Жеке сот орындаушыларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне және актілеріне дау айту туралы талап қоюлар Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (ӘРПК) талаптарына сәйкес мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда қаралады.

ӘРПК-ның 136-бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Егерде талап қоюшы заңда белгіленген мерзімді өткізіп алса сотқа өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы.

«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы № 5 Нормативтік қаулысының 13-тармағында ӘРПК-нің 136-бабы талап қою түріне, талап қою нысанасына және оларды санамалау тәртібіне байланысты талап қоюды беру мерзімін көздейді.

Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін алдын ала тыңдауда анықтайды.

Талап қоюды беруге арналған мерзімінің сақталуын дәлелдеу және талап қоюды беру мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептерінің бар-жоғына дәлелдер ұсыну міндеті талап қоюшыға жүктеледі.

ӘРПК-ның 143-бабына сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

Егерде талап қоюшы соттың шешімімен келіспейтін болса ӘРПК-ның 168-бабының талаптарына сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, шешім жария етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалатын түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Қызылорда облысынң мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жер даулары мен сот орындаушыларының әрекетіне дау айту туралы талаптар көптеп түседі.

Сотқа шағынатын азаматтар сот орындаушыларының аумақтық палатасына емес, бірден сотқа жүгінетіндіктен, сот орындаушыларының әрекетіне қатысты даулар көбейіп барады.

Сотқа тікелей жүгінудің алдын-алу мақсатында, 2022 жылғы 22 ақпанда Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты мен Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Аталған меморандумға сәйкес, сот ұйғарымымен әкімшілік талап қою өндіріске қабылданған соң, сот тараптардың арасындағы дауды сотқа дейін шешу мақсатында әкімшілік талап қоюды Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында құрылған келісу комиссиясына жолдайды. Меморандумға сәйкес, кейбір даулар сотқа дейін шешіліп отыр.

Қорытындылай келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде жария-құқықтық дауларда, оның ішінде сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту бойынша туындайтын дауларды шешу мақсатын көздейтін кодекс аясында азаматтар бұрынғыдай өздерінің талабының дұрыстығын дәлелдемейді. Бұл жерде дәлелдеу ауыртпалығы жауапкерге жүктелген. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тиімді.

А.Сарсенбаев,

Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Тағы да оқыңыз: