Kyzylorda-news.kz  "Берекелі Бесарық" деп айдар таққан шалғайдағы ауылдың қарттарына құрмет көрсетілді.  Бүгінде қариялар елдің ауызбірлігіне ұйытқы болып отырған. Қай істі бастамас бұрын ауыл жастары үлкендерден бата алу дәстүрге айналды.  Қазыналы қарттардың тілегі –  ел бірлігі мен татулығы, қаймағы бұзылмаған ауылдың әрбір шаңырағының түтінінің түзу шығуы. Ел азаматтары атқа мінсе, қолдау білдіріп, тілеуін тілейді.

Бесарық ауылдық округінің әкімі Дәулет Сәрсенбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжігітов, қоғамдық кеңес төрағасы Әкбар Әлжіков қалыптасқан дәстүрмен ауылдың үлкендері Жұмабек Әбенов, Ахметжан Асатов және Ұлжан Айтмұратованың отбасында болып, құрмет көрсетті. Ауыл ақсақалдары Ж.Әбенов – 95 жасқа, А.Асатов – 90 жасқа және кейуана Ұ.Айтмұратова – 90 жасқа келіп отыр. Ауыл әкімі мерейтой иелерін құттықтап, адресат тапсырып, дәстүрмен иықтарына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Ауыл, аудан, облыстың жеткен жетістіктері мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында әңгімеледі.
Жұмабек Әбенов саналы ғұмырын ауыл шаруа¬шылығына арнап, еңбекте озат болып, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік медалімен, 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жы¬лы «Ленин» орденімен наградталған. Ахметжан Биханұлы биыл торқалы тоқсан жасын атап өтеді. Жастайынан мал шаруашылығында ысылып, 1955-1996 жылдар аралығында қырық жылдан астам уақыт шопан болды. Еңбектегі жетістіктері үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Алматыда өткен колхозшылардың І, ІІ, ІІІ съездеріне қатысып, абырой биігінен көрінді. Қос ардагердің абыройлы еңбек жолын жалғастырып отырған ұрпақтары бар. Ұлжан Айтмұратова 1954-1983 жылдары шопан бол¬ған, 10 баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иесі.

– Ауыл ақсақалдарының өнегелі өмірі мен сіңір¬ген еңбегі ауыл тарихында жазулы тұр. Ерлермен қатар жүріп еңбек еткен аналардың да орны ерекше. Кейінгі ұрпақ қарттардың еңбегін бағалап, әрдайым төрден орын беріп, құрмет көрсетуде жол¬дарынан жаңылған емес. Ардақты қариялармен әрбір істі бастамас бұрын ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Өз кезегінде ақсақалдар батасын беріп, ауыл халқының тату-тәтті тірлігіне демеу болып отырады. Бүгінде келбеті көркейген ауылымыз жыл санап дамып келеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында көптеген іс-шаралар қабылданды. Кәсіпкерлікті қолға алғандар саны артуда. Мемлекеттің қолдауы¬мен мал алып, төрт түлік санын көбейтіп отырған отбасылар бар. Ауылымыз енді аз уақытта одан сайын гүлденетін болады. Жастарымыздың да еңбекке деген құлшынысы қуантады. Берекелі Бесарық атанған ауылымыздың көшелері жарқырап тұр. Көктемнің қызу тірлігі басталып, еңбек адамдары таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек даласында. Ауылымыздың үлкендері қарияларды мерейтойымен құттықтап, сый-құрметімізді көрсетудеміз, – дейді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.

Қарияларға құрмет көрсету іс-шарасына ауыл¬дық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары да қаты¬сып, әннен шашу шашты. Қариялар ақ батасын беріп, ауылдың дамуына тілектестігін білдірді.

Тағы да оқыңыз: