Kyzylorda-news.kz. Сот жұмысы сотқа іс бойынша тарап болып табылатын жеке және заңды тұлғаларды шақыру мен хабарлаудан басталады. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ, куәлар, сарапшылар, мамандар мен аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады, яғни оларғаэлектрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлама жіберу арқылы, сондай-ақ хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары пайдаланыла отырып хабарлануы немесе шақырылуы мүмкін. Егер электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, соттың шақыру қағазы немесе қағаз жеткізгіштегі өзге де хабарлама белгілі болған соңғы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша жіберіледі, ал сотқа хабарланған мекенжай бойынша адам іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін. Адресатқа электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша оларды жөнелту уақыты растайтын есеппен тіркеледі, ал қолма-қол жеткізілген жағдайда, сотқа қайтарылуға жататын шақыру қағазының түбіртегінде немесе өзге де хабарламаның көшірмесінде белгіленеді.
Қазалы аудандық сот әкімшісінің бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Жадыра Бержанның мәлімдеуінше, егер шақыру қағазын жеткізген адам іс бойынша хабарландырылатын немесе шақырылатын адамды тұрғылықты жерінен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы онымен бірге тұратын отбасының кәмелеттік жасқа толған мүшелерінің біріне не олардың келісімімен басқа адамға, ал олар болмаған кезде – үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері кооперативінің немесе көппәтерлі тұрғын үйлер мүлкінің меншік иелері бірлестігінің не жай серіктестігінің, тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсету қызметінің уәкілетті тұлғасына не тұрғын үй басқарушысына, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның не оның жұмыс орны бойынша әкімшіліктің уәкілетті тұлғасына тапсырылады. Бұл жағдайларда шақыру қағазын қабылдап алған адам шақыру қағазының түбіртегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), сондай-ақ, адресатқа қатыстылығын немесе атқаратын лауазымын көрсетуге міндетті. Шақыру қағазын қабылдап алған адам оны кешеуілдемей адресатқа тапсыруға міндетті. Көрсетілген жағдайларда соттың шақыру қағазы тиісті түрде тапсырылған болып есептеледі.
– Адресат уақытша болмаған жағдайда шақыру қағазын жеткізетін адам қағаз жеткізгіштегі шақыру қағазының түбіртегіне немесе өзге де, хабарлауға адресаттың қайда кеткенін және оның қашан қайтып келуі мүмкін екенін белгілейді. Адресат соттың шақыру қағазын немесе қағаз жеткізгіштегі өзге де хабарламаны қабылдап алудан бас тартқан кезде, оларды табыс етуші адам, сотқа қайтарылатын шақыру қағазына немесе өзге де хабарламаға тиісті белгі қояды. Сондай-ақ, бұл туралы акт жасауға құқылы. Адресаттың соттың шақыру қағазын немесе қағаз жеткізгіштегі өзге де хабарлауды қабылдап алудан бас тартуы істі қарауға немесе жекелеген процестік әрекеттерді жасауға кедергі болмайды және адам тиісті түрде хабарландырылған болып есептеледі. Егер сот отырысына келуден жалтару белгілері анықталса сотқа құрметтемеушілік белгілері болып танылады және ол бойынша жауаптылық көзделгенін ескерген жөн, – дейді Қазалы аудандық сот әкімшісінің бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Жадыра Бержан.
Жалпы, сотқа құрмет көрсету, ол өз мемлекетіңді, заңыңды сыйлау. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, әркім тәртіпті өзінен бастап, мемлекетімізге, бір-бірімізге құрметпен қарап, заңдарды бұлжытпай сақтаған жөн.