Kyzylorda-news.kz. Бұрнағы күні майдангер Әбіл Таңсықбаевты еске алуға арналған «Ерлігі – елге өнеге» тақырыбында Сырдария ауданында жазба ақындар мүшайрасы өткізілген болатын. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Тереңөзек кенті әкімдігінің қолдауымен, Тереңөзек кенті клубы ұйымдастырды. Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин, «Жарбол» шаруа қожалығының төрағасы Жарбол Ұлтанбекұлы, аудан тұрғындары қатысты.
Жеңіс күні мерекесі аясында шымылдығын түрген тағылымды іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сөз сөйлеп, әрбір жас ақынның шығармашылығына табыс тіледі.
– Өскелең ұрпаққа ғибраты бөлек, пайым-парасаты ерекше Әбіл Таңсықбаев майдан даласында көзсіз ерлік көрсете білген жан ретінде саналады. От пен оқтың арасында жүріп, кескелескен жаудың екпінің қайтарды. Талай соққыға тойтарыс беріп, жеңіс күнін жақындата алды. Майданда көрсеткен ерлігі үшін І-дәрежелі Ұлы Отан Соғысы орденінің, Германияны жеңгені үшін Кеңес одағының батыры Маршал Г.Жуковтың медаліне ие болды. Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, қажыр-қайратының арқасында абыройлы еңбек ете білді. Ұрпағына тағылымды тәрбие беріп, үлкен әулеттің іргесін бекітті, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жазба ақындар мүшәйрасында жекелеген талапкер 2 кезең бойынша жыр жолдарын оқыды. Бірінші кезеңде «Аузымен құс тістеген» жастар Әбіл Таңсықбаевты жөнінде көпшілікке төгілте кестелі сөз өрнегін ұсынды. Ал екінші кезеңде майдан даласында кеудесін оққа тосқан соғыс солдаты хақында мән-мағынасы зор өлең құралды. Пайым-парасаты бөлек тұлғаның бітім-болмысын жан-жақты аша білген талапкер қатарында тереңөзектік Ербол Сағынбайұлы, Нұрсұлтан Сүйіндіков, Жұлдызай Аншаева, Ақмарал Кәдірханова, Ақтолқын Абылаева, іңкәрлық Малика Қожақова, қоғалыкөлдік Ақерке Балманова, ақжармалық Тұмарлан Өмірбек, аманкелділік Данияр Уәлиев, сәкендік Алпамыс Арыстанов бар. Бұл ретте, ақындардың қарым-қабілетіне халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева төрелік етті.
– Азаматтық ерлік пен жауангерлік ерлік бір негізден тарайтыны рас. Кез келген жас қаламгердің қаламына арқау болған Әбіл Таңсықбаев ерлігімен де, еңбегімен де ел жадында мәңгі сақталады. Біз төрелік ету барысында атпалдай азамат жайында көптеген мәліметке зер салдық. Образдық, шығармашылық тұрғыдан кейіпкерді барынша аша білуге толықтай ізденіс керек. Жас ақындардың таудай талабын көріп, поэзия әлеміндегі аяқ алысына баға бердік, – деді қазылар алқасының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт.
Жалпы, көпшілік іс-шара кезінде «Тағзым алаңына» гүл шоқтарын қойып, арда азаматты 1 минут үнсіздікпен еске алды. Әбіл Таңсықбаевтың ұрпақтары атынан білім саласының майталманы Гүлбар Әбілқызы сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
– Әкеміз сұрапыл соғыстың жаужүрек батыры екені даусыз. Елдік мүддені жоғары қоятын азаматтың перзенті болғанымызға мақтанамыз. Бүгінде Әбіл әкемізден тараған ұрпақтары мәуелі бәйтерекке айналды. «Орнында бар оңалар» демекші, біз әркез әке есімін жаңғыртуға үлес қоса береміз. Ол – савхозда сан түрлі қызметте шыңдалды. Ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етті. Анамыз екеуі отбасында 5ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Амал нешік, осыдан16 жыл бұрын 86 жасқа қараған шағында бақилыққа аттанды. Асқар тауымызбен қатар жүріп, замандас атанған аға-жеңгелеріміз ортамыздан табылуда. Бұл – біз үшін мәртебе. Осындай ізгілікті іс-шараны жүзеге асырған Рүстем ініміз бастаған ұжымға отбасымның атынан алғысымды жеткіземін, – деді Гүлбар Әбілқызы.
Өз кезегінде қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Нұрсұлтан Сүйіндіков, Ербол Сағымбайұлы, ІІ орынды Тұмарлан Өмірбек, І орынды Данияр Уәлиев, бас жүлдені Алпамыс Арыстанов иеленді. Барлық қатысушыға арнайы «Диплом» мен бағалы сыйлық берілді.