріп жатыр. Аяқсу, ауызсу мәселесі шешілген. Күннен-күнге халық саны өсіп жатқан ауылда тағы білім ошағы бой көтермек.  Жаңа қоғамдық көліктер қала мен ауылдық округ арасын жол қылуда. Халық тұтынатын заттар дүкен сөрелерінде тұр. «Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, әрекет жасап талаптанған қызылжармалықтардың шаруасы шалықтап, еңбегінің жемісін көруде.

Тағы да оқыңыз: