Kyzylorda-news.kz Облыстық прокуратураның бастамасымен түрлі қылмыстың алдын алу бағытында прокуратура, полиция және пробация қызметкерлерінен құралған арнайы топтар құрылды. Сондай-ақ қылмысқа бейім тұлғалардың тәуекел тобы анықталып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қадағалау сапасы артып, прокурордың құқық қорғау рөлі күшейтілді.
Прокурорлық сүзгіден үш жарым мыңдай шешім өткізіліп, 152 заңсыз шешімдердің қабылдануына жол берілмеді. Тергеп тексеру мерзімі бұзылған істер 20%-ға азайды. Бұл алты айда атқарылған жұмыстың тең жартысы ғана. Саладағы соны серпілістерді Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндап берді.
– Өздеріңізге белгілі, облысымызда Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 3 мекеме орналасқан. Онда ахуал тұрақты, жаппай тәртіпсіздік фактілері орын алмаған. Осы мекемелерде барлық соқыр аймақтар жойылып, бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Жергілікті бюджеттен ұялы байланысты бұғаттау құралдарын сатып алуға 200 млн. теңге бөлінуіне қол жеткізілді. Қазірдің өзінде бұл құрылғы ақша қаражаттарының онлайн-транзакциясын бұғаттауда өзінің оңды нәтижесін көрсетуде. Қоғамдық мүдделерді қорғау бағытында халықтың өзекті мәселелері мен аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына басты назар аударылды. Осы ретте 211 тексеріс жүргізіліп, заңдылықты бұзушылықтарды жоюға бағытталған 310 қадағалау актісі енгізілді, - деді Ризабек Кәрімұлы.
Сондай-ақ өңірімізде прокуратураның бастамасымен «Смарт-білезік» жобасы пилотты режимде іске асырылуда. Жаңа жобаның негізі міндеті - сотталғандар мен күдіктілерді бақылау процесін цифрландыру болып табылады. Облыс прокуроры жобаның жұмысын таныстырып өтті. – Білезіктер мен бағдарлама отандық өндірушімен смарт-сағат ретінде әзірленіп, ол биометриялық деректерді оқу, геолокацияны дәл көрсету, білезікті шешу немесе бүлдіру туралы хабарлама жіберу және білезікті бүлдіруден қорғау функцияларымен қамтылған. Алдын ала есептеулер бойынша 1,2 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге болады. Қазіргі таңда қылмыстық қудалау және қылмыстық атқару органдары 299 «Смарт-білезікті» пайдалануда. Осы жобаны іске асыру үшін мүдделі органдармен өзара жұмыс топтары құрылып, арнайы мобильді қосымша әзірленді,- деді өз сөзінде Ризабек Кәрімұлы.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі