Kyzylorda-news.kz Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс. Бұл қызылордалық полиция қызметкері, ұлты орыс Соболев Виталий Алексеевичтің ұстанымы.
Кейіпкеріміз қазақ тілін толық меңгерген, өз елінің патриоты. Виталий Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген азамат ұлтына қарамай мемлекеттік тілді білуі міндет деп есептейді. Өзі Украина Республикасында дүниеге келіп, бала жасында Қазақстанға көшіп келген. Қазақ тілін үйренуге ден қойып, сөйлесе жүріп өзінің сөздік қорын бірте-бірте көбейте бастайды. Абай өлеңдерін дауыстап оқып, тілін ұстарта түседі. Онымен қоймай, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен де етене таныс. Әкесі Алексей мұнай саласында бас маман, анасы Наталья ҚР қарулы күштерінде қызмет жасап, зейнет жасында.
– «Көптеген замандастарым қазақ тілін үйренуді қиынсынады. Оларға айтарым, қазақша үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, тек ынта-ықылас болса жеткілікті. Қазір біз өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне емес, керісінше, сөйлемегеніне таң қалуымыз керек. Тілді үйренетін уақыт жетті. Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс», – дейді Виталий бізбен әңгімесінде.
Виталий Алексеевич құқық қорғау саласында 15 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолы полиция батальонының саптық бөлімшесі полицей-жүргізушісінен бастаған ол қазіргі таңда, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция инспекторы, Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектепте оң жылдан астам учаскелік аға полиция инспекторы.
Қызметтік міндетін атқару барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан қазақтілді полицейдің жеткен жетістіктері де аз емес. Облыс, қала әкімдіктерінен, департамент, басқарма басшылығынан алған марапаттары мен жеткен жетістіктері еңбегінің жемісін айқындайды. Виталий белсенді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Спорттан өзге, ақпараттық технологияны жетік меңгерген Виталий жан-жақты.
Ұлты орыс болса да, рухы мен жаны қазақ оның еңбегін әріптестері жоғары бағалайды. Әсіресе, оқушылармен қарым-қатынаста тек полицей емес, кейде психолог кейде тіпті жастардың досы сынды тіл табысады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл қызметтің міндеттерін де адал атқарып жүрген батыл қызметкердерің жетістіктері – көпке үлгі.