Kyzylorda-news.kz ҚР ҚМ МКК Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елеманов «AMANAT» партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға қатысқан азаматтар табыс салығын есептеу, банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тақырыптарын қозғады.
Келесі жылы Салық Кодексіне өзгерістер енгізілуі күтілуде. Оңайлатылған салық декларациясы және басқа да режимдер біріктіріліп бөлшек салықтың арнаулы салық режимі негізінде жұмыс жасау көзделуде. Қосымша құн салығы мен жылдық шекті табыс көлеміне өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Осыған сәйкес жеке кәсіпкерлердің ҚҚС-ның жылдық шекті табысынан асып кетпеуін болдырмау мақсатында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану керектігі ескертілді.
Қолданыстағы Заңға сәйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану талаптарына сәйкес жалпы қарызы 6 291 мың тг (1600 АЕК) асу қажет. Сонымен қатар, енгізілген өзгерістерге сәйкес 12 ай борышты өтемеу мерзімі алынып тасталды.
Банкроттық рәсім бойынша тұрғынға заңдылықтар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Банкроттыққа өтудің алғышарттары мен қажетті құжаттар тізімі айтылды. Сонымен қатар, банкроттыққа өтудің салдары туралы, оның ішінде, 5 жыл көлемінде еш бір несие алуға мүмкіндігі болмайтыны жеткізілді.
Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындарға тегін кеңестер беріліп, қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша оқыту ұйымдастырылады. Жоба аясында оқуға қатысу үшін партия филиалдарына хабарласып немесе жолығып, тіркеуден өтуге болатындығын назарға саламыз.
Фото: Нұрболат Нұржаубай