Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары аймақта руханият саласын жаңғыртуға көп көңіл бөлініп келеді. Облысқа қарасты аудандарда руханият орталықтары бой көтеріп, мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп ел игілігіне жарауда. Бұл тұрғылықты халыққа жасалған рухани қамқорлық десек артық болмас. Себебі, руханият адам жанының емдеушісі. Қайсыбір елдің мәдениеті болсын сол елдің өзегі болып табылатыны белгілі. Қоғамның өзі мәдениеттен бастау алады десек артық болмас. Сондықтан мәдениет саласына оның ішінде руханиятты дамытуға мән берген жөн-ақ. Бұл мақсатта Арал ауданындағы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар да атсалысып келеді.
Аудан әкімдігінің ресми мәліметі бойынша, биылдыққа аудандық мәдениет бөлімі тарапынан 500-ге жуық мәдени іс-шара өткізіліп, оған 33614 көрермен қамтылыпты. Жалпы аудандағы мәдениет саласында еңбек ететін қызметкерлер барлық атаулы күндерде шара өткізуді жолға қойған. Сондықтар салада ұйымдастырылған іс-шаралар легі жетерлік. Мәселен, 3 қазан – Еңбек күні мерекесі және «Жұмысшылар жылына» орай «Адал азамат» атты концерт ұйымдастырылған. Ал Арал ауданында балық шаруашылығы өндірісінің 100 жылдығы кең көлемде атап өтілген. Атап айтқанда ғасырлық мерейтой қарсаңында ««Бекзада балықшылар – бақ пен берекенің бастауы» тақырыбымен үлкен шара өткізілген. Оның ішінде ғылыми-танымдық конференция, театрландырылған қойылым және кешкілік гала-концертпен жалғасын тапқан. Мұндай маңызды күндер, атаулы даталар ғана ескеріліп қоймай, ауыл ақсақалдарын қоғам өиіріне тарту, жас ұрпаққа өнеге беру мақсатында да түрлі байқаулар ұйымдастырылады екен. Мәселен, осы мақсатта өткізілген «Бата алғанның – бағы артар» атты батагөй қариялардың аудандық байқауына ауыл-ауылдан бата беруде шебер абыз ақсақалдар қатысып бақ сынасқан. Мұндай шаралар үлкендердің кіші алдынлдағы жауапкершілігін сезіндірсе, әрі кішілердің үлкеннен алар өнегесін де көрсетеді.
Мәдениет саласында дәстүрге айналып, жыл сайын өткізілетін байқаудың бірі – «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық жобасы. Жоба аясында байқауға қоғамда өз орны қалыптасқан, сіңірген еңбегі, көрсетер үлгі-өнегесі бар отбасылар бақ сынасады. Биыл бұл байқауға аралдық отбасылар белсенділік танытып, аудандық кезеңде үздік отбасылар анықталып, қалалық кезеңге жолдама алған.
Руханиятты жаңғырту тек байқау мен кішігірім шаралардан ғана тұрмайтыны белгілі. Бұл ретте ауданға, аймаққа танымал шығармашылық адамдарын дәріптеу, олардың шығармаларын насихаттау мақсатында да шығармашылық кештер өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, 31 қазан күні ақын, журналист, жазушы Ж.Жақыптың 80 жасқа толуына орай «Өнер — таусылмас азық» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылған. Сондай-ақ, аудан тарихын толғап келе жатқан, ғасырға жуық тарихты ішіне бүккен аудандық «Толқын» газетінің 95 жылдығы да жоғары деңгейде атап өтілді. «Толқын – тарих таразысы» атты мәдени іс-шарадан басталған салтанатты жиын облыстық жазба ақындар мүшайрасына жалғасып, үздік ақындар бақ сынасқан шараға айналды. Сол сияқты, термеші Р.Әшімовтың 70 жылдығына арналған «Жыр – қазақтың рухы» атты аудандық термешілір байқауы да өткізілген. Бұдан бөлек, аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен жыршы Рысбек Әшімовтің 70 жылдығына орай «Ән жырдың қоңыраулы қара нары» атты облыстық жыр кеші өткен.
Бұдан бөлек, әр сала бойынша да елге еңбегі сіңген мамандарды насихаттау мақсатында «Автожол саласының қызметкерлері күні» мен «Арал құрылыс» ЖШС мекемесінің құрылғанына 20 жыл толуына орай, әпрі «Жұмысшылар жылына» сәйкес құрылыс саласының ардагері Оразғали Құлмырзаевпен «Алға адымдаған Арал құрылысы» атты кездесу кеші ұйымдастырылған. Оған қоса «Жаңа Қазақстан: Жасампаз ел мұраты» атты мәдение үгіт бригадасының облыстық байқауы өткізілді. Сонымен қатар Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Қазанғап» атындағы халықтық ұлт – аспаптар оркестрі, Сыдықовтар халықтық отбасылық ансамблі және «Көңілашар» халықтық мәдени үгіт бригадасының қатысуымен «Өнер – өмір өрнегі» атты қорытынды есепті концерт берілген. Сондай-ақ, аудандық халық театры Сая Қасымбек «Лифт» атты психологиялық драмасының спектаклін қойған. Әдетте көпшілікке көріне бермейтін мұндай шараларды ұйымдастырып, өткізуде мәдениет саласына қарасты мекемелерде қызмет ететін қызметкерлердің орасан зор еңбегі мен жауапкершілігі жатыр. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 1 қазан – Қарттар күні мерекесіне орай Арал аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары Жақсықылыш кентінің ардагерлеріне арнап «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік концерт қойған. Ал Арал аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары Шижаға елді мекенінде «Моншақ жыр, мөлдір өлең, сал домбыра» атты концерт ұйымдастырған.
Мәдениет саласында ештеңе де елеусіз қалмайды. Тіпті, әр саланың атаулы күндері де руханият қызметкерлерінің ұйымдастырған шарасымен аталып өтіледі. Мәселен, 4 қараша күні ел дамуындағы маңызды сала – жол инфрақұрылымына айрықша үлес қосып келе жатқан автожол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі және ауданның өркендеуіне өзіндік із қалдырған «Арал құрылысы» ЖШС-нің 20 жылдығына орай аудан көлемінде үлкен салтанатты шара өткен.
Руханиятты жаңғырту аясында аудандағы мәдениет үйлері жанынан ашылған үйірме мүшелері де өз үлестерін қосуда. Олар аудандық мәдениет үйі жанындағы үйірме мүшелерінің қатысуымен «Үйірме – өнер бастауы» атты қорытынды есепті концертін өткізген. Одан басқа әр үйірме жетекшісінің өз пәні бойынша ашық сабақ өткізуі де міндетті саналады. Осы орайда Ғ.Садықова атындағы «Дәстүрлі ән» үйірмесінің жетекшісі С.Орынбасарованың «Дәстүрлі әннің қазіргі өнердегі орны», «Жақсан жырау» үйірмесінің жетекшісі А.Жоламановтың «Жақсан жыраудың жырлары», «Қобыз» үйірмесінің жетекшісі А.Кимбаеваның «Қорқыт ата-қобыз сазы», «Нұртуған шайыр» үйірмесінің жетекшісі Г.Бейсованың «Ұлағат сөзім ұрпаққа», «Дәріқұл жырау» үйірмесінің жетекшісі Ғ.Өмірзақовтың «Дәріқұл жырлары» атты ашық сабағы, «Р.Әшімов» үйірмесінің жетекшісі Л.Көптілеуованың «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты танымдық сағатын өткізген.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлерінің де мәдениет саласына қосар үлесі зор. Биыл аудандық кітапханашылар мыңға жуық іс-шара өткізіп, оған 21858 қатысушыны қамтыған. Аудандағы кітапханалардың заманауи бағытта қызмет көрсететін мүмкіндігі бар. Қазір кітапханалар бойынша 9 кітапханада «Коворкинг» білім орталықтары жұмыс істейді. Кітапханаларға келген оқырман талабын, сұранысын сапалы қанағаттандыру және сервистік қызмет көрсету дәрежесін арттыру мақсатында «РАБИС» (Республикалық автоматтандырылған кітапхана- ақпараттық жүйесі) бағдарламасы бойынша барлығы 39 кітапхана тапсырыс, іздеу, тіркеу модульдерімен жұмыс атқарады. Аудан бойынша электронды каталог қорына 534745 дана кітаптар енгізілген.
Бүгінде кітапханашыларда мәдени-рухани шараларды өткізуге міндеттелген. Осы мақсатта Аманөткел ауылдық модельді кітапханасында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты өнеге сағаты ұйымдастырылған. Сонымен бірге қалалық №4 кітапхананың ұйымдастыруымен ұстаздар күніне орай «Ұстазым – ұлағатым, үлгі өнегем» атты мерекелік кеш, Арал аудандық орталық кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауына орай «Жасанды интеллект – Қазақстанның болашағының құралы» атты дөңгелек үстел, қалалық №3 кітапханада «Мәңгілік жаса қыран елім- Қазақстаным!» атты мерекелік кеш, Қызылжар ауылдық модельді кітапханасында «Жемқорлықпен күрес- жалпыға ортақ міндет»атты дебат, аудандық орталық кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы бойынша мазмұнды оқырмандар конференциясы, Арал аудандық орталық кітапханасында «Нашақорлықтың зияны мен зардаптары» атты тақырыптық сағат, Арал аудандық орталық балалар кітапханасы және қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Дарыны дара, сөзі сара» атты бренд автор шоу кеші өткізілген. Ал «Адал адам – мәдени тәрбие орталығы» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша «Әлем –BOOK» жобасы аясында жыл бойы 459 шара өткізіліп,10 мыңға жуық оқырман тартылған. Қазіргі таңда аудандағы барлық кітапханаларда «Әлем –BOOK» бұрышы бар.
