Kyzylorda-news.kz  Тергеу ішкі істер органдарында қылмыстарды тергеуді, анықтауды және ашуды қамтамасыз ететін және тергеу, анықтау және әскери-тергеу бөліністерін үйлестіруді жүзеге асыратын бағыт болып табылады. 

Негізгі функцияларына ішкі істер органдарының тергеуіне жатқызылған қылмыстардың жан-жақты, толық және объективті тергелуін қамтамасыз ету мақсатында тергеу, анықтау бөліністерін және әскери-тергеу бөліністерін ұйымдастырушылық-әдістемелік басқару және аймақтық бақылау; тергеу, анықтау бөліністерінің және әскери-тергеу бөліністерінің қызметін ақпараттық-аналитикалық қамтамасыз ету; қылмыс жасаған адамдарды уақтылы әшкерелеу және қылмыстық жауапкершілікке тарту, жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету; әскери қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу кіреді. Сонымен қатар, қылмыстық істерді тергеу барысында азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; қылмыстық іс жүргізу саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен қылмыстар профилактикасы мен қылмыстарды анықтаудың, ашудың және тергеудің отандық және шетелдік оң тәжірибені зерделеу, жалпылау және ішкі істер органдарының практикасына енгізу жатады. Сондықтан да, тергеу – ең ауыр, ең күрделі қызметтердің бірі саналады. Бұл саланың тарихы да, тереңнен бастау алады. Тікелей адам тағдырын шешетін тергеушілердің маңыздылығы мен ішкі істер органдарындағы орны ерекшеленіп тұрады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін еліміздің тәуелсіздігімен қатар тергеу аппаратының да дербес даму кезеңі басталды. Бірақ алғашқы сәттен-ақ ішкі істер органдары үлкен сынаққа ұшырады. Әлеуметтік жағдайдың төмен болуына байланысты Қазақстанда қылмыстық топтар бас көтеріп, қанат жайды. Қылмыскерлер заңның осалдығын пайдаланып, еркін әрекет етті. Қызметтегі түрлі өзгерістер мен қиындықтарға қарамастан тергеушілер өз міндеттерін адал орындады. Қылмыс орындарына барып, айғақтар мен дәлелдемелер жинап, күдіктілерден жауап алды.

Бассыздықты жойып, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрықтау мақсатында 1995 жылы Қазақстанда тергеу органдарының елеулі реформасы жүргізілді. Осы жылдың 6 қазанында Президент Жарлығымен республикада Мемлекеттік тергеу комитеті құрылып, жеке дара ведомствоға айналды. Алайда басқа қылмыстардың назардан тыс қалуына, ішкі істер органдарымен өзара байланыстың болмауына және басқа құқық қорғау органдарымен бәселекестіктің орнауына байланысты 1997 жылы 5 қарашада Мемлекеттік тергеу комитеті таратылып, ондағы тергеу аппараты Ішкі істер министрлігі жүйесіне берілді. Кейіннен алдын-ала тергеу жүргізуге құқығы бар басқа да органдар анықталды. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері болды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы қылмыстық сот өндірісінің негіздері түбегейлі қайта өңделіп, жаңа Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекс қолданысқа енді. Осы орайда алдын-ала тергеудің орнына сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүйесі енгізілді. Бұл қылмыстық іс жүргізу барысын электронды форматқа ауыстыруға алғашқы қадам болды. Заман ағымымен келген өзгеріс қылмыстық процестің ашық болуына, жалған құжаттарды жасау қауіптерін барынша азайтуға, онлайн режимде жүйелік ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды жүргізуге мүмкіндік берді. Жаңа кезеңге аяқ басқан сайын тергеушілердің де біліктілігі артып келеді. Оған дәлел – 2020 жылы ашылған қоғамда резонанс тудырған қылмыстар. Оның бірі – республикамыздың 15 өңірінде 18 мыңға жуық адамға 30 млрд-тан астам теңгеге шығын келтірген қаржы пирамидалары. Тергеу қызметі 30-дан астам қылмыстық істі тіркеп, күдіктілердің кінәсін дәлелдеп, жәбірленушілерге келтірілген шығынды қайтару үшін үлкен жұмыс атқарды. Осындай тағы бір мысал – Бахрейнде адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне қойылған тосқауыл. Ішкі істер министрлігі қыздарды сексуалдық құлдықта ұстағандарды әшкерелеп, жәбірленушілердің елге оралуына көмектесті. Бұл істің ашылуында да тергеушілер маңызды рөл атқарды. Бүгінде 60 жылдық тарихы бар тергеу қызметі – ішкі істер органдарындағы негізгі салалардың бірі. Қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша жұмыс істейтін бұл жүйе жылдан жылға дамып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстандық тергеушілердің жұмысына шетелдік озық тәжірибелер енгізіліп, халықаралық қатынастар нығайтылуда. Көршілес елдердің тергеу қызметтерімен, Интерпол ұйымымен байланыс жолға қойылған. Тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, азаматтарымыздың құқықтарын сақтап, жұмыстарына адал болуына бар жағдай жасалуда.

Осы ретте қоғамдық тәртіп пен азаматтар қауіпсіздігін қорғауда ішкі істер органдары жүйесінде тергеушілер мен анықтаушылардың рөлі айрықша маңыздылығы айтпаса да, түсінікті. Бүгінде Қазалы аудандық полиция бөлімінің тергеу-анықтау бөлімшесі әріптестері арасында абырой биігінен көрініп келеді. Қырағылық пен білім, сауаттылықты қажет ететін орында мамандар кәсіби табыстарға жету жолында уақыт талабына сай, ізденіс үдесінен табылуда.

Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тергеушілер өз ісінің майталмандары ретінде қылмыскерлерді аса сақтылықпен құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы, оның ақ пен қарасын айырып, Қазақстан Республикасы заңына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізеді.

Тергеуші мамандығы қашан да, шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап еткен. Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейді. Адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермейді де. Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Ал, полиция қызметінде тергеушілік ісіне ғұмырын арнаған жеке адамдардан бөлек, тұтастай бір әулеттер де аз емес. Бүгінгі күні қоғамдағы тәртіп пен берекені бұзып, айналаны дүрбелеңге салатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар қатары жеткілікті екені сіз бен бізге мәлім. Ал, қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері ерен деп айтсақ артық болмас. Нағыз өз ісіне берілген мамандардың ұстанатын талап үделері бар. Әдетте, тергеуші өзінің қызметтік міндеттерін орындаған кезде үш арнадан бастау алады. Біріншісі – процессуалдық нормалар. Екінші – тактикасы, тергеуші қылмысты із суытпай тез арада ашып, кінәліні анықтау мақсатында өзінің тактикалық жүйесін, әдіс-тәсілін күні бұрын анықтап қоюы керек. Ал, үшіншісі – әдептілік қағидалары. Соған сай, тергеушілердің тегеуріні мықты болуы керек.

Қылмыс атаулыны құрықтап, қылмыскерді іздеп тауып, олармен бетпе-бет тілдесетін, бар кінәсін бұлтартпайтын айғақтармен мойындататын маманның бірі – тергеуші. Тергеуші мамандығы қызметте сауаттылық пен білімділікті, ой ұшқырлығы мен төзімділікті талап етеді. Тергеушінің негізгі қағидаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң шеңберінен аспауы керек.

Басқаша айтқанда, қылмыстық істі тергеудегі басты кейіпкер – тергеуші. Сондықтан, олар ең алдымен, адамның жан дүниесін әбден біліп алуға міндетті. Ал, тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен кәсібилігі. Тергеуші өз жұмысында жағымсыз фактілермен жиі кездеседі, сондықтан да, эмоцианалды тұрғыдан тұрақты, ұстамды, төзімді болуы тиіс. Тергеуші заңды жақсы меңгеріп, қылмыстық-процестік заңнаманы жақсы білуі және олардың талаптарын сақтауы міндетті. Тәжірибе мен біліктілікті тең ұстап, әділдіктің ақ жолынан таймау, алдыңа келген әр жанның шынайы бет-бейнесін тану, психологиялық қарым-қатынасты бағыттай білу кез келген заңгердің қолынан келе бермейтін ауыр да, жауапты іс. Сондықтан да бұл істің мамандары әрқашан қызметте тәжірибе алмасып, тығыз байланыста қызмет атқарады. Әрбір жауапты істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығатыны тағы бар.

Деректерге көз жүгіртсек, өткен жылдың 9 айында Қазалы ауданында 240 қылмыстық іс тіркелген. Оларды түрлі бағыттарына қарай саралап, оң шешімін табуға атсалысқан. Тергеушілердің тегеурінді талаптары арқылы сотқа – 106 іс жолданған. Олардың – 10-ы ауыр, 42-сі аса ауыр. Бұлтартпас айғақтар арқылы кінәлілерді дәл табу биыл да, оң көрсеткіш көрсетіп отыр.

2024 жылдың жыл басынан бері – 64-қылмыстық құқық бұзушылық іс қаралған. Өткен жылдың үш айында құқық бұзушылық іс – 93-ті көрсеткен. Тергеу өндірісіне – 46 қылмыстық іс түскен. Анықтау өндірісінде – 18-іс болса, 29 қылмыстық іс тергеу, 12 қылмыстық іс анықтаумен шешімін тапқан. Мерзімі асырылып, тергелген қылмыстық істер саны біреу ғана. Қылмыстық істерді сотқа жолдау бағытында жеделдік бар. Осы уақыт аралығында – 23 қылмыстық іс жолданса,  8 іс тоқтатылған. Қайта тергеуге қайтарылған, ақтау үкімімен шыққан істер жоқ. Таңдаулылылар тоғысқан бөлімшеде іріктелген мамандар ғана қызмет атқарады. Аға тергеуші, полиция майоры Ғанибек Рысмамбет, тергеушілер, полиция капитаны Көбейсін Нұрбол, полиция аға лейтенанты Асхат Ғанилар тәжірибесі толысқан қызметкерлер. Аға анықтаушы, полиция майоры Оразбай Әбдіхалықов, анықтаушы, полиция капитаны Арман Ерғараевтар әмбебап маманға айналған.

«Тергеушілер мен анықтаушылар алдында қашан да үлкен міндет, зор жауапкершілік тұрады. Бір іс бір іске, бір күн бір күнге ұқсамайды. Қандай жағдай орын алса да, қырағылық пен жауапкерішлік жүгін көтеруге күш саламыз», – дейді Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, бөлімше меңгерушісі полиция подполковнигі Бауыржан Тұрман.

Тағы да оқыңыз: