Kyzylorda-news.kz Қазір қоғамда мінберден түспей жүрген мәселе көп. Соның өзектісі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық. Ашығын айтқанда, топтық төбелес. Кезінде үлкендер арасында тыныш қана шешілетін кикілжіңнің бүгінде жұрнағы жастар арасында үлкен дауға айналып барады. Аймаққа бөлініп, топтасып төбелесетін жастардың ісі қылмыс дәрежесіне жетіп отыр.

Осыған орай Жосалы кенті әкімшілігінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алу бағытында мәжіліс өтті. Оған арнайы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшадин Амитов қатысты. Жиынды Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Смағұлов жүргізіп, мәжілісте көтеріліп отырған мәселенің талқыланатынын жеткізді. Сондай-ақ алғашқы сөз кезегін Шамшадин Егенбердіұлына берді.

Құзырлы органның өкілі аймақта тыйылмай тұрған жастар арасындағы топтық төбелестің қоғамға кері әсерін тигізіп жатқанын, жаға жыртысудың арты қайғылы жағдайға дейін баратынын сөз етті. Осыған тосқауыл ретінде құқық бұзушылық профилактикасы бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттілігін көтерді.

Бүгінде бозбалалық қателіктің салдарынан қаншама жастың сал болып, қаншама ананың баласынан айырылып жатқанын көз көріп жүр. Бет көгеріп, жаға жыртылса бір жөн, бірақ кей төбелестің арты өлімге дейін баратыны жүректі қынжылтады. Бұрындары ер мінезді қалыптастыру үшін намысты қолдан бермей, керек кезде ғана қарсылық көрсетіп, бірге-бір шығып жеке шекісетін. Әрине ол да мақтанарлық дүние емес. Қазір бұл төбелестің мәнісі кетті. Бір адамды жабыла жұдырықтау ол жігіттікке жатпас. Тіпті ақтауға сай келмейді. Мұны түсінетін бұзақы топтар тым аз. Жалған намысты арқалаған жастардың жаппай төбелесті қалыпты жағдай санағаны, қылмыстың белең алуына да сеп болуы содан. Кейде үлкендерінің айдап салуымен топ мүшелері төбелесті бастап, бұзақы әрекеттерге барады.

Жиынға аудан прокуроры, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары және ата-аналар қатысып, ашық пікір алмасты. Мәселе төңірегінде ұсыныс-пікірлер тыңдалып, басшылық тарап көтерілген жайтты назарға алды.

Тағы да оқыңыз: