Kyzylorda-news.kz   «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығына орай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тіршілік тынысы» – жаңалық жаршысы» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілген болатын.

Жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырудағы басты мақсат – өзіндік өрелі тарихы бар, бүгінгі күні елмен бірге жасасып келе жатқан аудандық газеттің 85 жылдық тарихын жырға қосу, өскелең ұрпаққа насихаттау, ақындарымыздың шығармашылығын шыңдау  екені даусыз.

Жыр мүшәйрасына қатысушы үшін арнайы ереже бекітілді. Атап айтқанда, кент және ауылдық округтерден 25 жастан жоғары бір жазба ақыннан қатысу, сонымен қоса жыр бәйгесіне бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңін ұсынуы тиіс. Мүшәйра 2 кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең – «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығына арналған 1 өлең арнау болса, ал екінші айналым – Сырдария ауданы жайлы 1 өлең арнау болатын.

Тағылымы мол жыр мүшәйрасы жоғары деңгейде өткізіліп, көпшілікті тәнті етті. Тартысты бәсекеде барлығы 10 жазба ақын өнер көрсете білді. Қатысушылардың барлығы дерлік аталмыш мүшәйраға тыңғылықты дайындалғаны көрінді. Сайысқа түскен ақындардың әрқайсысының өлең шумағының өзіндік ерекшелігімен бір-бірінен оза шаба білді. Ақындардың арнауы сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігімен ерекшеленді. Көзі қарақты көрермен ақындардың өнеріне, олардың берілген тақырып бойынша тақырыпты жақсы аша алғанына, әдеби қолданыстарды қолдану шеберлігіне, ой мен қиялдың ұшқырлығы, идея­лық мазмұнына ерекше тәнті болды. Шабытына шабыт қосып, газет және аудан тарихының өткен беттерін парақтаған ақындар қара сөздің түйінін тұщымды ойларымен жеткізе біліп, көрермен ықыласына бөленді. Талантты ақындар газетіміздің осы күнге дейінгі өрелі тарихынан сыр шертіп, 85 жылдықты жыр шумақтарына арқау етті. Марал Сағындықованың «Жақсылықтың жаршысы» атты арнауында «Үнқағаз тарихы да терең екен. Алғашқы аты «Сталин жолы» екен. «Еңбек туы» , «Тереңөзек тынысы» да «Тіршілік тынысына» болды мекен», деген өлең жолдары газеттің өткен тарих беттерін парақтап, бүтіндей тарихын осы бір 4 жол өлең шумағымен-ақ жеткізе білгендей. Тартысты жыр бәсекесінде өнер көрсеткен жазба ақындар газетке деген сүйіспеншілігін, алғысы мен құттықтауын өрнекті сөздерімен жеткізе білді.

«Алғысым зор,

Айтарым мол.

Ардағымсың, қастерлім!

Заман жылжып,

Жылдар зырғып,

Ілесе бер, БАҚ-ТӨРІМ!», – деп газетке деген өз алғысы мен тілегін керемет өлең жолдарымен жырға қосты шағандық Нұржамал Ізбасқанова.

Одан кейін редакция ардагері Шахарбек Нұрсейіт қатысушыларды айтулы мерейтоймен құттықтады.

– Біздің құттыхана ұямыз саналатын «Тіршілік тынысы» газеті 85 жасқа толып отырған жайы бар. Газетіміз қай кезде де қастерлі. Осы газетте еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Бас-аяғы газетте қызмет еткеніме 40 жыл болды, соның ішінде 13 жылын осы газетте өткіздім. Біз зейнетке шығып кетсек те, Ақтөре бауырымыз біздің істеген ісімізді бізден де жоғары көрсетіп, жарқыратып жалғап келеді. Ардагерлер кейінгі жастардың жұмысына, жеткен жетістіктеріне көңіліміз толып, әрдайым қуанып отырамыз. Бүгінгі мүшәйрада ақындар еңбекті, анау өткен тарихымызды қозғап, оны жырға қосып жатыр. Шама-шарқы келгенше барлығы жақсы дайындықпен келген. Аз-кем кемшіліктер болғаны рас, дегенмен көш жүре түзеледі демекші, алдағы уақытта кемшіліктермен жұмыс жасайды деген сенімдемін. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді Ш.Нұрсейітов.

Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы қатысушы ақындарға ризашылығын білдірді.

– Баршаңызды төл мерекемен құттықтаймын! Қазір дәстүрлі медиа мен жаңа медианың тоғысқан шырқау шегіне келген заман болып тұр. Ақпарат алатын да, тарататын да көздер көбейді. Осындай кезеңде газеттің жұмысын ұстап тұру, оны алға қарай жылжыту оңай шаруа емес. Өйткені қазір әлеуметтік желілер арқылы, басқа да ақпараттық жүйелер арқылы ақпараттандыру өте жиі кездеседі. Бүгін мүшәйраға қатысушы ақындардың өлең жолдарын тыңдай отыра, өзімнің 2019 жылы газеттің 80 жылдығына арнаған өлеңім есіме түсіп тұр. Бүгінгі жыр мүшәйрасына қатысып, газетімізге арнау өлең жазған, өнерін көрсеткен ақындарға үлкен рахметімді, ризашылығымды білдіргім келеді, – деді ол.

Байқау соңында төрелік етіп, әділ бағасын берген әділқазы алқасының шешімі бойынша мүшәйра жеңімпаздары анықталды. Тартысты жыр бәйгесінің бас жүлдесін жетікөлдік Қанат Көзейбай қанжығасына байласа, жүлделі І орынды қоғалыкөлдік Ақерке Балманова жеңіп алды. С.Сейфуллин ауылының намысын қорғаған Алпамыс Арыстанов ІІ орынға лайық деп танылды. іңкәрдариялық Марал Сағындықова мен шағандық Нұржамал Ізбасқанова жүлделі ІІІ орынды иеленді. Мүшәйраға қатысқан қатысушылар арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қоса жүлделі орын иегерлеріне арнайы сый-сыяпат тарту етілді. Одан бөлек сайыс қатысушыларына ынталандыру сыйлығы табысталды.

 

Тағы да оқыңыз: