Kyzylorda-news.kz Сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтың бірі. Себебі қарапайым халықтың сот пен судьяға деген сенімі билік пен мемлекетке деген сеніммен бірдей. Би – түзу, билік – әділ болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еркін елдің ертеңін адам құқығының қорғалуы және заң үстемдігімен байланыстырады. Әлбетте бұған Ата заң кепіл. 

Осы орайда Жалағаш аудандық сотында БАҚ өкілдерінің қатысуымен биыл 9 айдың жұмыс қорытындысы, заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына Жалағаш аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев және аудандық сот қызметкерлері, құқық қорғау саласының мамандары, жергілікті өңірлік «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшілері қатысты. Жиын барысында аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев биыл атқарылған жұмыс жайлы баяндады.

Төрағаның айтуынша, аталған мерзімде аудандық сотта барлығы 853 іс, нақтырақ тоқталсақ, азаматтық 403, әкімшілік 3, қылмыстық 44, әкімшілік құқық бұзушылық 403 іс қаралған. Аяқталған 403 азаматтық іс бойынша 28 сот бұйрығы, 221 шешім шығарылса, 112 іс тоқтатылған, Ал 38 іс қараусыз қалдырылып, 4 іс басқа соттың қарауына жолданған. Тоқтатылған азаматтық істерге қатысты медиация бойынша 110, оның ішінде сотқа дейінге хаттама негізінде 83 іс қаралған. Азаматтық істер бойынша ең көп қаралған даулар шарт бойынша міндеттемеден туындаған дау-лар 234, неке бұзу 45, кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы талаптар 27, заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы арыздар 24, әкімшілік істер бойынша 2 іс медиация тәртібімен тоқталған, 1 іс қанағаттандырудан бас тартылған.

– Қылмыстық істер бойынша 44 іс аяқталса, үкім шығару арқылы 27 іс, сондай-ақ 11-і тоқтатылды. Медиация тәртібімен 8-і татуласты, соттылығы бойынша 6 іс жолданып, 30 азамат сотталды. Оларға тағайындалған жаза түрлері бойынша 5 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, 18-інің бас бостандығын шектеу, 4-еуін бас бостанды¬ғынан айыру, 2 азаматқа айыппұл салынып , 1 азаматқа шартты жаза тағайындалды. Аяқталған істердің санаттарына тоқталсам, онша ауыр емес санаттағы қылмыс – 9, ауырлығы орташа қылмыс – 6, ауыр қылмыс – 14, теріс қылық санатындағы қылмыс – 15. Аяқталған  қылмыстық істердің ең көп қаралған қылмыс санаты бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 бабы, мал ұрлығы бойынша 1 іс қаралды, ҚК-нің 188-бабы, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру 10 іс, ұсақ-түйек жымқыру 3 іс, есірткі затын заңсыз егу, тасымалдау санатында 11 іс назарға алынды. Алаяқтық бойынша 3 іс қаралып, аяқталды.

Жалпы жаза тағайындалғандары бойынша айыппұл 123, ескерту 20, қамаққа алу 43, көлік құралын басқару құқығынан айыру 2, көлік құралын басқару құқығынан айыру қосымша жаза ретінде 7 адамға қолданылған. Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты бойынша жеке бастың құқықтарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды ұрып соғу бойынша 75 іс қаралған.

Баспасөз конференциясын қорытындылаған сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын айтып, баспасөз конференциясына қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

 

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: