Kyzylorda-news.kz Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 23 сәуір – «Ұлттық кітап» күніне орай дәстүрлі «Әдеби автобус» жобасы аясында «Кітап QALA» атты мерекелік іс-шара өтті. Теміржол вокзалынан бастау алған №1 бағыттағы қоғамдық көліктің іші-сырты дәйекті сөздермен, шарлармен ерекше безендіріліп, кітапты ұлықтау мақсатындағы кезекті сапарына бет алды. 

Кітапханашылар қала тұрғындарына әлем бойынша кітапқа байланысты халықаралық жобаларды таныстырды. Атап айтсақ, «Бір ел – бір кітап», «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні»,  «Балалар кітабы күні».

Биылдан бастап елімізде 23 – сәуір «Ұлттық кітап күні» қосылуда.  Бұл мерекені ана тіліміздегі ұлттық таныммен танылған кітаптардың насихатталуына, шығарма авторларының беделі артуына үлкен қозғау салатын атаулы күн десек те болады. 

Іс-шара барысында кітапхананың белсенді оқырмандары ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, жолаушыларды бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, кішкентай өнерпаздар әннен шашу шашып, қоғамдық көлікте отырған әрбір адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кітапханашылар мерекелік іс-шараны қызықты өткізу мақсатында жолаушыларға түрлі викториналық сұрақтар қойды. Сондай-ақ, мақал-мәтелдердің жалғасын табу арқылы тапқырлық танытты. Сан түрлі тақырыптағы жұмбақтар шешіліп, өз білімдерін көрсеткен жолаушылардың барлығына сыйлақтар берілді. 

Айта кету керек, аталған іс-шараға «Ауыл» партиясы Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиалы мен Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Исаев Мирамбек Мырқыұлы қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. 

Осылайша, мереке қарсаңында кітапханашылар қауымы №1 қоғамдық көлігіне мінген әрбір жолаушының бір сәтін болса да, көңілді әрі қызықты өткізуіне өз үлестерін қосты.

Әдеби автобус .jpeg

Тағы да оқыңыз: