Kyzylorda-news.kz   «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аға ұрпаққа қамқорлық көрсету - «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Жоба арқылы партияластарымыз үлкенге құрмет көрсетіп, қарттардың хал-ахуалына тұрақты түрде көңіл бөлуді өзгелерге үлгі етуде.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбіш Сәбит ауылшаруашылығы саласының ардагері, Кеңес одағы тұсында «Социалистік жарыстың» жеңімпазы, 1979 жылы Алматы қаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың табыстауымен «Победитель Соцсоревнования» төсбелгісінің иегері Ауғанбай Айғараевтың құтты шаңырағында болып, еңбек адамын 90 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтады.

Облыстық филиал төрағасы Алмасбек Әбілқасымұлы еңбек ардагеріне туған жердің елжанды азаматы ретінде Отан алдындағы азаматтық міндетіне адалдық танытып, күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген Семей ядролық полигоны зардаптарын болдырмау бағытында қажырлы еңбек сіңіргені үшін ерекше алғыс білдіріп, алдағы уақытта да атамекеннің адал перзенті ретінде елдің бірлігі мен берекесіне, ынтымағы мен ырысына өз ықпалын тигізіп, қоғам өрісіне айрықша атсалыса беруіне тілектестік білдірді.

Сонымен қатар ардагерге арнайы алғыс хат табысталып, иығына шапан жабылды. Мұнан бөлек «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай мерекелік төс белгі тағылды.

Тағы да оқыңыз: