Kyzylorda-news.kz   «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында ауданда бірқатар кездесулер өткізілген болатын.

Ізгілігі мол іс-шара барысында «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәс­лихат төрағасы Ержан Әжікенов бастаған аудан­дық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Еркебұлан Жақып және Ақтөре Ибрагимұлы қа­тысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Депутаттар ең алдымен Тереңөзек кентіне қарасты Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын көпбалалы ана Ж.Елубаеваның отбасында болды. Мұнда отбасы мүшелерімен пікірлесіп, Наурыз мейрамымен құттықтаған депутаттар күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, күріш, май, қант секілді азық-түлік өнімдерінен әзірленген азық-түлік себетін табыс­тады. Өз кезегінде ардагер О.Тұңғышбаев депутаттарға батасын беріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Аудандық мәслихат депутаттары сондай-ақ кенттің А.Сырғабаев, Қызылдихан тұйығында тұратын М.Аймырзаева мен Ш.Қалмағанбетованың үйіне барды. Мүмкіндігі шектеулі азаматы бар әрі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген қос отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, күріш, май, қант секілді азық-түлік өнімдерінен әзірленген азық-түлік себеті табысталды. Өз кезегінде қос ана ризашылығын білдіріп, наурыз мерекесімен құттықтады.

Партиялық жобалар аясында ұйымдас­ты­рылған іс-шара қарияларға құрмет көрсетумен жалғасты. Депутаттар көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері А.Мырзабекова мен еңбек ардагері Ә.Сүлейменовті шуақты мерекемен құттықтады.

– Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен Наурыз мерекесі елімізде жаңа үлгіде тойлануда. Бұл игі бастамаған қазақылықтың қай­мағы бұзылмаған Сыр өңірінің жұртшылығы да өз қолдауын білдіруде. Біз де сол үлгілі үрдісті жалғастырып, ардагерлердің батасын алуды жөн көрдік. Түркі халықтарына ортақ мереке құтты болсын, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Мәслихат төрағасының тілегін аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Еркебұлан Жақып және Ақтөре Ибрагимұлы жалғап, арда­гер­­лерге құрмет көрсетті. Өз кезегінде көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері А.Мырзабекова мен еңбек ардагері Ә.Сүлейменов еңбек еткен жылдары жөнінде естеліктерімен бөлісіп, депу­таттарға алғысын білдірді. Сонымен қатар ау­данның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-сая­си, рухани-мәдени дамуына тілектестігін білдірді.

Тағы да оқыңыз: