Kyzylorda-news.kz  Өткен жылға өкпе жоқ. Өйткені, өңірдегі полиция қызметкерлері біраз істің тінін тарқатты. Соның нәтижесінде аймақта криминогендік ахуал тұрақталып, жалпы қылмыс саны 6 пайызға төмендеген. Ендеше, оқыс оқиғалардың ортасынан табылып, қауіп-қатерге қарсы келген Сыр сақшыларының 2023 жылы атқарған жұмысын саралап көрелік.

Профилактикалық шаралардың нәтижесі бар

Тәртіп сақшыларына қойылатын талап әркез жоғары. Қоғамдық тұрақтылықты берік ұстау – сала мамандарының бұлжымас борышы. Бүгінде, аймақта 2 мыңнан аса тәртіп сақшысы антына адалдық танытып, қоғам тыныштығын сақтап жүр. Қызметкерлердің қалтқысыз қызметтің арқасында өткен жылы өңірде қылмыстық оқиғалар 6 пайызға азайған. Бұл дер кезінде қабылданған профилактикалық шаралар нәтижесі.

–       Қабылданған шаралардың нәтижесімен жалпы тіркелген қылмыстар 6 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, қоғамдық орында, көшеде, топпен, қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны азайды. Ауыр және аса ауыр, ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстардың, пәтер ұрлығы, мал ұрлығының ашылу көрсеткіші жақсарды. Облыс көлемінде қылмыстардың тіркелуі 2778-ден 2614-ке төмендеді,– дейді ОПД бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Иә, қоғам тыныштығын бұзатындардың бірі топ-топ болып жүретін тентектер. Ұйымдасқан қылмыстық топтар жанжалдың тұтануына түрткі болып тұрады. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен бекітілген рейдтік шаралар жиі ұйымдастырылады.

–       Есепте тұрған тұлғаларға қатысты рецидив қылмыстарының алдын алу бағытындағы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тиісті қызмет салаларымен бірлескен түрде қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Құқықтық тәртіп», «Бродяга», «Түнгі қала», «Бұзақы» атты жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді, – дейді полиция полковнигі Ж.Байжұманұлы.

Рейдтік шаралардың нәтижесінде облыс көлемінде орын алған аса ауыр қылмыстар ашылды. МәселенҚызылорда қаласында орналасқан дәмханалардың бірінің алдында 27 жастағы қала тұрғыны үшкір затпен дене жарақатын алып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Жедел іздестіру барысында аса ауыр қылмыс жасаған 22 жастағы күдікті анықталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілген.

Алаяқтарға тұсау салынды

Қоғамда айлакерлердің адамды алдап, арбап, ақшасын жымқыратын алаяқтық фактілері көбейіп кетті. Жылдам әрі жеңіл ақша табамын деп бармақ тістеп қалғандардың шығындары да шаш етектен. Өткен жылы 579 азамат айлакердің арбауына түскен. Оның 171-і ғаламтор арқылы онлайн алданған. Тұрғындардың өз мәліметтеріне салғырттығы мен шамадан тыс аңғалдығы интернет желісінде алаяқтықтың жылдам тарауына сеп болып отыр. Орын алған интернет алаяқтық қылмыстарды ашу мақсатында жедел жұмыстар атқарылып, күдікті тұлғалар анықталды. Мысал ретінде айтсақ, 2022-2023 жылдары аралығында Whatsapp және Telegram әлеуметтік желілерінде жәбірленушілерге өзінің танысының атын жамылып, алаяқтық қылмысын жасаған 22 жастағы қала тұрғыны анықталды. Тергеу барысында аталған азаматтың 21 қылмыстық іске қатысы бары белгі болды. Ол жәбірленушілерге бас-аяғы 11 млн. теңге шығын келтірген. Іс сотқа жолданып, нәтижесінде күдіктіге қатысты үш жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

–       Алаяқтық қылмысының тіркелуі 609-дан 549-ға азайған және қылмыстың ашылуы 71,7-ден 89,1 пайызға дейін жоғарылаған. Алаяқтық қылмысымен 219 тұлға ұсталып, 393 қылмыстық іске шешім қабылданған. Облыс көлемінде 89 қылмыскерге іздеу жарияланып, оның 55-і ұсталған. Қалған қылмыскерлерді ұстау бағытында жедел жұмыстар ұйымдастырылып, бағыт-бағдар берілді. Есепті мерзімде 108 хабар-ошарсыз кеткендердің 62-нің жүрген жерлері анықталып, үйлеріне қайтарылды,– дейді ОПД бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Сақтықта қорлық жоқ. Бейтаныс нөмір хабарласып, «телефоныңызға смс-код барады, соны маған қазір айтыңыз» деп мазаласа, stop! Дәл осы сәтке жеткенде телефон тұтқасын тастай салыңыз. Қателікке бой алдырып, өзге білмеуі тиіс өзіңіздің жеке мәліметіңізді жариялап қоймаңыз. Бұл – өрескел қателік. Жеке деректеріңіз бен мәліметтеріңізге мұқият болып, әркез назарда ұстасаңыз, алаяққа алданбасыңыз анық!

Жасөспірімдердің тәртібі назарда

Жасөспірімдерді түнгі уақытта тентіретіп қою тыйылмай тұр. 18 жасқа толмаған балалар беймезгіл уақытта бұрыш-бұрышта білгенін істеп жүр. Ал, ата-аналары одан бейхабар. Өткен жылы жасөспірімдердің қатысуымен 54 қылмыс тіркеліп, 68 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 23-і мектеп оқушысы, 38-і колледж студенті, 7-уі жұмыссыз. 7427 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 5663 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілік арқалады.

–       Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 131 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 10 сатушы анықталды. Полиция есебіне 175 жасөспірім, 119 қолайсыз отбасы алынды. Алдын алу мақсатында «Жасөспірім»,«Түнгі қаладағы балалар»,«Бала-Заң-Қауіпсіздік», «Мектеп», «Маргинал», «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шаралары мен «Мен және менің полицейім»,«Абайлаңыз балалар» атты акциялары өткізілді, – дейді мамандар.

Иә, байқағанымыз беймезгіл уақытта жүрген өрімдей өрендердің өмірлері әр түрлі өрілген. Бірі тәртіпке бағынғысы келмейді. Енді бірі бұл талапты білмегеннен түнделетіп жүр. Алайда, олардың ата-аналары бағыт-бағдар беріп, баланың қадамын бақылап отырса, мұндай жағдай болмас еді. Сондықтан ең алдымен балаға бақылау, содан соң сақтық керек.

Есірткі де ескеріліп, қылмыстың беті ашылды

Нашақорлықтың да жолын кесу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде 63 азамат өсірумен айналысса, 20-сы сату бойынша қолға түскен. Сондай ақ, 21-і тұрғын жаайында аса ірі көлемде сақтаса, біреуі жарнама жасаған. Ал, қалған 106-сы түрлі әрекеттері мен теріс қылықтары үшін жауапқа тартылған. Жалпы, 2023 жылы айналымнан 108 грамм «мефедрон», «ПиВиПи» синтетикалық есірткі заты тәркіленген. Сондай-ақ, 2 тонна 280 кг. есірткі заты алынған, оның ішінде 92 кг. марихуана. Есірткі қылмысын жасағаны үшін барлығы 154 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Түйін. Атқарылған жұмыстар ауқымды. Түрлі қылмыстың тіні ағытылған. Полиция қызметкерлерінің жауапкершілігі жыл өткен сайын күшейіп келеді. Себебі, басты мақсат – қоғам тыныштығын қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сыр сақшылары бұл ретте өз міндетін мүлтіксіз орындап келеді. Ал, отбасы, қоғам әлі толық дайын емес. Себебі, жоғарыдағы қылмыстар оны анық айқындап тұр…

 

Фото: cz.sputniknews.com

Тағы да оқыңыз: