Kyzylorda-news.kz Спортпен шұғылдану – адамды шыңдап қана қоймай, өмірге деген құлшынысты арттырады. Мұны ескерген ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі ойды оятумен қатар, бойды сергітетін іс-шаралар өткізуге басымдық беріп келеді. “Асыл Мұра-Орда” қоғамдық қорымен бірлесе отырып, сотталған азаматтар арасында теннис ойынын ұйымдастыруы да соған дәлел.

Спорттық іс-шараның мақсаты – сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасап, ортақ тәртіпке шақырып, алға ұмтылуға ықпал ету. Әрқайсысы ойын барысында осалдық танытпады. Екі тарап та ептілігін көрсетіп, ұпай жинауда ұтымды тәсіл қолдана білді. Жарыс қорытындысы бойынша, теннисте топ жарған үздіктер марапатталып, белсенді қатысушыларға Алғыс хат табыс етілді.

– Бүгінгі ойыннан түсінгенім, теннис – төзімділікті талап етеді екен. Мүлт кетіп жатсаң да, екінші мүмкіндікте мүдірмеуге тырысып бағасың. Әр қимыл-қозғалыстан соң ішкі күйзелістен арылып, жеңілдегендей күй кештім. Мұндай спорттық ойындар тек денені шынықтыруға емес, ой сергітіп, жанға жаңа леп беретінін ұғындым, - дейді сотталушының бірі.

Бұл бағыттағы спорттық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын таба бермек.

Тағы да оқыңыз: