Kyzylorda-news.kz  Кеше аудандық мәдениет үйінде Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай салтанатты шара шымылдық түрді.

Ішкі істер қызметкерлерінің қажырлы еңбегін ел қашанда жоғары бағалайды. Себебі уақытпен санаспай, қоғам тыныштығы үшін қызмет ететін олардың еңбектері ел өміріндегі түрлі жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздікті қатаң сақтауда үлкен маңызға ие. Бұл жолы тәртіп сақшыларына көрсетілген құрмет көпшіліктің алғысы іспеттес десек артық айтқандық емес.

Полиция қызметкерлерінің қоғаммен тығыз байланысын, заң мен тәртіптің орындалуын ұдайы бақылауда ұстайтын олардың өмірі бейнеленген бейнеролик шараға келген қонақтардың көңіліне ерекше жылылық сыйлағандай.

Мазмұнды шараға қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев полиция қызметкерлеріне ізгі лебізін жеткізді.

– Құрметті Полиция қызметкерлері. Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын! Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі. Біз әрбір ішкі істер қызметкерлерінің қажырлы еңбегін қашанда жоғары бағалаймыз. Уақытпен санаспай, қоғам тыныштығы үшін қызмет ететін Сіздердің еңбектеріңіз ел өміріндегі түрлі жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздікті қатаң сақтауларыңыз арқылы әркез жоғары бағаланып келеді. Заң мен тәртіпті қатаң басшылыққа алып, антқа деген адалдықты, рух беріктігі мен асқан жауапкершілікті сезініп жүрген полиция қызметкерлері әр уақытта дараланып, елден лайықты бағасын алуда. бағалаймын. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атақты абыройды арқалап, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін! Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрқашан табысты болсын, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Салтанатты кеште аудандық Полиция бөлімінің басшысы Н.Әлтай әріптестеріне ізгі тілегін арнап, мерекемен құттықтады.

Мерекелік шарада заң мен тәртіпті қатаң сақтап, елге адал қызмет етіп жүрген бір топ полиция қызметкерлері облыс, аудан әкімдерінің, салалық министрлік, басқарма және бөлімнің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Елге қызмет етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлернің мерейін тасытқан мерекелік шара одан әрі тәртіп сақшылары және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Фото: Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: