Kyzylorda-news.kz Достық үйінің концерт залында облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының ұйымдастыруымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен дәстүрлі «Достықта жоқ шекара» фестивалі өтті.

Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, әскери қызметшілер және қала тұрғындары қатысты.

Достық үйінің фойесінде фотосуреттер мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.

Фестиваль барысында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Рахима Ахметова құттықтау сөз сөйлеп, «Славяне» орталығының достық пен бірлікті сақтау және нығайту жолындағы еңбегіне ризашылықтарын білдірді.

Концерттік бағдарлама аясында қала мектептерінің оқушылары мен «Анар Бэби» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері, вокалдық топтар мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары әлем халықтарының билерін орындап, достық, бірлік пен бейбітшілік тақырыбында түрлі тілдерде әндер шырқалды. Сондай-ақ славян орталығының «Надежда» жастар тобы «Иван Васильевич меняет профессию» фильмінен көрініс қойды.

Фестиваль барысында жуырда Ресей Федерациясының Түмен қаласында өткен зейнеткерлер спартакиадасында жүлделі орындарға ие болған этномәдени бірлестіктердің белсенді ардагерлерінен құралған спорттық команда сахнаға шақырылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы «Радонеж» орыс қауымдастығының «Калинка» ансамблі (Тараз қаласы) өнер көрсетті. Фестивальдің әрбір концерттік нөмірі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметпен қарсы алынды.

Іс-шара соңында «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова фестивальге белсене қатысқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді

Тағы да оқыңыз: