Kyzylorda-news.kz Ұлты басқа болса да жүрегі қазақ деп соққан әдебиетші, аудармашы әрі сыншы Герольд Бельгер: «Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды», – деп Алаштың Әбдіжәмілдей ардақтысына баға берген екен. 

Бірінші қайырым немесе «Курляндиямен» есейген Есей

Арал. Үшкөң. Беларан. Шаңы мен тұзы көкке көтерілген мекен. Тау дейін десең тау жоқ, төбе дейін десең желді күні көзді аштырмайтын жал-жал құмы төмпешік іспетті. Ал, теңіз ше?.. Ол да тартылған. Сырттай қараған адамға тіршілікке қолайсыз, өмір сүруге болмайтын жер сияқты. Бірақ шын түсінген жанға бұл маңнан әсем, бұл мекеннен көркем жер жоқ. Өйткені бүгінде шаңы аспанға көтерілген қатпар-қатпар дала жүз жыл бұрын асау толқыны жағаға ұрған, шағаласы шулаған, балығы тулаған мекен еді. Балықшы қауым үшін нағыз жұмақ дерсің. Құдды бір ертегі әлем. Дәл осы жұмақ мекенде 1924 жылдың 22 қазанында әлем мойындаған қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті классигі, Қазақстанның халық жазушысы, роман жанрының хас сардары, Еңбек ері Әбдіжәміл Кәрімұлы  Нұрпейісов өмірге келген. 

Балалық шағы туған ауылында өткен Әбдіжәміл Кәрімұлы Ұлы Отан соғысы басталғанда не бары 17 жаста екен. Буыны қатар-қатпастан әскерге алынған ол қан майдан соғыстың бел ортасында болған. Қаламгер сұрапыл соғыстың сұм бейнесі мен сұрқия келбетін «Курляндия» арқылы суреттейді.  Романда алғашқы махаббат, алыстағы ауыл, майдан, от пен оқтың арасы, шым-шытырыққа толы оқиға берілген. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Мектеп қабырғасында жүрген кезінде тұтана жаздап өшіп тынған тұңғыш махаббаты – Зағипа бейнесінде, соңынан көкелеп хат жазып тұратын қарындасы Зейне, бозбала шағы тағдырдың қатал соққысына – Есей есімді солдатына арналған жазушы бейнесі роман беттерінен қалқып шыға келеді. Жазушы көзіндегі соғыс – Есей көзіндегі соғыс. Бір-бірінен мүлдем айырғысыз мінез, болмыс дегеніңіз – осы. Романның беломыртқа – фабуласы жазушының санасында солдат окобы мен блиндажында-ақ пісіп жетіліпті. Көзбен көріп, көңілге сіңген жәйт жылдам жазылды. Қыруар кейіпкердің басын құраған, төрт бөлімнен тұратын романның көлемі жиырма баспатабақтан асып жығылады», – дейді. 

Иә, осы «Курляндиядағы» Есей бейнесінен автордың өзін де көруге болады. Бұл кітапты жазуды бастағанда Әбе 23 жаста екен. Роман екі жылдан астам уақыт жазылады. Жазып бітемін дегенше Әбдіжәміл Нұрпейісов 25-ті толтырып, баспа бетін көріп, жарыққа шыққанда 26-ны толтырған көрінеді. Бұл – Әбеңнің әдебиет әлеміне қадам басқан тұңғыш шығармасы. Тілі шұрайлы, оқиғасы да замана үнін дөп басып тұр. Бұл роман кітап болып басылғаннан-ақ қолдан-қолға тимей оқылған. Сонда Сәбит Мұқанов: «Менің қазақ әдебиетіндегі 20 жыл күткен адамым енді келді» деп қуанған екен. 

«Курляндияны» қалай айтсақ та, қанша күн айтсақ та таусылмайды. Ол –  Ұлы Отан соғысының тұтас тарихын адам тағдыры арқылы баяндаған туынды. Шығармадағы қазақ Есей, орыс Долгушев, татар Хиззатулин, латыш Шоцикас сынды кейіпкерлер арқылы сан қилы тағдырды, қан майдан соғысты көз алдыңа әкеледі. 

Тұңғыш туындысымен-ақ әдебиет әлеміндегі орнын айшықтаған Әбдіжәміл Нұрпейісов 28 жасында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1956 жылы Мәскеудегі екі жылдық әдебиет институтында оқыған. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып та еңбек еткен. 1959-1960 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарған. Тіпті тәуелсіздік жылдары Қазақстан жазушылары ПЕН-клубының президенті де болды. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы болған.

Екінші қайырым немесе «Қан мен тер» һәм ел көзіндегі Еламан 

Әбдіжәміл Нұрпейісов десе көкейге бірден «Қан мен тер» оралады. Себебі, бұл роман-трилогия – қазақ әдебиетіндегі ірі шығарманың бірі. Әдебиеттанушы Ербол Шәймерденұлы «Қазақ сөз өнерінің елшісіне айналған роман жанрындағы ірі туынды – М.Әуезовтің өзі көзі тірісінде үлкен үміт артқан санаулы шәкіртінің бірі Әбдіжәміл Нұрпеисовтің «Қан мен тер» трилогиясы. Қаншама жыл бойы қазақ оқырманының көзайымына айналып келе жатқан, көптеген шет ел тілдеріне аударылған бұл шығарма – қазақ романының классикалық үлгілерінің бірі екені даусыз. Ол – ел-жұртымыздың ХХ ғасырдағы кезеңдік болмыс-бітімін көркем кестелеуінің үстіне, халқымыздың эстетикалық-философиялық дүниетанымын әлемдік әдебиет деңгейінде игерудегі із ашарлық дүниенің бірі», – дейді.

Автордың өзі бұл шығарманың соңғы нүктесі қойылған жоқ дейді екен. Өйткені әр оқыған сайын түзету енгізген. Роман оқырман тарапынан жақсы бағаланды. Тіпті әдебиетшілер де жоғары бағасын берді. Заманында мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Аяқтан шалушылар мен ілік іздеушілер ол кезде де табылды. Олар шығарманың астын үстіне төңкеріп отырып сараптады. Тіпті бір әрпін қалдырмай зерттеді десек қателеспеспіз. Ақыры, «жерден жеті қоян тапқандай» Мәскеуге арыз жазды. Өйткені «Қан мен терде» одақтық жазушылар ұйымы басшысының аты-жөні  жағымсыз кейіпкер болып кеткен. Бұны місе тұтқан Нұрпейісов жоқ. Өйткені ол кісі бұл туындыны әлі ізі сөне қоймаған тарихтан алып жазды. Онда да өзі білетін, анық-қанығына көзі әбден жеткен дүниені көркем шығармаға арқау етті. Шындығында,  Аралда балық сатумен айналысқан Марков есімді көпес болған. Бұл – құжатпен айғақталған, бұлтартпас дәлел. Осы құжат табылған соң «Қан мен терге» сын айтушылардың аузына құм құйылды десек те болады.

Көркем әдебиетті жата-жастана оқитындар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолымен» қатар «Қан мен терді» де әлем әдебиетінің айшықты туындысы санайды. Француз жазушысы Луи Арагон: «...Нұрпейісов пен Әуезовті салыстырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітаптар тақылеттес. «Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көрсететін көпмәнді эпиграфты тектен-тек қолданып отырған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да  заманауи әдебиеттегі үлкен шығармалармен қатар қоюға әбден болады» , – деп тұжырым жасаған.

Бір жағынан алып қарағанда «Қан мен тер» тарихи туынды. Анығырақ айтсақ, тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған роман. Тағы бір айта кетерлік жәйт, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терде» әрбір отбасындағы өмір өткелін, кейіпкерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін терең суреттейді. Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штабс-капитан Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет ошағына дейін назарға алған. Академик Рымғали Нұрғали: «Қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, «Қан мен терде» басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады», – деп трилогияның көркемдік ерекшелігін сипаттайды. 

«Курляндия» арқылы Есей болған Әбдіжәміл Кәрімұлы ХХ ғасырдағы ұлт азабын Еламан бейнесінде көрсетеді. Бірінен соң бірі жазылған трилогияда дархан даланың тарихы ғана емес, туған жердің, туған топырақтың, туған өлке адамдарының да өмірі  суреттеледі. Бірақ қалай беріледі, қалай өрбиді? Мәселе осында. Еламанның өксігі де, Ақбаланың қасіреті де адамның сай-сүйегін сырқыратып, жүрегін қан жылатады. Рымғали Нұрғалиша айтқанда, роман-трилогияның  бас қаһарманы Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана адам ретінде сараптағанда кінәлауға  да болмайтын дағдылар Еламан жан дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі  жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс. Жазушы ұлт басына төнген қатер мен өткен ғасырдағы алағай да бұлай өмірді бейнелеген шығармада кеңес үкіметінің қалай орнағанын анық көрсеткен. 

Үшінші қайырым немесе «Соңғы парыз» һәм парасатты Жәдігер

Әбдіжәміл Кәрімұлының қаламынан туған кесек туындының бірі –  «Соңғы парыз» роман-дилогиясы. Бұл құдды бір «Қан мен тердің» жалғасы іспетті. Себебі тағы да Арал, туған өлкенің адамдары жазушы шабытына арқау болған. Бір кездегі Еламан, Тәңірберген, Ақбаланың кер замандағы өмірі   Жәдігер, Әзім, Бәкизат болып қайта оралғандай әсер қалдырады. Алғашқысында теңіз тулап жатса, кейінгісінде Арал ортайған, тіпті қуарып қартайған дерсің. Әбіш Кекілбаев «Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған «зая ғұмыр әдебиеті» деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді», – деп ойын білдірген. 

Бұдан артық айту да, суреттеу де біздің қолдан келмес. Әйтсе де бұл кітапты оқыған әр адам «туған жерім үшін не істедім?» деп ойланары анық. Өйткені Нұрпейісовтің бұл шығармасы туған жер, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар жайына арналған. «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі кітаптан тұратын роман – дилогияға бір күн, бір түннің ғана оқиғасы сыйдырылған. Туындының ерекшелігі де осында жатыр.  Профессор Бағдат Кәрібозұлы бұл романда оқиғалы ішкі монологтар мен авторлық баяндаулардың көп екенін жазған. Бұлардың әрқайсысын романның құрылымынан бөліп алып, микроновеллалар не әңгімелер күйінде оқып, қабылдауға да болады. Бастысы ретінде Жәдігердің монологын алып қараған жөн. Ол ақыл-парасаты биік, ойы ұшқыр, өзіндік болмыс-бітімі бөлек жан. Шығармада балық колхозының қарапайым бастығы ретінде көрсетіледі. Сөйте тұра романды оқи отырып дүние танымы бөлек, алғыр, таза, ерек жан екенін ұғасыз. Дилогияны түсініп оқыған адам Әбеңнің өзі кейбір ойларын Жәдігердің аузына салғанын аңғарады. Романдағы Жәдігердің тағдыры Арал тағдырымен ұштасып жататыны да сондықтан. Туындыны оқып отырып,  Жәдігердің есіне «аяғы дүниенің ырың-жырың» деген әкесі айтқан сөздің түскенін көреміз. «Дүниенің басы сайран, түбі ойран» деген философиялық тұжырым да Жәдігердің монологында кездеседі. Суреткер Жәдігер тағдырын, трагедиясын жазу арқылы Арал тағдырын, оның бүгінгі аянышты күйін жеткізеді. 

Алаштың Әбесі атанған Әбдәжәміл Нұрпейісов «Соңғы парыз» арқылы туған жер алдындағы соңғы парызын өтегендей әсер қалдырады. Өйткені бұл шығарма – бүгінгінің ғана емес, келер ұрпақтың да санасына сәуле ұялатар туынды. Бір байқағанымыз, бұл кітапты оқыған жанның жадында «Аралға көмектесу керек» деген сөз мәңгі жазылады екен.  

Мақаламызға арқау болған Әбдіжәміл Нұрпейісов 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қаламгерге Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы және Қазақстанның құрметті жазушысы, «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендері мен медальдар беріліп, РСФСР Жоғарғы кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Алаштың ардақты ақсақалы, қазақ жұртының абызы,  классик жазушы 2022 жылдың 5 ақпанында өмірден өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туындылары миллиондаған оқырманның жүрегінен орын алды. Сөз сардары әрбір шығармасы арқылы тарихқа үңіліп, өткенді саралап, бүгінді бағамдай білді. Қазақ барда Әбдіжәмілдей жазушының есімі өшпейді. «Таулар алыстаған сайын биіктейді», сол секілді  жыл өткен сайын Нұрпейісовтің де есімі бұрынғыдан бетер биіктей түсері хақ. Өйткені ол кісі әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі болып тарих қойнауына енді. 

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағы да оқыңыз: