Kyzylorda-news.kz    Әдетте фантастикалық қиял-ғажайып жанрындағы фильмдерде қоғам өміріне белсене араласып, елді, жерді құтқарып жүрген батырларды теледидардан көріп жатамыз. Олар өз кезегінде балалардың үлгі тұтардай тұлғасына айналған. Алайда, мұндай батырлар тек фильмдерде ғана емес шынайы өмірде де барын ұмытпаңыз. Оған дәлел – Астанада орын алған. Көп қабатты үйлердің бірінде өмірі қыл үстінде тұрған сәбиді құтқарған қызылордалық батыр Сәбиттің ісі.
Мұндай жандар қасиетті Қазалы топырағында да бар. Бүгінгі әңгіме өзінің ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, бірнеше адам жанын арашалап қалған Думан Бурабайұлы жайында өрбімек.
Өрт сөндірушінің өрт шалған үйден газ толған балонды өз өмірін бәсекеге тігіп, алып шыққан сәтіндегі суреті әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Оның ісі қаптаған оқырман арасында қызу талқыға түсті. Сол суреттегі батыр Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау сержанты Думан Жәли еді.
Ол Қазалы ауданы, Сарыкөл ауылдық округі, Абай ауылында өмірге келген. Бала күнінен өрт сөндірушілердің батылдығы мен ерлігіне сүйсіне қараған ол, «ер жеткен соң осы мамандық иесі қатарынан боламын» деп армандаған. Кейін білім ошағын тәмамдап, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Сонан соң, азаматтық міндетін атқарып, бәз баяғы бала күнгі арманын орындауды мақсат етті. Осылайша, Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінде өз орнын тапты. Қазіргі таңда отбасында асқар тауы – Бурабай, анасы – Айпатша және өмірлік жары – Мира Жұмабаева мен үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші үлкен ұлының да арманы әкесі Думандай болу.
Баршамыз білетіндей, өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті қызметтің бірі. Нағыз азаматқа тән мамандық ержүректілік пен батылдықты талап етеді. Ұдайы өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс мүлт кетуді кешірмейді. Осындай қауіпте басын бәйгеге тігіп, әрбір жанның амандығы мен ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың ісіне қарап, сүйсінбеске амал жоқ. Осы орайда, Думан өзінің ең алғашқы жалынды ауыздықтандырудағы сәтін былай бейнеледі:
– Барша қазалылықтар білетін «Орын-ай» базары белгілі себептермен өртке оранған болатын. Сол сәтте дабыл қағылып, бригада жұдырықша жұмылып, нұсқаулар түсіндіріліп, белгілі жерге аттандық. Межелеген жерге жеткен соң жалындап тұрған нысанды көргенде біртүрлі күйге түстім. Сонан соң сезімге берілуге жол бермей, дереу өрт сөндірушінің 5 қағидасы бойынша жұмысқа кірісе кеттім. Онда бірінші қағида адам жанын арашалап қалу болғандықтан нысандағы саудагерлерді құтқаруға ұмтылдық. Кейін құнды заттарын аман алып, өртті дер кезінде ауыздықтадық. Артынша, базар ұжымы және сол жерде куә болғандардың алғысына бөленіп, бір жігерленіп алдым. Осылайша, алғашқы құтқару жұмысын сәтті аяқтадық. Әрбір өрт сөндірушінің оқыс оқиғадан аман-есен шығуы, әрине, ережелерді ұстанудың арқасы. Бірақ, үйде тілеуімізді және амандығымызды Алладан сұрап отырған анамыздың да, септігі мол екеніне кәміл сенімдімін, – деді ол.
Биыл Думанның құтқарушылар қатарында жүргеніне 18 жыл толмақ. Осы уақытқа дейін ерлік көрсетіп, соған сай түрлі наградалармен марапатталған. Солардың бірі – орын алған оқыс оқиға барысында 11 адамды ажалдан арашалағаны үшін, сол күні ержүректік танытқан барша бригадамен бірге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің III дәрежелі төсбелгісін таққан. Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жылдық медальімен марапатталды.
Басқа да бекет бастығы Ғабит Неталиев, қарауыл басшысы Жұбаныш Мырқиясов, бөлімше командирі Нұрлан Айниязов, өрт сөндіруші Ғалым Нажман, жүргізуші Жеңіс Оразалиев пен Дәулетияр Теңізбай және Алтынбек Қанжарбек, өрт сөндіруші Нұрғали Аманжол сынды ұжымдастарының ауыз толтырып айтарлықтай жасаған ерліктерінің аз еместігін де тілге тиек етті.
Қызметтегі әріптестері де оны мақтан тұтады. Олардың айтуынша:
– Думан үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсете білген жан. Жұмыс тәртібі де үлгерімді, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Қызметтегі жас буынға білгенін үйретіп, оңы мен солын көрсетіп жүреді. Бір сөзбен айтқанда, нағыз батыр, – дейді ұжымдастары.
Қорыта айтсақ, бүгінде қауіп-қатерге тосқауыл болып, жанын шүберекке түйген оғландардың еңбегі, ел назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Тілсіз жаумен арпалысушылардың «Бізге халықтың алғысы да жетеді» деген сөзді ұран етеді.

Тағы да оқыңыз: