Kyzylorda-news.kz 2024 жылдың 12 қарашасында Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімі, аудандық полиция бөлімі және пробация қызметі бірлесіп, пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесіп, «Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында маңызды шара өткізді. Шараның басты мақсаты – радикалдық идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру және дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу болып табылады.
Кездесу барысында қатысушыларға экстремистік және радикалды идеялардың қоғамға зиянды әсерлері, оның ішінде әлеуметтік тұрақсыздыққа, қауіпсіздік мәселелеріне және адамдардың өміріне төндіретін қауіптері түсіндірілді. Сонымен қатар,теріс идеологиялардың жастар арасында таралуының алдын алу үшін қоғамның әр мүшесінің белсенділігі мен жауапкершілігі аса маңызды екені түсіндірілді.
- Пробация қызметінің басты міндеті – есепте тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және оларды дұрыс жолға бағыттау. Бұл шарада пробация қызметкерлері азаматтарға құқықтық білімдерін арттырып, діни экстремизм мен радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыруға көмектесті.
Мұндай шаралар болашақта қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, дәстүрлі құндылықтарды нығайту және жастар арасында радикалдық ағымдардың алдын алу үшін маңызды қадам болып табылады,-дейді әділет аға лейтенанты Еркін Оразалыұлы.
Кездесу соңында есептегі азаматтар сала мамандарына сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.