Kyzylorda-news.kz Талапкер тұрғын үй комиссиясының шешімін және біржолғы тұрғын үй төлемін беруден бас тартуын заңсыз деп тану туралы сотқа әкімшілік талаппен жүгінген. Бұл туралы Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Талап қоюшы өзінің талап қоюында мемлекеттік органда 20 жылдан астам уақыт үздіксіз қызмет еткенін, мемлекетпен берілген тұрғын үй төлемдерін алу түріндегі кепілдіктерді пайдаланбағанын, сонымен бірге, тұрғын үйдің біржолғы төлеміне өтініш бергенін, алайда, мемлекеттік орган оны төлеуге негіз жоқ деп жауап бергенін көрсеткен.

Сот аталған істің мән-жайын мұқият зерделеді.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 101-5-бабының 1), 3) тармақшаларына сай, тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу, бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу мақсаттарында қолданады.

Талап қоюшы банктік заем шарты негізінде пәтер алып, оны өтеу мерзімі 2027 жылға дейін белгіленген. Аталған пәтер тұрғын үй құрылыс жинақтарының кепіл шарты негізінде кепілге қойылған.

Сонымен бірге, біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындау туралы өтінішті мемлекеттік орган басшысы емес, тұрғын үй комиссиясы қарауы тиіс еді. Бұл жағдайда өтініш дұрыс органмен қаралмағаны анықталды.

Аталған жайттарды ескере отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз бар деп тапты.

Сот шешімімен мемлекеттік органның тұрғын үй комиссиясының талап қоюшыға қатысты тұрғын үй төлемдерін жүргізуден бас тарту туралы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімінің күші жойылып, талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру мемлекеттік органға міндеттелді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: