Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының қос тұрғындары арасында пәтерді сыйға тарту шарты жасалып, егде жастағы әйел қайын сіңілісінің үйін алады. Өз кезегінде зейнеткер пәтерді банкке кепілге қойып, несие алып, ақшасын қайын сіңілісіне берген. 

Уақыт өте келе, аталған пәтерге байланысты тараптар арасында дау туған. Себебі, пәтерде зейнеткердің күйеуінің екінші қарындасы тұрып жатқан. Ол үйді босатпай, бұл пәтердің өзіне берілгенін айтқан. 

Осы ретте пәтеріне қол жеткізе алмаған зейнеткер Қызылорда қалалық сотына жүгінеді. Талап қоюында ол аталған пәтерді өз атына рәсімдеу кезінде ақша аз кетуі үшін сыйға беру шарты жасалғанын, пәтерді сатып алғанын көрсетіп, қазіргі таңда күйеуінің екінші қарындасы пәтерді босатпай, өзіне тиесілі пәтерді ала алмай отырған көрсетіп, оны үйден мәжбүрлеп шығаруды сұраған.  

Алайда, зейнеткердің күйеуінің екінші қарындасы талап қоюды мойындамай, даулы пәтерді меншік иесі болған адамның өзіне сыйға бергенін көрсеткен. 

Аталған іске үшінші тұлға ретінде қатысқан акционерлік қоғам  даулы пәтер банк кепілінде тұрғанын және оның меншік иесі жәбірленуші екенін көрсетіп, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған. 

Сот отырысына үшінші тұлға ретінде қатысқан жекеше нотариус тараптар арасындағы сыйға беру шарты заңға сәйкес өздерінің келісімімен жасалғанын, шарттың құқықтық салдары түсіндірілгені, өз еріктерімен қол қойғандарын, сол уақытта мұндай дау болмағанын көрсеткен.

 Істі қарау барысында даулы пәтерге талап қоюшы зейнеткердің меншік құқығы іске тіркелген құжаттармен объективті түрде расталды. Сот даулы пәтерде тұрып жатқан тұлғаны  мәжбүрлі түрде шығару туралы шешім шығарды.

Әрбір келісім құқықтар мен міндеттемелер туындатады. Сондықтан, әрбір азамат келісімдерге сәйкес өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін біліп жүргені абзал.

Фото: sud.gov.kz

Тағы да оқыңыз: