Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық  пробация қызметінде 500-ден астам  сотталған азамат есепте тұрады. Пробациялық бақылау белгіленген жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа тұрғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Атап айтар болсақ, жыл басынан бері есепте тұрған жұмыссыз 42 сотталған  квотамен жұмысқа тұрғызылған.

Қалалық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Фариза Сембаеваның айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің  қаулысымен жұмыс орындарына 42 квота белгіленген. 

"Пробация есебіндегі 42 сотталған жұмысқа тұрғызылып, квотаны жүз пайызға орындадық. Сонымен қоса,  квотадан бөлек тағы 3 сотталған азаматты жұмысқа орналастырдық. Қазіргі таңда олар жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ сотталғандар арасында өз кәсібін ашқандар да бар. Жыл басынан бері 12 азамат мемлекеттен қайтарымсыз қаражат ұтып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Есептегі тұлғаларға әлеуметтік, құқықтық басқа да көмектер ұдайы көрсетіледі. Жалпы пробация есебіндегі сотталғандар қызметкерлер тарапынан әрдайым бақылауда болады. Қызметкерлер есептегі әрбір азаматтың тұрғылықты мекен-жайынан күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп, заңбұзушылыққа қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, –  деді әділет майоры Фариза Сембаева.

Тағы да оқыңыз: