Kyzylorda-news.kz. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген ұлағатты сөзді ұстанған ауданымыздан түлеп ұшып, бүгінде облыс көлемінде жауапты қызмет атқарып жүрген қайратты аяулы жандар мен ардагерлер Б.Сүюбаева, Г.Есқалиева, А.Абибуллаева, Р.Қалжанова, Г.Ысқакова, А.Сыйымова, К.Абылбекова, Ж.Азаматова, Ж.Хамитбекова, Қ.Ақышевалар «төркіндеу» дәстүрін қайта жаңғыртып, туған жерге тағы бір тағзым еткен болатын.
Сырдария ауданына атбасын бұрған сыйлы қонақтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагеріне гүл, көшетін, ағаш отырғызды.
Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрағасы Райкүл Мансұрқызы, білім саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан ардагер ұстаздарымыз К.Абилова, Ұ.Жаналиева елге деген сағыныштарын, ыстық лебіздері мен ризашылықтарын білдірді. Бүгінгі егілген гүл, тал, шыбықтар ертеңгі күні ауданымыздың келбетіне сән беріп тұратын саялы ағашқа айналып кетуі – төркіндеп келген ардақты қыздарымыздың жасаған жұмысының жемісі болмақ. Біз өз топырағымыздан түлеп ұшқан өнегелі жандарды дәріптесек, бүгінгі жастар осы жандарға қарап бой түзейді. Туған жерді түлетуге атсалысқан жандарға алғыс білдірді.
– Сырдария ауданы біздің қызмет еткен жылдарымыздың куәсі. Қашанда туған жер топырағына тағзым ете бермекпіз. Ауданның мерейі тасып жатса, шын жүректен қуанамыз. Әбір жетістігіне марқаямыз. Бүгін бірер күнде балалардың демалыс аймағына айналатын «Жалын» тынығу лагеріне гүл егіп, дәстүр сабақтастығын жаңғыртқан жайымыз бар, – деді. Баян Орынбекқызы.
Аға буын мен кейінгі ұрпақ сонау ата-бабадан жеткен еңбек дәстүрін осылайша дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын паш етті.