Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде облыс прокурорының төрағалығымен жергілікті атқарушы органдардың қызметінде жүргізілген тексеру нәтижелері сараланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшылары мен жауапты тұлғалары, қала, аудан әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары саласындағы басқарма, бөлім басшылары қатысты.

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жер дауы. Осы орайда еліміздің жер саласында құқықтық қатынастарды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт - Жер кодексі 2003 жылы қабылданып, осы уақытқа дейін оған 149 өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Өз кезегінде мемлекеттік органдардың құзыреті мен бақылау функциялары жыл сайын күшейтіліп келеді. Алайда, бұл бағыттағы жүргізілген тексерулер жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі заңдылықты бұзушылықтарға жол берілгенін, олармен белгіленген міндеттерін орындамайтынын көрсетті.

Тексерулер нәтижесімен бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. 

Жер учаскесін табыстауда кезектілік тәртібі сақталмауынан бастап жерді жеке меншікке беру, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық мақсаттағы және бағбандық үшін жер учаскелерін табыстау барысындағы бұзушылықтар, мерзімі аяқталған жер учаскелерінің пайдалану мерзімін негізсіз ұзарту және басқа да заңсыздықтар. Одан бөлек қала, аудан әкімдіктерінде құрылған жер комиссияларының қызметіне де сын айтылды.

Алқа мәжілісі қорытындысымен облыс әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізіліп, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп іс-шара жоспары бекітілетін болады.

Сонымен қатар мәжіліс қорытындысы бойынша облыс прокуроры қала, аудан әкімдері мен уәкілетті органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.

Тағы да оқыңыз: