Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда елімізде тәртіп сақтау мәселесі ерекше назарға алынуда. Әсіресе, қоғамдық орындарда заң бұзушылықтардың жиі орын алуы, жол ережелерінің сақталмауы, экологиялық талаптардың еленбеуі қоғамдағы тәртіпке әсер етуде. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекет көптеген шаралар қабылдауда, оның ішінде айыппұл жүйесі де бар.
Негізінен айыппұл – құқықтық тәртіпті сақтаудағы маңызды тетік. Ол заңбұзушылықтардың алдын алуға, жауапкершілік пен тәртіпті нығайтуға бағытталған. Дегенмен айыппұлдың тиімділігі, әділдігі және оның қоғамға тигізетін әсері туралы пікірлер де әртүрлі.
Айыппұл о не деген ғайып бұл?
Соңғы уақытта «көлікті бес минуттан артық қыздыруға болмайды» деген пікір қоғамда кеңінен талқыланып, белгілі бір дәрежеде үрей туғызған еді. Бұл жөнінде мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева осы аталған мәселеге байланысты пікір білдірген еді.
– «Жол қозғалысы туралы» заң мен жол қозғалысы ережелерінде көлікті бес минуттан артық қыздыруға тыйым салатын ешқандай нақты норма жоқ. Дегенмен бұл пікірдің пайда болуына байланысты бірнеше заң тармақтарына назар аудару қажет. «Бес минут» ережесі «тоқтау» мен «тұраққа қою» ұғымдарын дұрыс түсінбеуден туындаған. Яғни, жүргізуші көлікті бес минуттан артық тоқтатып қойса, бұл «тұрақ» болып саналады. Ал көліктің қозғалтқышы тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық тудырмаса, онда әкімшілік құқықбұзушылық болып саналмайды. Егер тұрғын ауданда ауыр жүк көлігімен немесе трактормен тұрып, шу мен түтіннен тұрғындар қолайсыз жағдайға тап болса, олар шағымдануы мүмкін. Мұндай жағдайда 597-бапқа сәйкес, көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, – деді ол.
Иә, бұл мәселе қоғамда үлкен дау туғызған еді. Жақында мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желіде аталған мәселеге қатысты тыйым салатын норманы алып тастағанын мәлім етті.
– Көлігі бес минуттан артық оталып тұрған адамдарды жазалау туралы шешімді депутаттар қайта қаруды ұсынды. Ал уәкілетті министрлік оны мақұлдады. Осылайша көпшілік арасында дау тудырған мәселе өз шешімін тапты, – деді ол.
Жол қозғалысы жүйелі болуы керек
Елімізде заңбұзушылықтарға қарсы белгілі бір айыппұл мөлшері енгізілген. Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше 2024 жылғы 3 қазандағы №131-VIII санды Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, 592-бап бойынша көлік құралының белгiленген жүру жылдамдығын сағатына оннан жиырма километрге дейiн арттыру – 5 АЕК 19 660 теңге, жиырмадан қырық километрге дейiн – 10 АЕК 39 320 теңге, қырықтан алпыс километрге дейін 20 АЕК 78 640 теңге, алпыс және одан көп километрден астам шамаға арттыру – 40 АЕК, яғни, 157 280 теңге көлемінде айыппұл төлеуге алып келеді. Ал егер осы баптың 3-1-бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталанса 60 АЕК, яғни, 235 920 теңге төлеуге мәжбүр етеді. Былайша айтқанда белгіленген жол жүру жылдамдығын арттырған сайын айыппұл мөлшері де артатынын естен шығармаған жөн.
Сондай-ақ, қала аумағында былтырғы жылдан бастап автокөліктер көп жүретін көше бойларына жол қауіпсіздігі мен жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын жалпы саны 10 дана «Сергек» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылары жұмыс істеуде.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы жылдан бастап аталған құрылғымен 548 құқық бұзушылық анықталып, 7 млн 225 мың 353 теңге айыппұл салынған. Оның ішінде құқық бұзушылыққа қатысты 5 млн 658 мың 218 теңге көлемінде қаржы өндірілген. Ал аталған құрылғы екі бағытта жылдамдық асырған және жол ережелерін сақтамаған автокөліктерді анықтайды.
Тәртіпке бағынған құл болмайды
Шыны керек қазір қоғамда адамдар бұл тәмсілді ұмытқандай. Біреуі кез келген жерге «былш» еткізіп түкірсе, енді бірі қоғамдық орында балағат сөз айтады. Мұндай әбес қылыққа айналаңдағы адамдардың жай жиіркенішпен қарағаны былай тұрсын, заң жүзінде жазаға тартылады.
Қазақстан заңнамасында балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Ол үшін 100 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жауапкершілік көзделген. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін Ал ұсақ бұзақылыққа қоғамдық орындарда балағаттау, жеке тұлғаларға тиісу, ғимараттарды және өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бүлдіру сондай-ақ, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге тиісті айып мөлшері де заң жүзінде бекітілген.
Әлемдік тәжірибеге үңілсек, жағымсыз әдеттен тез арылуға үйрететін тәсіл көп. Соның бірі – Үндістан елі. 2020 жылы ел үкіметі көшеде түкіргендерге 500 рупий (3 мың теңге) көлемінде айыппұл салатын заң шығарды. Ал Үндістанда індет кеңінен таралғанда бұл жазаны күшейтіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыратын болды. Себебі, үнділік дәрігерлер құрт ауруы, COVID-19 індеті ауада таралған түкірікпен жұғатынын анықтаған.
Қырғыз елінде насыбай атып, жерге түкірген адамға 5500 сом көлемінде айыппұл салады. Теңгемен есептесек 30 мың теңге.
Лондонда байқаусызда көшеде түкіріп қойса 100 фунт стерлинг (55 мың теңге) айыппұл өтейді. Ал, өркениеттің ордасы атанған Сингапурда ауызға да, қолға да ерекше абай болған жөн. Себебі, жерге тастаған қоқыс үшін 1000 доллар (338 мың теңге) төлеуді міндеттеген. Мұнан бөлек елде тәртіпті бұзған, табиғатты ластаған адамға бірден айыппұл салынады. Мәселен, қоғамдық көлікте тамақтану немесе алкогольді ішімдік ішудің өзі мыңдаған доллар айыппұлға әкелуі мүмкін. Бұл елде сағыз шайнаған былай тұрсын оны сатуға да тыйым салған.
АҚШ-та жылдамдықты асырғаны үшін азаматтар 1000-2500 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Оның мөлшері жол ережесінің қай штатта бұзылғаны байланысты. Ішімдік ішіп, рөлге отырғандар үшін де әр өңірдің дербес заңдары бар. Оның ең қаталы Иллинойс штатында. Онда өмір бойына жүргізушілік куәлігінен айыру, 3 жыл түрмеге тоғыту және 25 000 доллар айыппұл төлету қарастырылған.
Ал Қытайда оқушылар да айыппұл арқалауы мүмкін. Мұндай жаза сабаққа кешігіп келетіндерге, үй тапсырмасын орындамайтындар мен мектеп ережесін сақтамайтындарға қолданылады. Мұндағы мақсат – балалардың оқу үлгерімін жақсартып, темірдей тәртіп қалыптастыру. Десе де бұл әдіс-тәсіл қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды екен. Бұл ел тұрғындары үшін оқушыларға шамадан тыс қысым көрсету күйзеліске ұшыратып, мотивацияның төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Қорыта келгенде, айыппұл жүйесі – тек жазалау құралы ғана емес, ол қоғамда тәртіп орнатудың маңызды механизмі болып табылады. Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің басқа да дамыған мемлекеттерінде айыппұлдың кеңінен қолданылуы азаматтардың құқық бұзушылықтарға деген жауапкершілігін арттырып, тәртіпті сақтауға ықпал етеді. Тәртіп бұзу – тек жеке адамның мәселесі емес, ол бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан да әрбір азамат өз әрекетіне жауап беріп, заңды құрметтеу арқылы қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуы қажет.
Аружан ЕРАЛЫ
Фото: Нұрболат Нұржаубай