Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінде ақсақалдар арасында «Батамен ел көгерер» атты облыстық бата беру сайысы өтті. Оған аталған жарыстың аудандық және қалалық іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанған 10 батагөй қария қатысып, өзара сынға түсті.

Байқауға Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев арнайы қатысып, барлық қатысушыларға өз алғысын жеткізді.

– Бата – дана халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан айрықша дәстүрлерінің бірі. «Жаңбырменен жер көгерер,Батаменен ел көгерер», «Қарғыс алма, алғыс ал», «Ақсақалдан бата алған,Құдайдың рақметіне жолығар» деген бабаларымыз батаның адам өміріндегі ерекше орнын кейінгі ұрпаққа дәріптеп, ұғындырып отырған. Оның маңыздылығын Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен де көреміз.Мысалы, Әнәс сахабаны (р.а.) анасы жас кезінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алып келіп, оған ұлыныңқызмет жасауын қалап, бата сұраған. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла, оның малына, өміріне, береке бер», деп бата жасайды. Сол батаның шарапатынан Әнәс сахаба өте дәулетті және ұрпағы көп болып, ұзақ өмір сүрген. Бұл дәстүр біздің халқымызда да бар. Кезінде ата-әжелеріміз кішкентай немерелерін жетектеп жүріп, ауызы дуалы, көпті көрген қариялардан бата сұраған. Біз Зере әжеміздіңҚұнанбайдыКеңгірбай биге апарып бата сұрағандығын, Төле бидің Жетес биден, Әнет бабадан, Әйтеке бидің Қосуақ биден бата алғандығын жақсы білеміз. Ал асыл дінімізде батаны «дұға» деп атайтыны баршаға аян. Алла Тағала мен құлының арасындағы байланысдұға арқылы орнайды. Дұға – мұсылманның қаруы, ғибадаттың негізі, діннің тірегі. Бата беру – дұға ету деген сөз. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген сөздің өзі қазақтың дүние танымында оныңтәрбиелік маңызы зор екендігін көрсетеді. Игі дәстүрімізді ардақтап, бата беру дәстүрін жаңғыртып келе жақан бүгінгі ақсақалдарымызға Алланың нұры жаусын, – деді Дастан Жанасұлы.

Байқау екі кезеңнен тұрды.Ақсақалдар бірінші кезекте қазақтың салт-дәстүрлерінебайланысты сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде бата беруденжүйрікті анықтады. Онда алдымен би-шешендердің, танымал тұлғалардың батасын айтуға тиіс болса, екіншісінде өздері шығарған батаны беру шарты қойылды.Бата сайысына қоғам қайраткері, «Айтыстың ақтаңгері» атанған ақын Серік Ыдырысов пен Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай қазылық етіп, баға беру барысында қариялардың сөз саптауы, батаның мағынасы, ұйқасы, жатқа айтуы, киім үлгісі мен сұрақтарға толық жауап беруіне баса мән берді.

Ерекше атап өтерлігі, байқауға қатысушылардың ең үлкені 90 жаста болды.Сайыс қорытындысымен жалағаштық Берікбай Айназаров жеңімпаз атанса, қалған екінші, үшінші орындарға қазалылық Қадырбек Бекет, қызылордалық қос қария Серіәлихан Ахметұлы мен Оразбай Жакешов лайықты деп танылды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға арнайы дипломдар, қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, аталған байқау Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Жеңімпаз атанған Берікбай Айназаров алдағы уақытта Астана қаласында өтетін «Ақсақалдар арасындағы ІІ республикалық бата беру байқауында» облыс намысын қорғайтын болады.

Тағы да оқыңыз: