Заңды тұлғаларды мемлекеттік және қайта тіркеу Қазақстан Республикасының «Азаматтық кодексі» мен «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады.  Қарамақшы ауданаралық әділет басқарма басшысының м.а., Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Н.Асанова осы төңірігінде айтып өтті.

Әділет органдары  тіркеуші орган болып табылады.  Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы»  заңының 2 бабына сәйкес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мақсаты – заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметінің тоқтатылу фактісін күәландыру.

 Барлық құрылатын заңды тұлғалар өздерінің құрылу мақсатында, өз қызметінің түрі мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан  Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тіркеуге жатады.

  Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады. Ал коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олрадың филиалдары  мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

 Мемлекеттік тіркеу деректері, оның ішінде заңды тұлғалардың атауы, ал коммерциялық ұйымдар үшін - фирмалық атауы Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі. Заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады. Филиалдар мен өкілдіктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тіркеуге жатады. Ал заңды тұлғалардың жарғылық капитал мөлшері азайтылғанда, атауы өзгергенде, шаруашылық серіктестіктеріндегі қатысушыларының құрамы өзгергенде қайта тіркелуге тиіс. Аталған негіздер бойынша құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер заңды тұлға қайта тіркелмейінше жарамсыз.

    Заңды тұлғаларды мемлекеттік және қайта тіркеу үшін тіркеуші органға қазақ және орыс тілдерінде жасалған және екі данада ұсынылатын құрылтай құжаттары қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министірлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі.

 Акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтай құжаттарын қоспағанда, коммерциялық ұйымдарға жататан заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары мемлекеттік тіркеу кезінде ұсынылмайды. Акционерлік қоғамдарды мемлекеттік тіркеу үшін қазақ және орыс тілдерінде жасалған, нотариат куәландырған жарғы қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі.

    Шағын кәсіпкерлікке тиесілі заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу «Электрондық Үкімет» веб-порталында толтырылады және электрондық хабарлама жіберу  арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ орта кәсіпорындар да «Электрондық Үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік тіркеу үшін өтініш бере алады. Электрондық тіркеу арқылы 1 сағат ішінде бизнес-сәйкестендіру нөмірі тағайындалған электрондық сертификаттар беру арқылы жүзеге асырылады.

 Басқарманың негізгі міндеті- Сырдария,Жалағаш, Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласы көлемінде коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру; құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету; зияткерлік меншік құқығы саласында іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүзеге асыру.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

 

Тағы да оқыңыз: