2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді.
Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы, С.Өтегенов жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету екенін айтты.
Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, «кіру» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ, олардың жұбайлары табыс етті.
Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары адам табыс етті.
Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.
Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады.
Маманның мәлімдеуінше, үшінші кезең шеңберінде 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.
Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайтындықтан, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды (АК 43-бабының 3-тармағы).
Сондай-ақ, 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды.
Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет?
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі.
Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) ұсынылады. Онда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ, оларды иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың көздері көрсетіледі.
Декларацияны ұсыну тәсілдері мен мерзімі?
Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk Bank, CenterCredit, Kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
Фото: halyq-uni.kz