Kyzylorda-news.kz. Кеше Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Достық, береке, бірлік – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мақсат – көпұлтты еліміздің бірлігінің кепілдігі екендігін таныту, жастарды достыққа, бірлікке тәрбиелеу.
Іс-шараға облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Гизатуллина, облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Гичиев, мүшесі С.Хаджиев, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы Н.Мишукова, "Қоғамдық келісім” КММ директорының орынбасары Д.Омаров, архив қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Қатысушылар ең алдымен «Ел бірлігі – достықтың бастауы» атты тарихи-құжаттық көрмені тамашалады.
Іс-шара модераторы Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Жанат Абзалиева қатысушыларды татулық пен достықты ту еткен – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, шараның маңыздылығына тоқталды.
Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Гизатуллина этномәдени орталықтардың құрылу тарихы жайында келелі пікірін жеткізді. «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы Н.Мишукова қиын жылдары тағдыр тәлкегімен қазақ еліне келіп, Арал жерінде қоныстанған арғы аталары туралы мәлімет беріп, қазақтың киелі мекені – Сыр топырағында бірліктің бесігін тербеткен ұлттар татулығын нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше екендігіне тоқталып өтті. Облыстық архивтің ІІ санатты архивисті А.Елемесова қор құжаттарынан дайындалған «Тағдыр табыстырған ұлттар ордасы» тақырыбында баяндама оқыды.
«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Д.Омаров елімізде қалыптасқан ұлттардың тұтастығы мен халық достығының арқасында бүгінде мемлекетіміздің экономикасы өркендеп, дамып жатқанын, қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы Қазақстанда мекендеген халықтардың достық қарым-қатынасының жемісі екендігін айтып, өз ойымен бөлісті.
Соңында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының мүшелері өнер көрсетті.