Kyzylorda-news.kz «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы аясында Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Жақып, Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Х. Аманжол және Сырдария аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры А.Спатаев мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері түсіндірілді. Шараның мақсаты – жаңа жыл мерекесі кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жаңа жылдық іс-шаралардың қауіпсіз өтуінің басты кепілі екенін еске саламыз және азаматтарды жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады.
Айта кетейік, төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай.
