Kyzylorda-news.kz Чернобыльдегі апаттан кейін оны залалсыздандыруға қатысқандардың бірі – Қалжан ахун ауылының тумасы Рүстем Тасқынбаев. Осыдан 38 жыл бұрын дүниежүзін дүр сілкіндірген апат жайында қашама ақпарат болса, соның әрқайсысынан тың деректі анықтауға болады. Мәселен, осы уақыт аралығында тарихи оқиғаға қанша қазақстандық қатысқаны туралы нақты деректің жоқ екені айтылды.

Бірақ ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінде Чернобыль апатына арналған «Чернобыльдің тірі қалқаны» атты көрмені ашқан Чернобыль ардагері, «Өлі қаланың тірі куәгерлері» атты кітаптың авторы Марат Жүніс-Бек: «Апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін», – дейді. Бұл дерек жайында медицина қызметінің полковнигі, зейнеткер Жақсымбет Көпбаев былай дейді: «Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31743 қазақстандық тіркелген». Осынша қазақстандықтың арасында Сыр елінен аттанғандардың қатарында тереңөзектіктер де бар. Олардың арасында әскери борышын өтеп келгендер мен енді ғана әскерге алынғандар да болған.

Сырдариялық Чернобыль ардагері Рүстем Сүйеубайұлы 1987 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы Қызылорда қаласынан Украина еліне 75 азаматтың бір күнде аттанғанын айтады.

– Биыл 61 жастамын. Қалжан ахун ауылында туып-өсіп, еңбек еттім. Сегізінші сыныптан соң техникумда теміржолшының оқуын оқығаныммен, мамандығым бойынша жұмыс істемедім. 18 жасымда Отан алдындағы борышымды өтеуге Балқашқа, Приозерскіге құрылыс батальонына аттандым. Әскери міндетімді өтеу кезінде кәсіби мамандық алуыма мүмкіндік алдым. Электрик болдым. Ауылға оралған соң отбасылы болдым, екі балам дүниеге келді. 1987 жылы әскери комиссариаттың шақыртуымен Украина жерінде орын алған апат орнын залалсыздандыруға аттандық. Әлі есімде 1987 жылы 2 тамыз күні пойызбен 4-5 күн жүріп, Украинаның Иванково облысы Хачева селосына келіп түстік. Қызылордадан бірге аттанған жерлестерімнің барлығын бөліп жан-жаққа жіберді, – дейді байырғы жауын­гер Рүстем Тасқынбаев.

Арнаулы іссапар кезінде апат зардабын жоюға қатысқан жауынгерлер түрлі міндеттерін атқарған. Кейіпкеріміз атом электр станциясы жарылған Чернобыль қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан бетон зауытында вахталық әдіспен жұмыс істеген. Электрик мамандығы бойынша 100 күнде 3 вахтаға барып, әскери борышын өтеген. Ірі өндіріс орны зауытта кезекші электрик болып қызмет атқарған азамат «сол кездегі жағдайды көзбен көрудің өзі қорқынышты» дейді.

«Радиация көзге көрінбейді, иісі сезілмейді, оның зардабы адамның ағзасына түскенде білінеді. Дәрігерлер әрбір вахта сайын радиация мөлшерін тексеріп тұрды. Радиацияның қаншалықты зиянды екенін оқушы кезімізден білетінбіз. Радиоактивтік сәуле адамның ағзасына ауа арқылы ешқандай кедергісіз кіре береді. Одан қорғану мен ағзаны тазалаудың ешқандай амалы жоқ. Ең өкініштісі, адам өзінің сәулеленгенін сезбейтінінде. Сәуленің артық мөлшері ең алдымен тыныс алу, тері, көз т.б. ауруларға әкеледі. Сондықтан жауынгерлерді апат зардабын жою жұмыстарына ұзақ уақыт қалдырмайтын. Бір­қатар қазақстандық жауынгерлер 1987 жылы 12 қарашада Қорғаныс Министірінің бұйрығымен елге қайтарылды. Бұйрықта 25 жасқа толмаған және үйленбеген жауынгерлердің қайтарылуы туралы айтылған еді. Мен де сол тізіммен елге қайтуға мүмкіндік алдым» дейді бүгінде алпысты алқымдаған ел ағасы.

100 күн бойы жауынгерлік міндетін атқарған Рүстем Сүйеубайұлы туған елге оралған соң шаруашылықта, әр жылдары мұнай компанияларында еңбек етті. 2000 жылдан бері 3-топ мүгедегі ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Жыл сайын еліміздегі емдеу орындарына барып, емделеді.

– Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болды. Анам Файруза – татардың қызы. Куйбышевта авиация зауытында тылда еңбек еткен. Әкеммен жарасымды өмір сүріп, он баланы дүниеге әкелді. Соңымнан ерген қарындасым бар. Әкем 75 жасында 1990 жылы дүние салды. 2001 жылы анам өмірден өтті. Әкемнің берген тәрбиесімен бауырмал, еңбек­қор болдық. Ұл-қыздарымызды өсір­дік. Жұбайым Гүлсіммен екі қыз, бір ұл сүйдік. Немерелеріміз бар. Соңғы екі жыл көлемінде жұмысты қойдым. Есік адындағы бақшаға күтім жасаймын. Азын аулақ малға қараймын. Бізді соғыс ардагерлеріне теңестірді. Мемлекеттен берілетін түрлі жеңілдіктер бар. Емделуге жыл сайын шипажайға жолдама береді. Чернобыльде болған апат ешқашан қайталанбасын. 38 жыл өтсе де, апат орын алған жер әлі жабулы тұр. Жастарымыз бейбіт аспан астында өмір сүрсін. Әлемде орын алып жатқан нәубеттің бетін әрмен қылсын, – дейді ардақты азамат.

Тағы да оқыңыз: