Жолбасы

Ауылдан автобусқа асы­ға мінген Әбдіманап аудан ор­та­лығына бет алған. Мақ­са­ты – Жаңақорған ауда­нын бас­қаратын үлкен кісілер­мен жолығу. Мүмкін болса пар­тия­ның аудандағы бірінші хатшысы Ғафур Мұхамед­жановтың өзі­не кірмек. Мектепті енді ғана тәмамдаған балаң жігіттің ау­дан басшысына айтатын ба­зынасы бар. Ол әкесінің үкі­мет алдындағы қарызын өзі өтей­тінін айтып, соған бірінші хат­шыдан рұқсат алмақшы. Не ай­тып, не қоярын күні бойы әбден ойланды. Әр сөзіне дейін нығарлап, нақты жеткізу үшін іштей дайындалып та алды. Со­дан автобустан түсе сала аудан басшылары отыратын кеңсеге жылдам жүріп келді.

– Сәлеметсіз бе, аудан бас­шысына жолығуым керек еді, – деді қабылдау бөліміне кірген бойдан..

– Ол кісі бос емес, – деді хат­шы. – Оның үстіне алдыңда қанша адам бар. Босамауы да мүмкін.

– Қалай да кіруім керек.

– Бос емес. Сөзге түсінбейтін қандай адамсыз өзіңіз?

– Адам тағдыры шешілетін мәселе. Кіргізбесеңіз болмайды.

– Мұнда келгендердің бар­лығы неше түрлі мәселемен ке­леді. Жалғыз сен ғой деймісің?

Осы жолы есік аузындағы хатшының дауысы қаттырақ шығып кетсе керек, төргі каби­неттен бір кісі шығып «не ай­қай?» деп, бұларға сұраулы жүз­бен қарады. Сол-ақ екен «мы­на бала сізге жолығамын деп қоймай тұр» деді хатшы әл­гі кісінің алдында ақталғандай болып. Ол болса Әбдіманапты бастан-аяқ бір шолып шықты да «кір» деді баспен нұсқап.

– Аға, мен майдангердің ұлымын. Есімім – Әбдіманап. Әкем Балтақожа Отан соғысына қатысып, оқ пен оттың ортасынан аман келген жауынгер. Бірақ сол соғыстан аман келген әкем бей­біт өмірде сотталайын деп жатыр.

– Не дейді тағы? Бүгежек­те­мей мән-жайды ашып айтшы.

– Менің әкемнің аты – Бал­тақожа. Ол колхоздың жылқы завфермасы болып жұмыс іс­тейді. Үкіметке ет өткізу межесі таяғанда әлгі жылқылары ұс­татпай, Қызылдың құмында қа­шып жүр. Ұстағанын ұстады, ұстай алмағаны ізім-қайым жоқ десек те болады. Әбден жа­ба­йыланып кетіпті. Бой бер­мейді. Әкемді соттатпай, бүкіл қарызын менің мойныма жазыңыздар. Күндіз-түні жұмыс істесем де өзім өтеймін.

Екеуара әңгіме осылай өр­біді. Жаңақорған ауданындағы партия комитетінің бірінші хат­шысы Ғафур Мұхамеджанов әке­сі үшін жанын беруге даяр тұрған ұлдың әрекетіне сүйсін­ді. Іштей «біздің ертеңіміз, міне, осылар ғой» деді жылы жымиып. – Әкең сотталмайды, бәрі сен қалағандай болады. Аман бол, Әбдіманап, – деп арқасынан қа­ғып, шығарып салды.

Осы сәтте Әбдіманаптың үстінен үлкен бір жүк түскендей еді. Өзі де бағаналы бері мән бермепті. Аудан басшысы жүзі жылы, дегдарлығы көзінен кө­рініп тұратын, әр сөзінен адами қасиеті аңғарылатын кісі екен. Осыдан бастап Әбдіманаптың үлкен өмірге қадам басқан соқ­пақты жолы басталды. Бұл ке­ңестік кезеңде адал еңбегімен талайға үлгі болған, мағыналы ғұмыры жас ұрпаққа өнеге ету­ге тұрарлық, Сыр өңірінің ай­бынды азаматы Әбдіманап Шайх­назаров еді.

Трактор руліндегі өмір

Әбдіманап Шайхназаров Ға­фур Мұхамеджановпен кез­дес­кеннен кейін алты айлық ме­ханизаторлар курсын тәмам­дап, трактор тізгіндеуге кірісті. Иығының бір жағында әке қа­рызы тұрса, бір жағында әлі же­тіле қоймаған іні-қарын­дастары тұр. «Ер жігіттің мойнындағы қыл арқан шірімейді» деген рас екен. Трактор тізгіндеген күннен бастап тыным таппай еңбектенді. Күн демей, түн демей, алдымен әке қарызын өтеуді мақсат ет­ті. Қанша қиындық көрсе де қайт­пады, шегінбеді. Табаннан сыз, маңдайдан күн өтсе де мұ­қалмады. Ақыры, көздеген мақ­сатына жетіп, еткен еңбегін қа­зынаға құйып, әке қарызын өте­ді. Содан бастап еңбек ет­кен­нің еңсесі тік болатынын сана­сына бекем тоқыды.

Өзінің даму жолында біресе Бірлік, біресе Талап кеңшарының қарамағында болған «Октябрь» шаруашылығы 1968 жылдан бастап 23-партсъезд деген атау­мен өз алдына бөлек ірге қала­ды. 23-партсъезді Нұрхан Да­йыр­ханов деген кісі басқарды. Іргелі ауылдан бөлініп, өз ал­дына ең­се тіктеу оңай болған жоқ. Ал­да инженерлік жүйеге кел­ті­ріл­меген жерді игеру мақсаты тұрды.

Бұл жайында аудандық «Жа­ңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінованың аталған басылымда 2021 жыл­дың 24 сәуірінде жарияланған «Тұғыр төрі – туған жері» атты мақаласында кеңірек баяндалған. Баян Алаудинқызы: «Тусыраған құла дүзге арық қазып, су арна­сын салып, күріш егу жоспар­ланды. Бір жылда 1000 гектар жер айдалып, дән себілді. Бұл көзсіз ерліктің көрінісі еді. Тыр­ма тісін көрмеген мидай еңісте егін жинауға шығып, қара бат­паққа милыққан комбайнды жүз мертлік тросспен тартып шы­ғарып жан азапқа түскен тау­қыметті күндер техниканың өзін қажытып, қалжыратып тастаса да тәуекелге тастай түйінген дала ерлерінің темірдей төзіміне сына қаға алмапты. Алған беттерінен қайтпай ел ырыздығын еселей беріпті. Осы жылдары егін да­ласында астық бастыруда ерен еңбек үлгісін көрсеткен Әб­ді­ма­нап алғашында жаткист, одан әрі бульдозерист болып тер төкті. Комбайн айдады» деп жазған.

Талай жұрт тәнті болған қажыр-қайрат

Әбдіманап Балтақожаұлы 1968 жылғы егін жинау науқа­нында аудан чемпионы болып, ауыл мерейін еселей түскен. Те­гінде мақтау мен мадаққа, ма­рапатқа тоқмейілсімеген адам ғана ауыр жұмысты әрі қарай жалғастырады. Кейіпкеріміз 1973 жылы социалистік жарыс­тың қорытындысымен облыс чем­пионы болып, аудан абы­ро­йын аспандатты. Сол кезде сов­хоз директоры болған Нә­лібай Айдарбековтің өзі Әбекеңнің қажырлы еңбегіне тәнті болған. Мұны Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиевтің өзі айтқан.

– Әбдіманап өте қайратты жігіт еді. Біз бірге жұмыс іс­тедік. Жарықтық мінезге де бай еді ғой. Марқұм шаршау де­генді білмейтін. Тапсырылған жұмысты соңына жеткізгенше тынбайтын. Тіпті артығымен орындайтын. Керек десеңіз, түн­нің өзінде жұмысын тоқтатпай тер төккенін талай көрдім. Е-е-е, Әбекең деген Қожакенттің құ­ты еді ғой, – деген екен бір кез­дері Еңбек Ерінің өзі ағынан жарылып.

Көпбалалы отбасының тірегі бола жүріп, совхоз ісін дөңге­лентіп, тынымсыз еңбек еткен ол ешқашан атақ не марапат сұ­раған жан емес. Оның өмірлік ұстанымы – еңбек ету, адал болу, ұрпаққа өнеге қалдыру.

– Бұл кісінің қарапайым бол­са да терең тағылымы бар өмірі туралы бір ғана мысал – оның алты жыл бойы еңбек де­ма­лы­сына шықпауы. Осыны естіген ауданның бірінші хатшысы ең­бегін ескеріп, марапатқа ұсынса, совхоз бухгалтері: «Оның дема­лысқа жиналған қаржысы бір автокөліктің құнынан да асып кетеді» деп таңданысын жасыр­маған. Бұл – жай ғана дерек емес, бұл – еңбекке адалдықтың, жауапкершіліктің, қарапайым батырлықтың шынайы көрінісі, – дейді еңбек ардагері Асан На­қышбанов.

Әбдіманап Балтақожаұлы Зүлфия есімді арумен бас қо­сып, ұрпақ өрбітті. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Еңбекке ерте араласқан Әбекең күріш егуден де озат атанған. Ол бы­лай болған, жетпіс алтыншы жылдардан бастап он жыл бойы ПМК мекемесі егістік жерлерді тегістеп, инженерлік жүйеге кел­тірген. Соның арқасында егіс көлемі де артқан, жұмыс өнім­ділігі де еселеп өскен. Ке­йіпкеріміз осы жылдары әр гектардан 55 центнерден өнім келтіріп, озат күрішші бол­ған. Еткен еңбек текке кет­педі. «Құр­мет белгісі» және «Ең­бек Қызыл Ту» орденімен наг­рад­талды. «Ең­бек ардагері», «Лениннің 100 жылдығы» медалін кеудесіне тақты. Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталды. «Бесжылдықтың озаты» белгісін иеленді.

Еңбекпен шыңдалған азамат

1986 жылы ауданға күріш оратын жаңа техника әкелінген екен. Содан аудан басшылары бар, жауапты мамандар бар, бар­лығы ақылдаса келе жаңа ЖРК (күріш оратын жатка) тех­никасының іске қосылуын Әбді­манап ағаға тапсырыпты.

– Бұл – сенімнің белгісі еді. Жаңалықты игеруге шын­дап кі­ріскен ол жатканы құрас­ты­рып, тиімді жұмыс істеу жол­да­рын қарастырып жүрген сәтте, қатардағы жаткистер 150-200 гек­тарға дейін күріш орып, алға озады. Тіпті жоспарын орын­дап қойғандар да болады. Бірақ өзінің еңбегіне асқан жа­уап­кер­­шілікпен қарайтын Әб­ді­ма­нап Балтақожаұлы совхоз ди­ректорына барып, жаңалықты енгіземін деп жүргенде өзіне жүктелген жоспардың артта қа­лып қойғанын ашық айтады. Бірақ бұл уақытша ғана. Жаңа жатканы толық іске қосқан ол, 350 гектар күріш алқабын орып, жоспарды артығымен орын­дап, «Озат жаткист» атағына ие болады. Бұл – жай ғана техни­каны басқару емес, бұл – жаңа істі игеріп, нәтиже шығара білудің, қажырлы еңбектің көрінісі еді, – дейді Асан Нақышбанов ағамыз.

Әр ісі көпке үлгі

1986 жылы 24-партсъездің агрономы Асан Нақышбанов ау­данның бірінші хатшысы Ах­метжан Жанпейісовке өтініш ай­тып, Әбдіманап ағамызды кө­мекке жіберуді сұраған екен. Мақсат – күріш ору. Күріш болғанда да жұрт оруға келмейді деген, жерге жатып қалған «Ку­бань-3» сорты. Кейіпкеріміз бұл іске де білек сыбана кіріседі. Жа­­ңа жатканың тиімділігін көр­сетіп, мол өнім алуға сеп болады. Көзкөргендер «Кубань-3»-ті ору кезінде еш қиналмаған да дейді. Жұрт бата алмаған іске білек сыбана кіріскен әрі нәтижесін көрсеткен еңбеккерді көрген ауыл ақсақалы, белгілі күрішші Әбдібек Әбішов ақсақал: «Әне, көрдіңдер ме, сендер оруға кел­мейді деп едіңдер. Әбдіманап жерді бір қабатымен қоса қо­па­рып, күрішімді орып берді» деп ақ батасын берген екен.

Қарапайымдылық – үлкен кісіліктің белгісі

Адал еңбегімен танылған, көпбалалы отбасының тірегі бол­ған Әбдіманап Балтақо­жа­ұлына совхоз басшылығы тегін үй салып беруге шешім қабыл­дайды. Алайда құрылыс­шылар келгенде: «Үйді өз қолыммен, өз еңбегіммен саламын» деп қай­тарып жіберген екен.

Мұндай қарапайымдылық пен намыс – бүгінгі таңда сирек кездесетін асыл қасиеттің бірі. Бұл – рухтың тазалығының, ең­бектің қадірін білудің белгісі.

Әбдіманап Балтақожаұлы Шайхназаров – Жаңақорған өңі­рінде тынымсыз тіршілігімен ел есінде қалған еңбек адамы. Оның өмірі бір сәт тыным тап­паған, маңдай термен, адал бей­нетпен өткен нағыз еңбек жолы. Ешқашан да атақ не марапат үшін емес, ел мен жерге деген сүйіспеншілігімен, отбасы ал­дындағы жауапкершілігімен ең­бек еткен жан. Ол кісінің өнегелі еңбек жолы мен тәлімді ғұмыры талай жасқа бағдар болары анық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

Тағы да оқыңыз: