Kyzylorda-news.kz «Кімді қандай тақырып қызықтырады?» деп сауал тастады болашақ журналистерді бағыттаушы ұстаз.

Облыстың түкпір-түкпірінен келіп, қаланың қызығына ене алмай, сырттай ғана тамашалап отырған «балмұздақтардың» көбі бұл сұраққа тосырқай қарады. Журналист боламын деген асқақ арман олардың қаламдарынан туған тырнақалды туындыларын газет беттерінде жарық көруіне әкелген. Олардың дені «Менің Отаным», «Менің отбасым», «Кім болғым келеді?» деген тәрізді шығармалардан бастау алатын. Тіпті, кейбірінің ақындық қабілетін сынап, бірлі-жарым шумақты шимайлаған. Олар әлі кәсіби журналистиканың не екенін де біле бермейтін. Олардың ойынша, журналист – теледидарда жарқырап отырған диктор ғана. Көпшілігі журналистика атты ауқымды саланың ішінде сан түрлі тарау барын да білмейтін. Барлығы десек те болғандай... Кенет алдыңғы партада отырған қара қыз «Маған детектив жазған ұнайды» деді тақылдап. Көпшілігі оның не екеніне де бойлаған жоқ. Бірақ әлгі пысық қыз детективтің не екенін, оны қалай жазатынын, тіпті өзінің де осы бағыттағы бірнеше әңгімесі бар екенін жеткізді. Ол уақытта сол бойжеткенге журналистикадан емес, сот саласынан нан бұйыратынын ешкім білмеген еді... Әңгіме жаңадан құрылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Айжан Ысқақова жайында.

Оның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына да он жылдан асып барады. Осы жылдар ішінде ол Қызылорда облыстық сотының республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуына, сот жұмысын көпшілікке насихаттауға айтарлықтай үлес қосып, баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Осы бағытта өзін дәлелдеуге, білімін шыңдауға бар уақытын жұмсады.

– Менің өмірде ұстаздарым көп. Өйткені айналамдағы жандардан үнемі бірнәрсе үйренгім келіп тұрады. Заманның көші деген бар, осы бір сәттерде тоқтауға, аялдауға болмайды. Өзіңді дамытуың керек, біліміңді жетілдіруің керек. Тәжірибеңді арттыра түспесең, сенен кейінгі озып кетеді. Ал өзіңді мықты санап, болдым, толдым деген күнің – өшкен күнің. Менің ұстанымымда іздену, білім алу, дамуыңды тоқтатпау – сені биікке шығаратын төте жол, – дейді Айжан Мұқтарқызы.

Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығына қабылданды. Бірақ оның ішкі арманы мен мақсаты басқа еді... Бала күнінен заңгер болуды армандайтын. Дегенмен бала арманы маза бермеген ол 2020 жылы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтын құқықтану мамандығы бойынша оқып, құқық бакалавры дәрежесін иеленді.

– Әріптесіміздің ойға алған істі орындамай тынбайтынын, тынымсыз ізденіс нәтижеге жеткізетінін жұмыс барысында сан мәрте көріп жүрміз. Оның бойындағы адами асыл қасиеттерге қанықпыз. Кәсіби шеберлігін де әркез үздіктер қатарында байқатып жүр. Сот төрелігі дегенде көз алдымызға сот билігін жүзеге асыратын, сот актілерін шығаратын судьялар елестейтіні рас. Дегенмен оның сыртында көзге көріне бермейтін мамандардың орасан жұмысы барын жоққа шығара алмаймыз.

Міне, Айжанның да осы қатардан көрініп жүргені қуантады. Алдына айқын мақсат қоя алады, ойлаған межелі мақсатына міндетті түрде жетеді. Біздің салада осындай мақсатшыл, мамандығын жоғары бағалайтын, шын жақсы көретін Айжан Мұқтарқызындай мамандар жұмыс істейтініне қуанамыз. Олар – біздің саланың жүрегі, – дейді әріптестері.

Ол 22 жасында Қызылорда облыстық сотына іс тіркеуші болып жұмысқа орналасты. Қызметтің алғашқы күнінен бастап сот саласында жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті қажет ететінін жақсы түсінді. Содан бері сырт көзге қарапайым әрі оңай болып көрінетін жұмыстың өзіндік қиындықтары мен сот процестерін ұйымдастыру, дайындау сатыларынан абыроймен өтуде. Біліктілігі мен кәсібилігінің арқасында судьяның уақытты тиімді пайлаланып, өнімді жұмыс істеуіне ықпал етіп келеді.

Мақсаты биік Айжанның сот жүйесіндегі тындырымды еңбегі лайықты бағаланып, Судьялар одағы кеңесі хатшысының Алғыс хатымен, Қызылорда облыстық соты төрағасының, сот департаменті басшысының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет еңбек тәртібін бұзған емес. Айжан – жан-жақты. Өзін үнемі білікті маман, сүйікті жар, ұл-қыз өсіріп отырған ана ретінде көрсетіп келеді. Жаңашылдыққа жаны құмар Айжан білімін үздіксіз жетілдіріп отырған адам ғана биікке ұмтылады деп есептейді.

– Жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алып жүріп, екеуінен де биік шыңды бағындыру үшін, әрине, ең әуелі өмірлік жарыңның түсінгені маңызды. Екеуіміздің бір-бірімізді қолданудың нәтижесінде осындай биіктерді еңсеріп жүрмін. Адам тұлға ретінде өзін дамытуды тоқтатпау керек. Ал бұл ретте азаматыңның пікірі мен қолдауы қажет, – дейді білікті маман.

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, маңдай терін төгетін әрбір тұлға мінсіз болу керек. Өйткені ол – осы елдің айнасы. Әрбір ісі «қыздың жиған жүгіндей» болып, халықтың көңіл сарайынан орын алған Айжан осы талаптың биігін әлдеқашан бағындырған.

Д.ҚЫРДАН

Тағы да оқыңыз: