Kyzylorda-news.kz  «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» дейді қазақ. Сыр өңірі бір бойында сан түрлі өнер тоғысқан «сегіз қырлы, бір сырлы» дарынды тұлғаларға кенде емес. Жас болса да хас талант атанған жерлестеріміз талайды таңдай қақтырып, топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Солардың бірі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, талабы таудай, болмысы бөлек айтыскер ақын, жыршы-термеші Бексұлтан Орынбасаров. Ол 2001 жылы Қызылорда обылысы Арал ауданында Шөмішкөл ауылында дүниеге келген. 

Айтыс – халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір. Айтыс – халқымыздың рухани қазынасы, ел мен елді, бұқара мен билікті байланыстыратын киелі көпір. Қазақ қайда жүрсе де, қай ғасырды бастан кешірсе де, айтыс өнері қашанда оның серігі, сөз өнерінің шырағы болып келеді.  «Бұл өнер – жай ғана сөз сайысы емес, ол – тәрбие мектебі, ұлттың ішкі жан дүниесін тербетіп, қоғамның көкейкесті мәселелерін дөп басып айтатын мінбер. Ақынның әрбір ұтқыр ойы, астарлы әзілі мен отты шумағы тыңдаушының жүрегіне жол тауып, сана-сезіміне әсер етіп, терең ойға жетелейді. Сондықтан да айтыс – халықтың үні, елдің тамыры, ұлттық сана мен қоғамдық пікірдің айнасы деуге толық негіз бар. Бүгінгі айтыстың тынысы – бөлек, тынығы – ерек. Замана талабына сай түрленіп, сахна мәдениетімен үйлесім тауып, халықпен тікелей байланысын үзбей, ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқаны – бұл өнердің жаңғырып, жаңарып, жаңа белестерге қадам басып жатқанын көрсетеді. Демек, айтыс – тек өткеннің мұрасы емес, бүгіннің де, ертеңнің де сөзбен сомдалған шежіресі», – дейді Бексұлтан Орынбасар.
    Жас ақынның өнер жолына келуіне әкесінің көмегі зор екен. Ол көбіне «Мені ақындық баулыған өзімнің әкем» деп айтады. Ал ақындық өнерге алғаш болып тәрбиелеген Аралдың Шижаға деген ауылында Қайрат Құлекешов. Сол кісі ең алғаш айтыстан тәлім берді. Айбек Тәңірбергенов жыраудың шеберханасында жыраулық өнерге бағыт алып, қалыптаса бастаған. Бертін келе, қалада Ержеңіс Әбді ұстаздан тәлім алған. Айтуынша, өнер руға, жүзге, жасқа бөлінбейді. Сондықтан әлі де ұстаздардан алатын тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көп деп ойлайды.

«Мені ақындық өнерге баулыған өзімнің әкем. Ең бірінші Алланың берген қасиеті, қанмен де, туған топырақтың киесімен де келді деп ойлаймын. Өйткені «қасиет белден емес, елден» деген қазақта сөз бар ғой. Біздің Арал беткейінде Нұртуған, Нұрмағанбет, Жаңаберген, Дәріқұл, Жаппарберді секілді жыраулар туған. Біз сол Аралдың Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келдік. Өз атам Орынбасар да сөз ұстаған. Елдің аузында аты қалған, атыберлі адам болған. Әкемнің жетекшілігімен, сол кісінің ақыл-кеңесін ала отырып, қолыма алғаш домбыра ұстаған уақыт 12-13 жас шамасы. Ол кісі де құралақан емес, Нұртуған шайыр мектебінің өкіліміз. Сыр бойындағы жыраулық өнер өздеріңіз білетіндей, үш жыраулық мектепке жіктеп айтылады. Аралда Нұртуған шайыр мектебі, Қармақшыда Жиенбай жырау мектебі болса, Шиелі жақ бетінде Нартай ән-өнері мектебі қалыптасқан. Біз сол Нұртуған шайыр мектебінде Айбек Тәңірбергенов ұстазымыздан білім алып, сол жақта оқыдық. Алғашқы айтысқа да сол мектеп жасымда, жетінші сынып оқып жүргенде шықтым. Домбыра тартып, жыраулар байқауына қатысып жүргенімді себеп қылып, ұстаздарымыз айтысқа да шығарып жіберген жайы бар. Сөйтіп айтысқа да, жыраулық өнерге де арасы алыс емес 13-14 жасымда қадам бастым, – дейді Бексұлтан Орынбасар.

Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс – әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Жалпы біз айтысты экран алдында немесе сахнада көрермен ретінде тамашалаймыз. Дегенмен оның қиындығы, жауапкершілігі, артылар жүгі жайында білмейміз. Осы төңірегінде Бексұлтанның өзінен сұрап көрдік. 

«Айтыс өнерінің қиындықтары өте көп. Сахнаға шыққан кезде бір басыңда бірнеше жауапкершілік болады. Бірнеше өнердің басын қосып шығу керек. Мәселен халықпен жұмыс істеу, ақындығы бір төбе және сахна мәдениеті, одан қала берді тұшымды сөз, ұшқыр ой қажет. Оны суырып салып айтудың өз алдына қиындығы болады. 

Айтыстың қоғамдағы рөлі айқын. Хан мен қараны, халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір. Халықтың сөзін билікке жеткізу, елдің ойын, ахуалын, мәселелердің шешімдерін тиісті орынға жеткізу. Бабадан келе жатқан асыл өнер болғаннан соң айтыстың орыны биікте», – дейді Бексұлтан Орынбасар.

Әр айтыс ақынға ерекше әсер сыйлайды. Мәселен әнші өзінің жеке концертінде есте қаларлықтай нәрсемен бетпе-бет келеді. Оған көрермендері, олардың қошеметі ерекше әсер қалдыруы мүмкін. Айтыс та солай. Қарсыласын ерекше шабыт беріп, одан әрі шындалуына атсалысатын жағдайлар кездесіп жатады. «Өзі айтысқа шығатын адамның жүрегі ғарышқа ұшатын адамның жүрек соғысымен бірдей болады екен. Сондықтан барлық айтысты, сахнадағы әрбір сәтті ерекше деп айтуға болады. Қаншама халықтың алдына шығып өнер көрсету, сол жерде сөз тауып, суырып салу – екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ, екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа деп айтар едім.

Ең ерекше есте қалған қарсыласым жайлы айтар болсам, қателеспесем 2019 жылдың ақпан айында «Абай жолымен» атты республикалық деңгейде Жүрсін Ерманның жүйріктер қатысқан айтыс өтті. Сонда «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина әпкемізбен айтысқа шықтым. Менің үлкен айтыста, алыптар арасында алғаш тұсауым кесілген сәт ретінде есте қалды. Жансая әпкемізбен өте сәтті, жоғары деңгейде айтыс көрсетіп, халықтың ықылас-қошеметіне бөлендік. Сол сахнада әпкеміз маңдайымнан сүйіп, батасын бергені ерекше сәт және есте қалған қарсыластарымның бірі» – дейді Бексұлтан.

«Сын» деген нәрсе бар. Мәселен актерлар образдан шыға алмай қалатын кездер жиі кездеседі. Қанша уақыт дайындалып, сол адамның образын, бейнесін сомдап алық шығуға, бар ынтасымен дайындалады. Ақырында ол образдан көп уақытқа дейін өзі шыға алмай қалып жатады. Сын да солай. Бір адам сынды қабылдай біледі, енді бірі оны қабылдауға қауқары жетпейді. Ал жастардың сынды қабылдау үшін біраз уақыт үйренісуі шарт. Жас ақын сынды қабылдай біледі ме, оған көз-қарасы қандай осы төңірегінде де әңгімені жалғастырсақ…

–  «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөздің салмағы әр заманда да орнын жоғалтпаған. Өнер жолындағы адам болсын, ел ішінде сөзі өтімді азамат болсын – бәріне де сын айтылады. Ол заңдылық. Ең бастысы – сол сыннан сабақ алу, шын ниетпен айтылған сынды қабылдай білу. Ал орынсыз, астары теріс сынға келгенде оған жүрек жүгіртудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі мұндай пікір адамның болмысына әсер етпейді. Ең маңыздысы – ішкі түйсіктің тазалығы, ойың мен сөзіңнің ақтығы. Егер жүрегіңмен дұрыс деп санаған жолың болса, соның нәтижесін уақыт пен Жаратқан Иенің әділетіне тапсырған жөн. Сын – пікір. Пікір – пікірталасқа бастайды. Ал пікірталас – кейде жаңа бір биікке жол ашады. Сол үшін де сынға сыни көзбен қарау керек, ренжігенмен емес, түсінумен қабылдау қажет», – дейді Бексұлтан Орынбасар.

Бексұлтанның есімі бүгінгі таңда Сыр өңірі ғана емес, республикаға да танымал. Жас болса да, жан-жақты. Әр істің басынан Бексұлтанды кездестіреміз. Ақындық өнерімен қатар, жас келіндердің бетін ашып, қазақтың беташар салт-дәстүрінде де бой көрсетеді. Жалпы шабытты қайдан алады? «Шабыт – адамның ішкі шындығы мен көңілінің көркем көрінісі. Ол – жүректен бастау алып, қиялдың қиясынан келіп, сөзбен өрілетін орамды ой. Шабыт – тек қайғының да, қуаныштың да, намыстың да, жігердің де жемісі. Адам өзін-өзі алдауы мүмкін, бірақ жүрегін ешқашан алдай алмайды. Сондықтан нағыз шабыт – жүректен шығып, жүрекке жететін шын сөздің бастауы. Мен үшін шабыт – белгілі бір уақыттың, жағдайдың, не бір мезеттің жемісі емес. Ол кейде бір сәтте, күтпеген жағдайда келеді. Қайғырып отырғанда да, қуанып тұрғанда да оянады. Көңілдің тұңғиығынан туындайтын, еш өлшемге бағынбайтын тылсым құбылыс» – дейді Бексұлтан Орынбасар.

Бексұлтанның мақсаты – қарсыласты жеңу емес. «Айтыс – өнер сайысы. Ал өнер сайысында жеңуді мақсат тұтып, өмірдегі сыйластыққа сызат түсіруің мүмкін. Сондықтан айтыста айтқан бір ауыз сөзім бір адамның жүрегінен орын алса, ой түйсе мен үшін нағыз жеңіс сол» деген ұстанымда. Жас ақынға шығармашылық шабыт тілейміз. Биік белестерді бағындырып, Қызылорданың ғана емес, Қазақстанның есімін бүкіл елге паш ете берсін деген тілектеміз.

Тағы да оқыңыз: