Kyzylorda-news.kz 2024 жылы Қызылорда облысының соттарына 22733 талап қою түскен. Талап қоюлардың басым көпшілігі неке және отбасы дауы, жер дауы, залал өндіру санаттары бойынша. Республикада азаматтық істер бойынша медиация қолдану бойынша көрсеткіші 43,1 құраса, Қызылорда облысында 40%, бұл деңгейдің төмендегенін көрсетеді.
Бұл туралы Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Светлана Жуынтаева баяндады.
– Дау мұраты – біту. Алайда, сотқа келген тараптар өзара ымыраға келіп, дауды татуластыру жолымен аяқтауға онша ынта таныта қоймайды. Мұның өздері үшін де тиімсіз екенін түсіну қажет. Себебі, сот шешімінің орындалу барысында қиындықтар кездеседі, тіптен орындалмай қалуы да мүмкін. Өзгерістер де орын алуы ғажап емес. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап, елордада үш дербес кассациялық сот жұмыс істейді. Азаматтық істерді қарайтын кассациялық сотқа сот шешімі заңды күшіне енген соң алты ай ішінде кассациялық шағым беріледі. Кассациялық соттарда 2027 жылдың 1 шілдесінедейін жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000есептік көрсеткішке дейінгі, заңды тұлғалар үшін 30000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі істер қаралады. 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл ерекшеліктер алынып тасталып, азаматтық істердің барлығы кассациялық соттарда қарауға жатады,- деді Светлана Нағашыбайқызы.
Қылмыстық істерді қарау сапасы 2023 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға жақсарған.
– Өткен жылы аппеляция, кассация сатысында күші жойылып, өзгертілгендер 4,9 пайызды құрайды, республикалық көрсеткіш - 5,9 пайыз болатын болса, 2023 жылы апелляция, кассация сатысында күші жойылып, өзгертілгендер 6,6 пайызды құраған. Ақтау үкімдеріне тоқтала кетсек. 2023 жылы 9 ақтау үкімі болды. 2024 жылы ақтау үкімі 5 адамды құрап отыр. Яғни, ақтау үкімінің біршама азайғанын айтуға негіз бар,- деді Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Бекжанов.
Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының сот төрелігін жүргізу сапасын көтеруге жұмыс жүргізілмек.
– Біркелкі сот практикасының сақталуын қамтамасыз етіп, талаптардың негізсіз қайтарылуын болдырмауға жұмыс істейтін боламыз. Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен жұмыс жалғасатын болады - деді облыстық соттың судьясы Шолпан Маликова.
Фото: Нұрболат Нұржаубай