Kyzylorda-news.kz  Несін жасырамыз, шамалы жел тұрса жарықтың сөніп қалатыны бар. Әкімдер халықпен кездескен сайын осы мәселе айтылып келеді. Шиелі ауданында осы мәселеге назар аударылып, атқарылған жұмыстар бар екен.

Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн теңге бөлінсе, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылып жатыр.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге қаралды.

Жалпы қай жағынан алсақ та Шиеліде атқарылып жатқан жемісті жұмыс бар. Мысалы, Шиелі ауданының бюджеті 15,8 млрд теңгеге жеткен. Мамандар бұл ауқымды қаражат халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалуда дейді. 

Биыл Шиелі ауданында бірқатар инфрақұрылымдық жоба қолға алынбақ. Атап айтсақ,  3 млрд 250 мың теңгеге 21 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолы орташа жөнделеді. Аудандық маңызы бар «Шиелі-Қодаманов» жолындағы көпірді күрделі жөндеуге 311 млн теңге бөлініп, жұмыс жоспар бойынша жүруде.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі қарсаңында Шиелі ауданының Бестам, Телікөл ауылдарына табиғи газ берілді. Күні кешеАлмалы, Ақтоған ауылдарына газ қосылды.

 Фото: gov.kz

Тағы да оқыңыз: