Kyzylorda-news.kz  Айбынды Алаш ұлдарының қазақ қоғамындағы атқарар өзіндік рөлі бар. Олар – ел қорғаны, отбасының тірегі. Себебі, әрбір азамат туған жерін, елін, ата-анасы мен бауырларын, отбасын қорғай білуі тиіс. Ал, оның бойындағы жігерін шыңдайтын – әскер. Әскердің сапы «мен» деген жалынды, от жүректі жастардан құралады. Айтпағымыз, біздің жігіттер Отан қорғауға қаншалықты дайын? Әскердегі өмір қандай? Бұл жайында жақында ғана, әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келген жастар баяндап берген болатын.

Әскер жігітті шыңдайтын мекен

Өмір мектебінен өткен сенімі нық сарбаздар Қазалы ауданында жетерлік. Еліміздің аймақтарында әскери борышын өтеп келген сондай қазалылық азаматтардың бірі – Бақдәулет Есенов. 2005 жылы дүниеге келген жігіт аграрлы-техникалық колледжде білім алады. Автомеханик мамандығын меңгереді. Былтыр әскерге шақырту қағазы келіп, осы сәтте ол еш ойланбастан азаматтық борышын өтеуге аттанады.

– Алғашында өзге жер, жақындарыңды сағынасың. Бірақ, өзге жердегі жігіттермен жақсы араласып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Бастапқы айларда сапта жүруді үйреніп, ант қабылдауға дайындалдық. Дәрістер алдық. Темірдей тәртіпке бейімделдік. Ешқандай қиындық болмады. Әскерден уақытты тиімді өткізуді, дұрыс өмір сүруді, автомат ату, техникаларды айдауды үйрендік, – дейді ол.

Әскерге барып келген азаматтың мінезі де өзгеріп, сабырлық пен төзімділікті бойға жиятыны бар. Уақытпен жүру, әр нәрсені аңдап басу секілді тәртіп те, санаға құйылады. Кейіпкердің айтуынша, әскер нағыз жігітті шыңдайтын мекен.

– Патриотизм – Отаныңды сүю. Оған шексіз қызмет ету. Иә, «патриот» дегенді естігенде форма киген әскер мен құқық қорғау органының қызметкері ойға оралады. Бірақ шын патриот болу – туған жеріңді, табиғатың мен тау-тасыңды, аққан суыңды, ата-анаң мен оттан ыстық атамекеніңді құрметтеу. Соңғы кезде әскерден жалтарғандарды естіп жүрміз. Әскер – нағыз өмірдің мектебі. Шыңдаласың, бойдағы қажет емес мінезден арыласың, уақытпен жүруді үйренесің. Тіпті, жақындарыңның өзіңе қаншалықты қымбат екенін ұғынасың. Бір жылдың өзі зулап өте шығады. Алайда, жақын дос таптық. Қызықты күндерді бастан кештік. Өмірімдегі ең қызықты күндерімнің де, куәсі осы – әскердегі күндерім, – деп әңгімесін түйіндеді Бақдәулет Серікұлы.

e20159b1-5cdd-410e-bbf2-9ff6a4ec1126.jpg

Елін қорғаған ер отбасын да қорғайды

«Адал қызмет ету – азаматтың борышы» деген ұстанымды мықтап, ұстайтын жігіттер қатары көп. Соның бірі – 2004 жылы Қазалыда дүниеге келген Мақсат Жүсіп әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келген талапты жастар санатында. Былтыр әскерден шақырту түсіп, ол ойланбастан борышын өтеуге аттанады. Өзінің мамандығы – өрт сөндіруші.

– Білесіз бе? Әскерден келген әрбір жігіт нақты бір ой түйіп келеді. Менде де, солай. Ата-ананың қадірін түсіну, барды бағалау, уақытпен санаспау бір бөлек. Ал, Отан алдындағы борышыңды адал атқару бір бөлек. Бүгінде сол әскердегі өмірді көруден жалтаратындар көбейіп келеді. Мүмкін өзіндік себебі бар шығар. Бірі – несиесін айтады, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Күнкөріс қамымен де, сыртта жүргені қаншама. Одан бөлек, жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да, анық байқалады. Себебі, ауруын айтып, не өзге де, сылтаумен өтіріктің шырмауында жүргендер бар. «Армия» десе, ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Отан алдындағы борышын әрбір азамат өтеуі тиіс қой? Елін қорғаған ер отбасын да қорғайды. Шапшаң болу, шыңдалу жігіттерге керек дүние. Барлық ер-азамат әскердегі өмірді көрсе деймін. Мұнда қызықты күндер де көп болды. Әскер алдымен, темірдей тәртіпке үйретті. Тазалыққа баулыды. Автомат атуды, БМП, МТЛБ айдауды үйрендік. Әр азамат – отбасының тірегі, қор¬ғаны. Сол секілді Отанының да, қорғаны болуы тиіс. Себебі, «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі, – дейді жақында ғана әскердегі азаматтық борышын өтеп келген қазалылық Мақсат Нұрлыбекұлы.

0b084c5d-d1e6-4169-a3ca-8f3302e63aa1.jpg

Түйін: Біз жазған кейіпкерлер әскери мектептің табалдырығынан аттаған, Отан үшін от кешуге дайын азаматтар. Оны олардың әр сөзінен байқауға болады. Сөзінде мақтаныш, жүзінде қуанышы бар Отан қорғаушылардың алға қойған мақсаты айқын, қадамы нық, сенімі басым.

Тағы да оқыңыз: