Kyzylorda-news.kz  Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бесарық ауылында ақ жаулықты қарт ана тұратыны естіген едік. Жасы 90-ға келген Ұлжан Айтмұратова өмірден көргені мен түйгені мол кейуана екені даусыз. Оның ғибратты ғұмырын үлгі ету мақсатында қолымызға қалам алып, ізгіліктің дәнін сепкен қарияның өнегелі өмір жолына зер сала білдік.

Айдарлы ауылында 1934 жылы әкесі Зікір мен анасы Құрманкүлдің тұңғышы болып жарық дүниеге келген Ұлжан көп жыл ата-анасының қызығы болып жалғыз өскен екен. Әттеген-айы әкесінен небәрі 9 жасында көз жазып қалғандықтан, анасына қолқанат, соңынан ерген бауыры Жарқынға бас-көз болып өседі. Әке-шешесінің көзінің ағы мен қарасы болып өскен Ұлжан мен інісі Жарқын ана­ларының айтқан өнегелі әңгімесін санасына тоқи біледі. Бойжеткен соң Айдарлыдан ұзатылып, бесарықтық азамат Досымбай Айтмұратовқа тұрмысқа шығады. Үлкен әулеттің табалдырығын аттап, жұбайының үйілмелі-сүйелмелі бауырларымен бір шаңырақ астында тұрған екен.

– Он сегіз жасымда тұрмысқа шыққан едім. Ата-енеммен, күйеуімнің 5 бауырымен бірге тұрып, берекелі отбасына айнала білдік. Кейін азаматыммен совхоздың малын бағуға кеттік, бөлек шықтық. Дүниеге он бала әкелгеніммен оның бесеуі шетінеп кетті. Қалған бесеуін өсіріп, жеткіздік. Малшының әйелі болып, атқа мініп, мал бағуға бірге бардық. Өмірдің қиындығына ешқашан налыған емеспін. Жұбайым өте момын кісі еді. Оның дауыс көтеріп, қатты сөз айтқанын көрмедім. Үнемі сенім білдіріп, барлық кезде қолдау білдіріп отыратын. Ененің өнегесін де көрдік. Марқұм енемнің сіңлісі біздің үйде тұратын. Ол кісінің жұбайы қайтыс болған соң, әпкесінің қолына келді. Кейін енем дүние салғанда, екі көзі көрмейтін, зағип әйел менің қолымда болғысы келетінін айтты. Қарт кісіні 13 жыл бойы күтіп, бірге тұрдық, арулап жерледік. Әйел адамның бойына сіңірген қасиеті жақсы болса, Алла бар жақсыны үйіп-төгіп береді, – дейді көп жасаған ана.

Өмірге өкпелемеу, адал болу, Алланың берген ырзық-несібесіне риза болу – имандылықтың белгісі саналады. Бойында имандылық пен ізгіліктің нұры тұнып тұрған кейуана айналасына жылулық пен адамгершіліктің нәрін септі. Адал еңбектің үлгісін көрсетті. Сондықтан болар, әлі күнге дейін қимылы ширақ, айтар ойы орнықты. Бұл көп адамға бұйыра бермейтін Жаратқанның сыйы. «Бейнетінің зейнетін көру – бұйырған бақыт» деп білетін қарт ананың айтар естелігі өте көп. Соның біріне назар салып, қайсарлығына еріксіз тәнті болдық.

– Қырқым кезінде малшылар жиналып, қой қырқатын едік. Ондай кезде үлкен той болушы еді. Қазан-қазан ет асылып, әрбір шаңырақта береке-бірлік орнайтын. Көптен көріспеген малшылар шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрып, домбырамен ән айтылып, жыр тыңдалатын. Әйел, бала-шағаның барлығы науқанға атсалысып, құр қарап отыратын адам болмайтын. Мал-жанның жағдайын жасағанда шаршауды білмедік. Қыр­қымды еске алудың өзі көңілге қуаныш ұялатады. Нағыз мереке, нағыз той деп осындайды айтады.

Тағы бір естен кетпейтіні, мына бір оқиға. Бірде мал қайырып келуге атқа қондым. Шіліңгір шілденің аптап ыстығы еді. Бауырымда төртінші 4 айлық балам бар. Маңыраған малды қайырып, суатқа апару керек болды. Баламды шоқ шеңгелдің көлеңкесіне жатқызып, қойды қайыруға кеттім. Арада біраз уақыт өтіп, алыстап кетсем керек, малды суатқа құ­латып келгенімде баламды таппай қал­­дым. Қорыққаннан жүрегім аузыма тығылды. Қайда кетуі мүмкін. Баламды жат­­қызып кеткен орыннан жаңылыстым ба деп, әр шеңгелдің астына үңіліп, әй­теуір тауып алдым. Баламның ауызы кеуіп, қып-қызыл болып, жылағаннан әл­сіреп қалыпты. Баламмен аман-есен қауыш­қаныма қуандым. Осылай жүріп те жұмыстан қалмадық, мал бақтық, бала туғанымызды міндетсінбедік. Өмір бойы жұбайымыздың көмекшісі болып, 4 ұл мен 1 қызды өсірдік, – дейді қарт ана.

Иә, ана, ене өнегесін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттің үлкені Ұлжан Зікірқызы ұлы құндылық қазақтың салт-дәстүрін бәрінен де биік қояды. Қазақылық, биязылық оған тән қасиет. «Қыз бала анасынан алған өнегесімен өседі» демекші, отбасында жалғыз қыз болып өскенімен, анасынан үйренгені көп болыпты. Сол дәстүрден әлі күнге дейін жаңылған емес. Тағам әзірлеуді, бау-бақша күтімін жасауды, егін егуді беріге дейін атқарды. Қазір бұл дәстүрді келіндері жалғастыруда. Көнекөз қария іс тігу, көрпе көктеу, мақта салу, ас әзірлеу, малдың жағдайын жасау­дың жайын келіндеріне үйретіп отырады.

– Енемнің өнегесін үйреніп, ол кісінің балажандылығын, мейірім­ді­лігін көзіммен көріп келемін. Алғашқы немерелерін бауырына бас­ты. Қос немересі Талап пен Гүлнара әжелерінің тәрбиесін алды, мейіріміне бөленді. Қазір олар өсіп кетсе де әжелерін сағынып, арагідік уақыт тауып құшағына келуге асығып тұрады. Перзенттерінен сүйген 14 немере мен 21 шөбересінің бәрі әжені жақсы көреді. Қарашаңырақтың иесі ретінде жұбайыммен бірге анамызды бағып-қағып отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Берекеміз бен мерекеміз саналатын әже­мізді бір сәт көрмесек сағынамыз, – дейді шаңырақтың келіні Салтанат Жұмабаева.

Қара жұмыстың қазанында қайнап, адамның, малдың жайын күйттеген Ұлжан апа өмірлік қосағы Досымбай аға небәрі 56 жасында дүниеден өткенде есеңгіреп қалған екен. Уақыт өте жақындарының қолдауымен еңсесін көтеріп, белін бекем буып, қайта аяққа тұрады. Отбасының қазығы өзі болып қалғанын түсініп, бала-шағаны одан әрі жеткізуге қамданады. Жұмыстан да ажырамай, ата кәсіп мал өсірумен, бордақылаумен айналысып, балаларын жеткізеді. Үлкені Жайлаубай, екінші ұл Қыстаубай былтыр марқұм болған, үшінші ұл Дүйсенбай, кенже ұл Ғалым және үйдің кенжесі тұрмыстағы Гүлсара тамырын тереңге жайған әулеттің жал­ғасына, алтын қазығына айналғаны көпшілікке мәлім.

– Жұбайыммен жарасымды өмір сүр­дім. Біз жастайымыздан бас қостық. Ер азаматымның арқа сүйері болдым. Біз ешқашан ұрысқан емеспіз. Бірдеңе айтатын болсам, еркелеп сөйлейтін едім. Бір-бірімізге деген сыйластықтың арқасында үйімізде береке болды. Қазіргі жастар шы­дамсыз. Сәл қиындыққа күйінеді. Содан барып отбасының берекесі кетіп, ажырап жатады. Ер азаматты қадірлейтін әйелдің басынан бақ кетпейді. Сондықтан айтарым, әйел адамға көп нәрсе байланысты. Берекелі Бесарықтың түтіні түзу ұшып, ер азаматтарымыз аман болсын, – деп батасын берді тоқсанның төріне шыққан Ұлжан апа.

 

Тағы да оқыңыз: