Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданында отбасы мен қызметті қатар алып жүрген ерлі-зайыпты қатарында құқық қорғау саласында еңбек ететін жандар жеткілікті. Құқық қорғау саласының майталмандары Жандос Жұмабек пен Гүлстан Жұмабекті осыдан 6 жыл бұрын өздерінің сүйікті мамандығы арқылы табысқан екен.
Қашанда бір-бірін ұғуға тырысатын ерлі зайыпты аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Қоғам тыныштығын күзетумен айналысатын сала мамандары бір көргеннен тіл табысып, қыз бен жігіт ретінде сөйлесуге байлам жасағаны үлкен өмірге жол ашты. Олардың отау құрғанына 4 жылдан асты. Бір қызығы, Гүлстан жолдасы Жандостың тегіне өткен екен.
– Өмірлік қосағыммен сүйіп қосылғандықтан, оның тегіне өту – мен үшін абырой екені даусыз. Тегімді өзгертуді бірінші жолдасым ұсынғанда ойланып шешім қабылдадым. Кейін ата-анамның келісімін жолдасым алған болатын. Олар қарсылық білдірмеді, қайта ақ батасын берді. Қазір үлкен әулеттің жүгін көтере білетін, ерімнің беделін биіктетуді мақсат еткен инабатты келін, аяулы жармын. Жандос екеуміз жұмыс бабымен көбіне отбасымыздан тысқары боламыз. Жалпы, жолдасымның әкесі де құқық қорғау саласында еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында. Бір күні облыстық полиция департаментіне өз салама қатысты іс-сапармен едім. Сонда қайын ағамды кездестіріп қалған жайым бар. Ағамызды көрген бойда пагонда екенімді ұмытып, бірден иіліп сәлем бергенім әлі есімде, – дейді Гүлстан Жұмабек бізбен әңгіме барысында.
Құқық қорғау саласының қызметі қай кезде де қауырт. Сондықтан жарасымды жұп кез келген мәселеге қатысты шақыртуларға бірге баруға, үнемі бірге жүруге ұмтылады. Қызмет барысында бір-біріне қолдау көрсетеді. Бос уақыттарында балаларына көңіл бөліп, өзге қалаларға саяхаттағанды ұнатады. Қазіргі уақытта Жандос – учаскелік полиция қызметкері болса, Гүлстан жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Негізінен, жасөспірімдермен жұмыс жасау әрі қиын, әрі қызықты. Біз үшін әр баланың өмірі, қауіпсіздігі маңызды. Өкініштісі, қоғам өмірінде баласына қарамайтын ата-аналар көп. Негізінен, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста болуға мүдделіміз. Кәмелетке толмаған балаға 18 жасқа келгенге дейін ата-анасы жауапты болатыны жасырын емес. Жауапкершілікке немқұрайлы қараған ата-анаға заң шеңберінде әкімшілік хаттама рәсімделетінін ескерте кетейік. Өзім ана болғандықтан қараусыз қалатын балаларды көрсем, жүрегім ауыратыны жасырын емес. Осы ретте, баланың қалыпты деңгейде өсіп-жетілуіне тұрақты және жайлы отбасының әсері мол екенін қайта-қайта айтуда жалықпаймыз. Шаңырағы шайқалып, үнемі ұрыс-керіске жол беретін әрбір үйде тәрбиесі төмен бала тәрбиеленіп шығады. Бұзақылыққа, тәртіп бұзушылыққа баратын балалар ата-ананың бақылауынан шығып кетеді, – дейді сала маманы.
Әркез уақытпен санаспайтын Жандос Жұмабек әкесі салған сара жолды жалғастыруды қалаған.