Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданы бойынша аудандық кітапхана ғимаратында кітапхана қызметкерлері бас қосып, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды кеңінен талқылады. Жиынның негізгі мақсаты – жаңа өзгерістердің мазмұнын түсіндіру, оның мәдениет және ақпарат саласына ықпалын саралау, сондай-ақ кітапхана ұжымының ортақ пікірін қалыптастыру болды.
Кездесу барысында мәдениет саласындағы жаңашыл бастамалар, кітапханалардың қоғамдағы рөлі, ақпараттық ашықтық пен қолжетімділікті арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің азаматтардың құқықтарын қорғау, ақпарат алу еркіндігін қамтамасыз ету және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы маңызы жан-жақты талқыланды.
Кітапхана қызметкерлері жаңа Конституция жобасындағы нормалардың қоғам дамуына серпін беретінін атап өтіп, бұл өзгерістер елдің мәдени-рухани әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін жеткізді. Әсіресе, халыққа сапалы ақпарат ұсыну, оқырмандардың білімін арттыру және кітап оқу мәдениетін дамыту жолындағы жұмыстардың маңыздылығы айтылды.
Жиын барысында кітапхана саласының өкілдері ұсынылып отырған реформаларды қолдайтындарын білдіріп, қоғаммен тығыз байланыс орнату, ақпараттық-ағартушылық шараларды күшейту және оқырмандармен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.
Сырдариялық кітапхана ұжымы үшін бұл кездесу өзара пікір алмасып, ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды талқылауға мүмкіндік берген мазмұнды әрі мағыналы басқосу болды.
