Kyzylorda-news.kz 2025 жылы Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсіммен орындалып, инвестициялық белсенділік пен кәсіпкерлік қарқыны артты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Өткен жылы аудан экономикасының негізгі салалары тұрақты өсім көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 102,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 108,2 пайызға жетті. Инвестициялар тарту 101,3 пайызды, бөлшек сауда 100,2 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 100 пайызға орындалып, тұрғын үй көлемі 104,3 пайызға, құрылыс жұмыстары 115,1 пайызға артты. Аудан бюджеті 9,2 млрд теңге болып бекітіліп, жыл соңында 9,5 млрд теңгеге нақтыланып, толық игерілді. Өз кірістеріміз 2,6 млрд теңгені құрап, 116,8 пайызға орындалды. Қазіргі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 806 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 166,5 млн теңгеге 33 жоба қаржыландырылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылып, өңдеу саласында жаңа өндірістер ашылды. Бұдан бөлек, құны 51 млрд теңге болатын «Harvest Agro Holding» компаниясының ірі инвестициялық жобасы қолға алынды. Бұл аудан үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды инвесторлық жоба болмақ, – деді Ардақ Ибраимов.

Жалағаш ауданы экономикасында ауыл шаруашылығы жетекші салалардың бірі. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сай ауданда ауыл шаруашылығы негізінен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш өсіруге бейімделген. Мемлекеттік қолдау шаралары мен заманауи агротехнологияларды енгізу нәтижесінде су тапшылығына қарамастан егін және мал шаруашылығы бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

– Бүгінде аудан аумағында 338 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Оның 202-сі егін шаруашылығымен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы 209 шаруашылық 36 712 гектар алқапқа егіс орналастырса, оның 19 357 гектары күріш өнімі болды. Су тапшылығына қарамастан, егін жинау жұмыстары толық аяқталып, орташа өнімділік гектарына 60,1 центнерден айналып, 116 331 тонна өнім жиналды. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде аудан «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» атанды. Сонымен қатар, шаруашылықтар өздерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беріп 27 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Айта кету керек, биыл аудан бойынша 36 678 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бізде мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда ауданда 32 687 бас мүйізді ірі қара, 24 231 бас уақ мал, 33 763 бас жылқы, 765 бас түйе және 10 251 бас құс өсірілуде. Бұдан бөлек, жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып қолданылған жалпы көлемі 11 624 гектарды құрайтын 24 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы 31 908 гектар жер қайта айналымға енгізіліп, жеке және заңды тұлғаларға берілді, – деді Ардақ Ибраимов.

Аймақ басшысының қолдауымен Жалағаш ауданында жол, ауыз су, электр және газ инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Елді мекендердің инженерлік желілерін жаңғырту мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілген.

– Өткен жылы аудан аумағында жол саласын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, аудандық маңызы бар 1 автомобиль жолы мен кент және ауылдық округтердегі 37 ішкі көше күрделі жөндеуден өткізіліп, 8 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығы толық күрделі жөндеуден өткен. Ел Президентінің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен ауданаралық жолдарға қатысты мәселелер толық шешімін тапты. Сонымен қатар, жол саласын одан әрі дамыту мақсатында 13 жобаға бюджеттік өтінім жолданды. Аймақ басшысының шеткері елді мекендерді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жаңадария және Аққыр ауылдарындағы 5 көшені күрделі жөндеуден өткізуге ағымдағы жылы бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар аталған ауылдардағы көше жолдары мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді, – деді Ардақ Ибраимов.

Сондай-ақ, аудан халқын ауыз сумен қамту мәселесінде де нақты нәтижелер орындалып, электр желілерін жаңарту бағытында да бірқатар жобалар әзірленген.

– Бүгінгі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы Есет батыр елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасы аясында тиісті қаржы, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аудан бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі – 32,5 пайыз. Жалағаш кенті, Еңбек және М.Шәменова ауылдарының электр желілерін жөндеу үшін демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджетке ұсынылды. Одан бөлек, аудан халқының 50 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Өткен жылдың қараша айында Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды,- деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Жалағаш ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салалары – өңірдің орнықты дамуының негізгі тіректерінің бірі.

– Әлеуметтік салада айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткіздік. Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Өткен жылы аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайызды құрады. Ұлттық жоба аясында 16 жоба бойынша 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, нақты 183 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 105,1 пайызға орындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал отбасыларға қолдау көрсету мақсатында жыл басынан бері 60 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмегі көрсетілді. Жұмыссыздықты төмендету үшін кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа бизнес бастамаларды қолдауға басымдық беріліп отыр, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер білім беру жүйесінде де нақты нәтижелермен көрініс табуда.

– 2024–2025 оқу жылын ауданымыздағы 20 мектепте 6 603 оқушы аяқтады. Оның ішінде 450 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. «Алтын белгі» иегерлері – 16 түлек, үздік аттестат алғандар саны – 48. Алдағы 2025–2026 оқу жылына дайындыққа 262,5 млн теңге бөлініп, 5 мектепке жөндеу жүргізілді, 3 мектеп жанынан жаңа спорт алаңдары салынды, 2 мектептің спорт алаңдары күрделі жөндеуден өтті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтылып, полиция бөлімдерімен толық интеграцияланды, – деді Ардақ Ибраимов.

Денсаулық сақтау саласында да инфрақұрылымды жаңғырту мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.

– Ауданда жаңа аурухана мен заманауи емхананың пайдалануға берілуі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын айтарлықтай жақсартты. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қаракеткен ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынды. Сонымен қатар, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында лизинг арқылы 62,4 млн теңгеге заманауи ультрадыбыстық диагностикалық аппарат алынды. Бұдан бөлек, рентген-маммографиялық және стационарлық цифрлық рентген-флюорографиялық аппараттар сатып алынып, медициналық қызметке енгізілді, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Тағы да оқыңыз: