Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы шеңберінде мемлекеттік қызметшілерге сыйлық бергені үшін айыппұл арқалау мүмкін екенін ескертеді.

Департаментке 2025 жылдың 6 қаңтарында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар материал түсті, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 676-бабымен қарастырылған.

Материалдарды зерделеу барысында 2025 жылдың 1 қаңтар күні сотталған Р. банк қосымшасы арқылы 5 000 теңге мөлшерінде («Жаңа жылыңызбен» деген жазуымен) ақша қаражатын Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметінің инспекторына аударғаны және ол қаражатты инспектор сотталған Р-ға қайта аударғаны белгілі болды.
Аталған құқықбұзушылық фактісі сотталған Р-дің түсініктемесі мен ақша аударымының түбіртегімен расталды.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен сотталған Р есімді азаматқа аталған әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 676-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 550 480 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Департамент азаматтарды мемлекеттік қызметкерлерге алғыс білдіру әдетінен бас тартуға шақырады, мұндай әрекеттер сыйлық берушілер мен мемлекеттік қызметшілерге зиянын тигізуі мүмкін.

Департамент өкілдері азаматтарға мемлекеттік қызметшілердің атқаратын жұмысы үшін кез келген ынталандыру заңды бұзу болып табылатынын ескертеді. 

Сондықтан осы және басқа да сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 бірыңғай call-орталығына хабарлауды сұрайды.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: