Kyzylorda-news.kz Облыста мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы үнемі бақылауда. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда Департамент жанынан құрылған Ведомствоаралық жұмыс тобының қызметіне бөлек тоқталғым келеді.
Өткен жылдың желтоқсан айында департамент басшысының жеке қабылдауында болған бір қала тұрғыны өзінің мекен-жайы бойынша үй тіркелімінде бөтен адамдардың тіркеліп тұрғанын айтып, наразылығын жеткізген болатын.
Мәселені анықтай келе, қаламызда осындай жүйелі проблема бар екені анықталды. Сол себепті Департамент осы бағытта әрі қарай зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Өздеріңіз білетіндей, бұрын қағаз түрінде үй кітапшасы қолданылып келді (домовая книга). Оны электрондық форматқа өзгерту үшін 2018 жылдың аяғынан бастап «Электрондық үй кітабын» іске қосқан болатын.
Ал электрондық үй кітабы толыққанды жұмыс істеу үшін әрбір үйге 16 цифрдан тұратын бірегей (уникальный) «мекен-жай тіркелім коды» (РКА код) беріліп, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізу қажет болды.
Яғни, үй иесі Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мекенжай бойынша меншік туралы және тіркелген тұлғалар туралы ақпаратты енгізуі керек болатын.
Алайда, 2019 жылы елімізде сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін шұғыл қалыптастыру тапсырмасына сәйкес, электрондық үй кітабына көшуді жылдамдату қажеттілігі туындап, жауапты қызметкерлер әрбір үй-жайды жағалап, тиісті РКА кодын беріп, сол мекенжайда тіркелген азаматтар тізімін жасақтап шығарған.
Жұмыс барысында белгілі бір себептермен кемшіліктер орын алған, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау барысында да қателіктер кетіп, көптеген мекенжайларға бірдей «мекен-жай тіркелім коды» (РКА код) беріліп кеткен. Осыған байланысты бір мекен-жайда бірнеше бейтаныс адамдар тіркеліп кеткен болса, кейбір жағдайда адамдар өздерінің мекен жайларында тіркеуде жоқ болып шықты. Бұл мәселе адамдардың мемлекеттік қызметтер алу кезінде әуре-сарсаңға салынуына алып келді.
Мәселенің маңыздылығы ескеріле отырып аталған сұрақ Департамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының ағымдағы жылдың наурыз айындағы кезекті отырысының күн тәртібіне шығарылды.
Тиісті құзырлы органдарға қыркүйек айына дейін туындаған мәселені шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Кемшіліктерді жою бойынша ұзақ мерзім берілуі мәселенің күрделі екеніне байланысты болды.
Департамент бастамасымен осы мәселені шешу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі және облыстық көші-қон қызметімен ағымдағы жылдың наурыз айында бірлескен жұмыс жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобы шеңберінде мәселені шешу алгоритмі қалыптастырылып, тиісті ақпараттық жүйелер арқылы 5 мыңнан астам (5311) қала тұрғыны әртүрлі мекенжайда жүргені анықталды.
Нәтижесінде, нақты тізім жасақталып, Қызылорда қаласында 720 тіркелім кодына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Халыққа қызмет көрсету орталығына шақыра отырып, мемлекеттік қызмет көрсетілді, яғни тіркелім кодына сәйкес мекен-жайлары түзетілді. Бірлесіп атқарылған жұмыс нәтижесінде бүгінгі таңда мәселе өз шешімін тапты.
Дегенмен де, кейбір қызмет алушылар өздерінің мекен жайын ауыстырған немесе соған ұқсас жағдайлар орын алған кезде дер кезінде өзгерістер енгізбесе, мұндай жағдайлар қайталануы мүмкін екені ескерілді.
Бұл мәселе департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының қыркүйек айында өткен мәжілісінде талқыланып, құзырлы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Жалпы, жыл басынан бері Департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының 3 отырысы өткізіліп, мемлекеттік органдарға 20 астам ұсыныстар берілді.
Сонымен бірге, әр ай сайын Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, әсіресе қоғам белсенділері аудан, қала және облыс орталықтарында халыққа қызмет көрсететін орталықтарға барып, қызметтердің сапасына мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Орын алған кемшіліктерді департаментке хабарлап, олар бойынша тиісті ұсыныстар енгізіледі.
Алдағы уақытта да көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары департаменттің негізгі басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
Егер Сіздің мемлекеттік қызмет алуда құқықтарыңыз бұзылған болса Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағымдануыңызға болады.
Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс,1. Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70-56-36, 70-00-40.
Е.Мендалиев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі
кеңестің төрағасы