Kyzylorda-news.kz  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шиелі ауданында ауыл тұрғындарымен көшпелі жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындарына Конституциялық реформа жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері туралы кең көлемде ақпарат берілді.

Конституциялық реформа туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде аталған өзгерістердің қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Көшпелі кездесу Тартоғай ауылдық клубында өтіп, Тартоғай, Сұлутөбе, Майлытоғай және Қоғалы ауылдарының тұрғындарын қамтыды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен аудандық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары,аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаев, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің Шиелі аудандық бөлімше бастығы Асқар Баймаханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, олардың көтерген әлеуметтік, құқықтық, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелеріне назар аударып, әрбір өтініш бойынша нақты түсіндірмелер берді.

Аудан басшысы көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алып, оларды шешу бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен қаралып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.

Тағы да оқыңыз: